Air Astana кірісін арттырғанымен, 2,7 миллион доллар шығынға батты
Stan.kz Air Astana тобының 2026 жылғы тоғыз айлық есебін талдады. Компанияның кірісі 17,9% өсіп, 1,293 миллиард долларға жеткен. Бірақ шығын бұдан жылдам көбейіп, топ кезеңді 2,7 миллион доллар таза шығынмен аяқтады.
Бірінші жартыжылдықта Air Astana 21,2 миллион доллар шығынға ұшыраған. Үшінші тоқсанда 18,5 миллион доллар таза пайда тапқанымен, бұл алты айдағы шығынды толық өтей алмады. Сондықтан тоғыз айдың қорытындысы теріс болып қалды. Бұл ретте үшінші тоқсандағы пайда да былтырғыдан 10,3% аз.
Шығынның басты себептері
Жартыжылдық есепте Air Astana тобының операциялық шығындары 22,5% өсіп, 750,5 миллион долларға жеткен. Яғни шығын кірістен жылдамырақ көбейген.
Басты себеп – жанармай. Алты айда оған 181 миллион доллар жұмсалған, былтырғыдан 22,4% көп.
Басқа шығындардың өзгерісі де елеулі:
- әуе кемелеріне техникалық қызмет көрсету — 81,2 миллион доллар, өсім 39,2%;
- жолаушыларға қызмет көрсету — 82,1 миллион доллар, өсім 29,6%;
- қызметкерлер мен экипаж еңбекақысы — 135,7 миллион доллар, өсім 19,9%;
- тозу шығыны — 126,3 миллион доллар, өсім 15,1%.
Бұл сандардың бәрі бірінші жартыжылдыққа қатысты. Ал үшінші тоқсанда шетелден сатып алынған авиаотынның бағасы бір жылда 47% қымбаттаған. Халықаралық әуежайлардағы отын бағасының өсуі компания шығынына осылайша жыл бойы қысым түсірді.
Қозғалтқыш мәселесі шығынды көбейтті
Шығынның тағы бір себебі — Pratt & Whitney қозғалтқыштарына қатысты техникалық ақаулар. Қозғалтқыш жөндеуге алынғанда, ұшақ уақытша рейске шыға алмайды. Бұл компанияның тасымалдау мүмкіндігін шектейді. Сонымен бірге ұшақты күтіп ұстау мен жалдауға қатысты шығындар жалғаса береді.
Air Astana-ның мәліметінше, 2025 жылы қозғалтқыш ақауынан ұшақтардың тұрып қалуы операциялық табысты 42,3 миллион долларға азайтқан. Компания 2026 жылдың ортасында пайдаланылмай тұрған ұшақтар саны бір жылда шамамен 60% қысқарғанын хабарлады. Демек, техникалық мәселе жеңілдегенімен, оның шығынға әсері бірден жойылмайды.
Теңге бағамы да қаржылық нәтижеге әсер етеді. Air Astana кірісі мен шығыны әртүрлі валютада қалыптасатындықтан, теңгенің долларға қатысты өзгерісі шығын көлемін және есептегі нәтижені өзгертеді. 2026 жылдың екінші тоқсанында теңге долларға шаққанда 7% нығайған. Бұл жанармай мен қозғалтқыш шығындарымен қатар компания атаған қысым факторларының бірі болды.
Кіріс өсімі шығынды жаппады
Алғашқы тоғыз айда бір орын-километрге шаққандағы кіріс 15,9% артқан. Ал осы өлшемдегі шығын 21,3% көбейген. Үшінші тоқсанда кіріс 16% өсіп, 7,48 центке жетсе, шығын 20% артып, 6,95 цент болған. Кіріс шығыннан әлі жоғары, бірақ екеуінің арасы қысқарған. Бұл компания әр тасымалдан бұрынғыдай көлемде табыс қалдыра алмай отырғанын көрсетеді.
Жолаушы саны үшінші тоқсанда 0,9% өсіп, 3,05 миллион адамға жеткен. Алайда ұшақ орындарының толымдылығы 85%-дан 83,4%-ға төмендеді. Бос орын көбейсе, сатылмай қалған билеттен кіріс түспейді, ал рейстің жанармай, экипаж және әуежай қызметіне кететін негізгі шығындары сақталады.
Air Astana-ның үшінші тоқсанда пайдаға шығуы алғашқы жартыжылдықпен салыстырғанда нәтиженің түзелгенін көрсетеді. Бірақ пайда былтырғыдан аз, операциялық табыстың кірістегі үлесі төмен, ал тоғыз айлық қорытынды шығынмен жабылды.
Айта кетейік, бұған дейін Air Astana топ-менеджерлері небәрі үш айда 2,8 миллиард теңге сыйақы алған.
