Ұйқының қанбауы инфаркт пен инсульт қаупін арттырады: Дәрігер қауіпті әдеттерді атады
Түнгі ұйқының жүйелі түрде қанбауы атеросклероздың дамуын жеделдетеді. Соның салдарынан инфаркт пен инсульт сияқты қан тамырлары ауруларының қаупі айтарлықтай артады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Lenta.ru басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Жоғары санатты дәрігер-сомнолог Илья Смирновтың айтуынша, ұйқысы қанбайтын адамдарда салауатты өмір салтына қайшы келетін басқа да факторлар жиі кездеседі. Дегенмен ұйқының қанбауы қан тамырларының зақымдануын күшейтетін маңызды фактор саналады. Сондай-ақ созылмалы ұйқысыздықтың өзі де жүрек-қан тамырлары ауруларының қаупін арттырады, бірақ оның әсері ұйқының жүйелі түрде қанбауымен салыстырғанда біршама төмен.
Маман сомнологиядағы ең қауіпті жағдай – ұйқы кезіндегі обструктивті апноэ синдромы екенін атап өтті. Әсіресе, бұл синдром ауыр түрде өтіп, артық салмақпен қатар байқалған жағдайда қауіп күшейе түседі.
"Бұл жағдайда мынадай механизм жұмыс істейді: жоғарғы тыныс жолдары мезгіл-мезгіл тарылып немесе бітеліп қалатындықтан, ми мен ағзаға оттегі жетпей қалады. Ағза тұншығуды өмірге төнген қауіп ретінде қабылдап, қанға стресс гормондары – катехоламиндерді бөледі. Соның салдарынан қан тамырлары тарылып, қан қысымы күрт көтеріледі және зат алмасу процесінде елеулі бұзылыстар пайда болады. Ал апноэнің негізгі белгісі – тыныс алудың үзілуі және қатты қорыл. Адамдар бұл белгіні жылдар бойы елемей жүреді", – деді маман.
Смирнов ұйқыға жату уақытын үнемі кейінге қалдырудан бөлек, ұйықтау үшін алкоголь ішудің де қауіпті екенін айтты. Дәрігердің түсіндіруінше, ұйықтар алдында ішілген бір стақан алкогольдің өзі ұйқының қалыпты құрылымын бұзады, қорыл кезінде оттегі тапшылығын күшейтеді. Бұған қоса, алкоголь жүрек-қан тамырлары жүйесіне қосымша уытты әсер етеді.

Бұған дейін дәрігер демалыс күндері түске дейін ұйықтайтындарға ескерту жасаған еді. Ұйқы дәрігері Илья Смирнов толыққанды демалуға кедергі келтіретін әдеттерді атап, ұйқы режимін қалай реттеуге болатынын түсіндірді. Маманның айтуынша, сенбі мен жексенбі күндері түске дейін ұйықтау адамның қалыпты ұйқы режимін бұзады. Салдарынан адам өзін шаршаңқы сезініп, жексенбі күні кешке ұйықтап кетуі қиындайды.
Аспаннан ақша шашылса немесе көшеден ақша тауып алсаңыз, оны бірден иемденуге бола ма