Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Air Astana компаниясының су жаңа Dreamliner-і АҚШ-та сынақтан өтті

Air Astana ұшақ
Фото: instagram.com/airastana

Air Astana компаниясының алғашқы Boeing 787-9 Dreamliner ұшағы АҚШ-тың Чарлстон қаласында зауыттық сынақтан өте бастады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Air Astana әуе компаниясы Boeing 787-9 Dreamliner ұшағы сынақтан өту барысында түсірілген суреттері мен видеосын жариялады. 

“Алғашқы Boeing 787-9 Dreamliner ұшағының Қазақстанға келгенін асыға күтіп жүрміз”, – деп жазды компания. 

Boeing 787 Dreamliner – алыс қашықтыққа халықаралық рейстер жасауға арналған үлкен ұшақ. Air Astana қазір пайдаланатын Airbus A320 және A321 ұшақтарынан айырмашылығы, оның салонында орындықтардың арасында бір емес, екі өткел бар. Салоны да кең, әрі ұзақ қашықтыққа ұша алады.

Air Astana таңдаған Boeing 787-9 ұшағы 303 жолаушыға есептелген. Boeing пен әуе компаниясы бұл ұшақтарды болашақта алыс қашықтыққа ұшатын әуе кемелері паркінің негізі ретінде қарастырып отыр. Олар қолданыстағы бағыттарда жолаушылар санын арттыруға және бұдан да алыс елдерге жаңа рейстер ашуға мүмкіндік береді. Атап айтқанда, өндіруші Air Astana бағыттарын Солтүстік Америкаға қарай кеңейту мүмкін екенін атап өткен.

Dreamliner ұшағының ерекшелігі тек көлемінде емес. Оның құрылымының салмағы бойынша шамамен жартысы дәстүрлі алюминийдің орнына заманауи композиттік материалдардан жасалған. Соның арқасында ұшақ жеңіл әрі отынды үнемді жұмсайды.

Boeing компаниясының мәліметінше, жаңа Dreamliner алдыңғы буындағы ұшақтарға қарағанда шамамен 25%ға аз отын тұтынады.

Бұған дейін Қазақстанда Boeing ұшақтарына қызмет көрсететін орталық ашылатыны туралы жазған едік. Шымкентте осы ұшақтарға техникалық қызмет көрсетіп, жөндейтін орталық ашылады.

 

Айым Болатқызы
Бейсенбі, 22 Қазан, 2026 11:35