Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жалған адамдардың атына несие рәсімдеп, 56 көлікті шетелге шығарып сатқан қазақстандықтар ұсталды

алаяқтар
Фото: Видеодан скрин

Қазақстанда автокөліктерді жалған адамдардың атына несиеге рәсімдеп, кейін шетелге шығарып сатқан қылмыстық топтың жолы кесілді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ішкі істер министрлігі автокөліктерді заңсыз рәсімдеп, шетелге шығарып қайта сатқан қылмыстық топтың әрекетін әшкереледі. Алдын ала мәлімет бойынша, күдіктілер осы схема арқылы Қазақстаннан 56 автокөлікті шетелге шығарған.

Polisia.kz мәліметінше, күдіктілер екінші деңгейлі банктер мен микроқаржы ұйымдары арқылы автокөліктерді жалған адамдардың атына кепілге рәсімдеген. Кейін көліктерді Қазақстаннан тыс жерлерге шығарып, қайта сатқан.

Қылмыстық топтың әрекетіне тосқауыл қою үшін ІІМ еліміздің 10 өңірінде бір мезгілде жедел іс-шаралар жүргізген. Осылайша, 48 адам полицияға жеткізілді.

Олардың ішінде қылмыстық топты ұйымдастырды деген күдікке ілінген алты адам уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазір оқиғаның барлық мән-жайы анықталып, шетелге шығарылған көліктерді іздестіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Тергеу барысы ІІМ бақылауында.

Еске салайық, бұған дейін Маңғыстау облысының тұрғыны екі жыл бойы несиесін уақытылы төлеп, көлігін толық өз атына рәсімдегенімен, ақыры темір тұлпарынан айырылып қалды. Несиесін жапқаннан кейін жеті ай өткенде полиция оның Kia Optima көлігін Ресейде іздеуде тұрғанын айтып, айып тұрағына қойған. Көлік иесі мұндай жағдайға не себеп болғанын түсінбей, енді көлігін қалай қайтаратынын сұрады. Ал заңгер көлігі тәркіленген азамат қандай қадам жасауы керегін түсіндірді.

Айым Атамбаева
Бейсенбі, 12 Қараша, 2026 14:26