"Қадірін көтергісі келді": Мейрамбек Бесбаев домбырасының 15 миллион теңгеге сатылуына қатысты сынға жауап берді
Әнші Мейрамбек Бесбаев 50 жас мерейтойында домбырасының аукционға қойылып, 15 миллион теңгеге сатылуына қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Мерейтойда әншінің домбырасын жақындары 15 миллион теңгеге сатып алған еді. Осыдан кейін жұрт арасында “домбыраны сатты” деп сыни пікірлер жаза бастады.
Ал әнші аукционның мақсаты ақша жинау болмағанын айтты. Ол достарының бұл қадамға домбыраның қадірін көтеріп, кешті есте қаларлықтай өткізу үшін барғанын түсіндірді
“Қазақтар қосқанды жақсы көреміз ғой. “Бұл әртістер құтырған, әбден тойынған” деп. Жігіттер домбыраның қадірін көтергісі келді. Әйтпесе, сол ақшадан ақша алады дейсіңдер ме немесе домбыраны сатып, ақшасына мейрамхананың шығынын жауып алады дейсіңдер ме? Ондай жоқ. Негізі, шынымен де бере алатын мәрт жігіттер ғой. Тек қызық болсын, есте қалсын деп, домбыраның қадірін көтергісі келді”, – деді әнші.
Өнер иесі кеште екі домбыра болғанын атап өтіп, Айжан есімді келінінің таңдауына ризашылығын білдірді.
“Екі домбыра еді. Келініміз Айжан “Маған айфон керек емес, ұлылардың қолы қойылған домбыра керек” деп, оның қадірін одан сайын көтерді. Аман болыңыздар. Бәріңізге осы жігіттердің жолы жұғысты болсын”, – деді Мейрамбек Бесбаев.
Еске салайық, бұған дейін белгілі әнші Мейрамбек Бесбаев 50 жас мерейтойын өнердегі әріптестері мен жақындарының ортасында дүркіретіп атап өткені хабарланған еді. Тойға қазақ эстрадасының танымал жұлдыздары жиналып, ән мен жырдан шашу шашты.
Кеш барысында әнші кезінде белгілі өнер адамдары мен танымал тұлғалардың қолтаңбасын жинаған домбырасын саудаға қойған. Аспапты сатып алуға бірнеше қонақ ниет білдірді. Алдымен ақын Ақберен Елгезек 4 миллион 400 мың теңге ұсынған. Кейін баға біртіндеп өсе түсті. Әнші Тоқтар Серіков домбыраға 10 миллион теңге беруге дайын екенін айтты. Алайда бәссауда мұнымен аяқталған жоқ. Заттыбек Көпбосынұлы 15 миллион теңге ұсынып, домбыраны сатып алды.
