Қазақстан футболында тағы дау: Төреші 10 миллион теңге алды деген күдік бар
Қазақстан футболында төрешілерге ықпал етуі мүмкін деген күдікке байланысты жаңа дау туындады. Қазақстан футбол федерациясы Премьер-лиганың биылғы маусымындағы бірқатар матч пен төрешілердің әрекетіне қатысты ақпаратты тексеріп жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ақпаратқа сәйкес, бірнеше төреші полиграфтан өткен. Олар Қазақстан футбол федерациясының қауіпсіздік және адалдықты бақылау қызметі өкілдерінің сұрақтарына жауап берген.
Тексеру аясында Премьер-лиганың 17-турындағы матчтардың бірінен кейін төрешілердің бірі 10 миллион теңге алған болуы мүмкін деген ақпарат қаралып жатыр.
Әзірге төрешінің аты-жөні, нақты қай матч сөз болып отырғаны және ақша беруге қатысы болуы мүмкін клубтың атауы ресми түрде жарияланған жоқ.

ASnews.kz мәліметінше, төрешілерді полиграф арқылы тексеру жалғасады. Нәтижесіне қарай кейбір мамандарға футбол матчтарына төрелік етуге тыйым салынуы мүмкін.
Бір төреші жарыстардан шеттетілген
Бұған дейін Қазақстан футбол федерациясы клуб өкілдерінің төрешілерге заңсыз ықпал етуге әрекет жасауы мүмкін екені туралы деректер барын мәлімдеген еді.
Ішкі тексеруден кейін төрешілердің бірі жарыстарға қатысудан мерзімсіз шеттетілген. Алайда федерация оның аты-жөнін жариялаған жоқ.
Сондай-ақ ресми хабарламада болжамды сыйақының көлемі мен оның қандай жағдайда ұсынылғаны жөнінде нақты мәлімет айтылмады.
Тексеру жалғасып жатыр
Қазір федерация төрешілерге қысым көрсету, ақша ұсыну және матч нәтижесіне ықпал етуі мүмкін басқа да әрекеттерге қатысты ақпараттарды тексеріп жатыр.
Егер заңбұзушылық белгілері расталса, жиналған материалдар тиісті мемлекеттік органдарға берілуі мүмкін.
Еске салайық, бұған дейін “Астана” футбол клубына 5 жылда 39 миллиард теңге жұмсалғаны, ал клуб қаржылық мәселелеріне қатысты мәлімдеме жасағаны хабарланған еді.
Қазақстанда хиджабқа бола мектепті лицензиядан айыру дұрыс па: Заңгерлер не дейді?