Әйел ұйықтаудан жарысып, 6,3 миллион теңге ұтып алды
Жапонияда алғаш рет кімнің тез әрі терең ұйықтайтынын анықтайтын ерекше жарыс өтті. Байқауда қарсыластарынан жақсы ұйықтаған әйел 2,22 миллион иен (шамамен 6,3 миллион теңге) көлемінде ақшалай сыйлық жеңіп алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Newsonjapan.com-қа сілтеме жасап хабарлайды.
Ерекше жарыс 5 қазанда Токио қаласында ұйымдастырылды. Matt Race атты байқауға 20 мен 50 жас аралығындағы 75 адам қатысқан. Олардың әрқайсысына ұйықтау үшін 90 минут уақыт берілді.
Жарыс ережесіне сәйкес, қатысушылардың басына ми белсенділігін бақылайтын арнайы құрылғылар тағылған. Мамандар олардың қаншалық тез ұйықтағанын, ұйқысының тереңдігін және қаншалық тыныш әрі тұрақты ұйықтағанын бағалаған.
Байқауға қатысуға ниет білдіргендер көп болған. Әр орынға шамамен 800 адам таласқан.
Ұйымдастырушылар қатысушылардан жарыс алдында әдейі ұйықтамай жүрмеуді сұраған.
Нәтижесінде Suimii лақап атымен қатысқан әйел жеңімпаз атанды. Ол өзгелерге қарағанда тезірек ұйықтап, терең ұйқы көрсеткіші бойынша да үздік нәтиже тіркеген.
Айта кетейік, бас жүлденің 2,22 миллион иен болып белгіленуі кездейсоқ емес. Ұйымдастырушылар бұл соманы ұйқыны білдіретін “Zzz” таңбасымен байланыстырған. Ал екінші орын алған қатысушыға 220 мың иен (624 800 теңге) сыйақы қарастырылған.
Жарысты ұйымдастырған Koala Mattress компаниясы осылайша Жапониядағы ұйқының аздығына назар аударуды көздеген. Өйткені Жапония тұрғындары әлемдегі ең аз ұйықтайтын халықтардың бірі саналады. Компания өкілдерінің айтуынша, ел тұрғындары ұзақ жұмыс уақыты мен күнделікті тіршіліктің қамымен көбіне ұйқысын құрбан етеді.
