Қазақстанда қаржы секторындағы кей басшылары айына 9 млн теңгеден аса жалақы алады
Ұлттық статистика бюросы Қазақстандағы қаржы секторының кейбір басшылары айына 9 миллион теңгеден астам жалақы алатынын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бюро дерегінше, биыл сәуірде сақтандыру және зейнетақымен қамсыздандыруды қоспағанда, қаржы делдалдығымен айналысатын ұйымда басқарма төрағаларының орташа жалақысы 9,85 миллион теңге болған.

Бұл қызметтегі әйелдердің орташа жалақысы 12,52 миллион теңгеге жетсе, ерлердікі 5,64 миллион теңге болған. Жалпы қаржы секторындағы басқарма төрағалары орта есеппен 9,13 миллион теңге, ал бас директорлар 6,65 миллион теңге жалақы алған.
Салыстыру үшін, Қазақстандағы қаржы және сақтандыру саласы қызметкерлерінің орташа жалақысы 1,02 миллион теңге болған. Демек, қаржы делдалдығымен айналысатын ұйымдардың басқарма төрағалары саладағы орташа көрсеткіштен 9,6 есе көп табыс тапқан.
Статистика сәуір айында толық жұмыс істеген қызметкерлерді қамтиды. Алайда бұл деректер нақты бір банктің басшысы қанша жалақы алатынын анықтауға мүмкіндік бермейді. Сонымен қатар көрсетілген сома — салықтар мен міндетті төлемдер ұсталғанға дейінгі есептелген жалақы, яғни қолға тиетін ақша емес.
Айта кетейік, бұған дейін Ұлттық статистика бюросы елдегі қызметкерлердің мамандықтары мен лауазымдары бойынша жалақы көрсеткіштерін жариялағаны туралы жазған едік.
"Байлықтың жарысы": Қазақстандықтар құдалыққа миллиондап ақша жұмсап, киіт кигізуге қарсы шықты