Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Астана" футбол клубына 5 жылда 39 миллиард теңге жұмсалған: Клуб қаржылық мәселелеріне қатысты мәлімдеме жасады

Астана футбол клубы
Фото: Астана футбол клубы

"Астана" футбол клубы командадағы қаржылық мәселелердің реттелгенін мәлімдеді. Екі күн бұрын клуб футболшылар алдында қарызы бар екенін хабарлаған еді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Клуб мәліметінше, мәселелердің шешімін табуына туризм және спорт министірі, клуб құрылтайшыларының, сондай-ақ клубтың дамуы мен болашағына бейжай қарамайтын азаматтардың қолдауы ықпал еткен.

"Астана" футбол клубы соңғы уақытта клуб қызметінің тұрақтылығына әсер еткен қаржылық мәселелердің реттелгенін хабарлайды”,  – делінген ресми хабарламада. 

Клуб осы кезеңде қолдау көрсеткен, түсіністік танытып, клуб қызметінің тұрақты жалғасуына үлес қосқан барлық тараптарға алғыс білдірді.

Айта кетейік, 9 қыркүйекте клуб негізгі құрамдағы футболшылардың алдында қарызы бар екенін мәлімдеген еді. Бұл ақпарат ойыншылардың клуб басшылығына жолдаған ұжымдық хаты әлеуметтік желілерде жарияланғаннан кейін белгілі болды.

"Астана" клубының негізгі демеушісі Sport Qory қоры да клубты қаржыландыруға қатысты түсініктеме берді.

Қор мәліметінше, 2026 жылы клубқа 3 миллиард теңге көлемінде қайырымдылық көмек толық аударылған. Сонымен қатар еурокубоктарға қатысқаны үшін клуб УЕФА-дан шамамен 500 миллион теңге алған.

Жалпы, 2021–2026 жылдары қор желісі арқылы клубты дамытуға 32,7 миллиард теңге, ал УЕФА тарапынан шамамен 7 миллиард теңге бөлінген. Осылайша, 5 жылдық кезеңде клубқа барлығы 39,7 миллиард теңге бағытталған.

Қор бұл қаражат клубтың қызметін қамтамасыз етуге, оның ішінде футболшылар мен қызметкерлер алдындағы міндеттемелерін орындауға жұмсалатынын атап өтті.

Сонымен қатар қазір мемлекет тарапынан қосымша қаржы бөлу қарастырылмаған. Бұл кәсіби спортты қаржыландыру тәсілдерінің өзгеруіне байланысты. Жаңа саясат негізінен балалар мен жасөспірімдер спортын дамытуға, отандық спортшыларды даярлауға және тұрақты спорт резервін қалыптастыруға бағытталған. Легионерлерді ұстауға жұмсалатын шығындарды қаржыландыру көзделмеген.

Sport Qory жуырда клубтың жеке инвесторы пайда болатынын атап өтті.

Еске салсақ, 2025 жылдың желтоқсанында "Астана" футбол клубы жекенің қолына өтетіні туралы хабарланған еді.

Дана Русланқызы
Жұма, 11 Қыркүйек, 2026 21:54