Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Әбілқайыр хан қазақты сатқан сатқын ба, әлде елді сақтап қалуға тырысқан стратег пе

Қазақ тарихындағы ең даулы тұлғалардың бірі – Әбілқайыр хан. Бірі оны қазақ халқын Ресей империясының бодандығына бастаған сатқын деп бағаласа, енді бірі елдің амандығын ойлап, қиын кезеңде саяси шешім қабылдаған көреген стратег деп санайды. Бүгін  Әбілқайыр хан өз халқын сатып кетті ме, әлде қазақ мемлекеттілігін сақтап қалу үшін әрекет етті ме? Бұл сұраққа жауап беру үшін XVIII ғасырдағы қазақ даласының саяси жағдайына көз жүгіртіп, тарихшылармен сұхбаттастық.

Әбілқайыр хан 1693 жылы Түркістан қаласында дүниеге келген. Оны Әбілқайыр Мұқамбет Ғази баһадур хан деп атаған. Ол - Әз Жәнібектің бесінші ұрпағы. Ал Шыңғыс ханнан бастап тарататын болса, хан әулетінің он сегізінші ұрпағы болады.

Әз Жәнібектен тоғыз ұл тарайды, солардың бірі – Өсеке сұлтан одан Бөлекей ноян, одан Ырыс сұлтан, одан Хожа сұлтан, одан Абдолла сұлтан туған, Әбілқайыр осы Абдолла сұлтанның баласы. Әбілқайыр жастайынан батылдығымен танылып, дарынды әскербасы және білгір саясаткер болды. Ол қиын және әділетсіз заманда өмір сүрді,- деп баяндады тарихшы Ғабиден Жакей.

Қазақ хандығы өз ішінде үш жүзге бөлініп тұрған. Ол кезде әр жүзді билеген кіші хандар үш жүздің ұлы ханына сөз жүзінде бағынғанымен іс жүзінде өз алдына жеке саясат жүргізе бастады. Әрбір жүздің қарауындағы ұлыстарды билеген сұлтандар да дербестікке бой ұрды. 1715 жылы Тәуке хан қайтыс болғаннан кейін Қазақ хандығының саяси тұрғыдан бөлшектенуі үдей түсті. Тәукеден кейін хан тағын Қайып иеленді.

Ұлы жүздің ханы Жолбарыс, Орта жүздің ханы Сәмеке, ал Кіші жүзді Әбілқайыр хан басқарды. Әрбір жүз өзінің тәуелсіз саясатын жүргізді. Қазақтың әскері қажет кезде ғана жиналып тұратын. Ал жоңғарда тұрақты әскер болды. Оған қоса, ішкі дау-дамайлар елді әбден бүлдіріп жіберді,- дейді тарихшы.

Әбілқайыр сұлтан жоңғар басқыншыларына қарсы қазақ халқының азаттық соғысын ұйымдастыруға және жүргізуге белсене араласты. 1710 жылы жазда ол Қарақұмдағы бүкіл ел жиналысында қазақ әскерлерінің қолбасшысы болып сайланды. Оның басшылығымен қазақтар Ташкент, Түркістан мен Сайрам шаһарларын қорғап шықты.

 

1717 жылы Қайып хан мен Әбілқайыр сұлтан отыз мың әскерді бастап, Дүрбін-Ойратқа қарсы аттанды. Бұл оқиға Аягөз шайқасы болып тарихта қалды. Қайып хан мен Әбілқайыр сұлтанның алдынан 1000 адамнан құралған жоңғар шекарашылары ұшырасады. Ойраттар санының аз болғанына қарамастан, екі жақ кешке дейін шыдап бақты. Ал түнде олар ағаштан бекініс соқты. Ертеңінде сол бекіністің ар жағына жасырынып, атысумен болды. Қазақтар жалаң атыс-шабыстан ештеңе шықпайтын түсініп, бір түнде қорған тұрғызды. Екі жақ сол қорғандардан қарама-қарсы оқ жаудырумен болды. Сол кезде Қайып хан мен Әбілқайыр сұлтан қай батырды жекпе-жекке шығаратынын келісе алмай дауласады. Ал жоңғарға көмекке 1500 адамнан тұратын атты әскер келіп жетті. Олар шекарашылармен атысып жатқан қазақ әскерін тылынан шабуылдады. Мұндай соққыны күтпеген қазақтар жаудан қашып қана құтылды. Бұл шайқаста қазақтың 2000 сарбазы мерт болды. Жеңілістің бар кінәсі Әбілқайыр ханға артылды. Бір жылдан кейін Қайып хан қайтыс болды,- дейді баяндады тарихшы

XVIII ғасырдың бірінші жартысы қазақ халқы үшін аса ауыр кезең болды. Жоңғар шапқыншылығы елдің тыныштығын бұзды. 1723 жылғы "Ақтабан шұбырынды" халықтың басына түскен үлкен қасіретке айналды. Қазақ жүздерінің арасында да саяси бірлік әлсіз еді. Осындай алмағайып заманда Кіші жүздің ханы Әбілқайыр елді сыртқы қауіптен қорғаудың жолын іздеді. Оның алдында бірнеше қауіп тұрды: Жоңғар мемлекетінің әскери шабуылы, Еділ қалмақтары мен башқұрттардың шекаралық қақтығыстары, Жайық қазақтарының қысымы, Қазақ хандары мен сұлтандары арасындағы билік үшін күрес. Әбілқайыр Ресей империясымен жақындасуды осы қауіптерден шығудың бір жолы деп есептеді.

1731 жылдың 10 қазанында Әбілқайыр хан Ресей империясының қол астына кіру жөнінде ант берді. Бұл шешім қазақ тарихындағы үлкен бетбұрыс болды. Бірақ бұл  кезде бүкіл қазақ халқы яғни үш жүз түгелдей Ресейге қосылған жоқ. Антты негізінен Кіші жүздің Әбілқайырды қолдаған бірқатар билері мен старшындары қабылдады. Бұл шешімге қарсы болғандар да болды. Әбілқайырдың мақсаты тек Ресейге бағыну болған жоқ. Кей тарихшылар осы ретте ханның жеке саяси амбициясы болғанын. Ол өз билігін нығайтуды және хандық билікті ұрпағына қалдыруды қалағанын айтады.

Әбілқайыр ханды сатқын деп атауға болмайды. Ол қиын кезеңде өмір сүрді. Ресейдің әскери-саяси қолдауына сүйеніп, жоңғар қаупін азайтуды, шекарадағы шабуылдарды тоқтатуды және үш жүздің басын біріктіріп, өз билігін күшейтуді көздеді. Тек Әбілқайыр хан емес, өзге де қазақтың сұлтандары билікке таласты, – дейді тарихшы.

Кіші жүздің ханы сол арқылы Ресеймен тату тұруды, оның қарамағына өткен башқұрт пен Еділ қалмақтарының қазақ қоныстарына шапқыншылығын тоқтатуды, Ресейдің көмегімен жоңғар қалмақтарының қол астында қалған қазақ жері мен қалаларын қайтарып алуды, империя әкімшілігіне сүйеніп, қазақ арасындағы беделін арттырып, үш жүздің басын біріктіріп өзі билеуді, хандықты балаларына сайлау тәртібімен емес, мұрагерлік жолымен қалдыруды көздеді. Бірақ Ресей саясаты Кіші жүздің ханы – Әбілқайыр ханның мықты билігіне қарсы болды. Патшаның құйтұрқы саясатын кеш сезген Әбілқайыр оларға қарсы бірнеше рет қарсы шығады, өз ұлы Қожахметті аманаттан қайтарып алады. Кіші жүзде дербес саясат жүргізуге тырысады. Бірақ одан нәтиже шықпағандықтан, тағы бодандық антын беруге мәжбүр болады. Бірақ,  Әбілқайырды тек Ресейге ант берген билеуші ретінде қарастыруға болмайды. Ол – әскери қолбасшы, дипломат әрі күрделі саяси жағдайда шешім қабылдай білген тұлға. Тарихшы Ғабиден Жакей Әділқайырдың стратегиялық қабілетін үш қырынан қарастыруға болады дейді

 

Біріншіден – әскери стратегия. Жоңғар шапқыншылығына қарсы күресте қазақ жасақтарын басқарған. Әскери тәжірибесі мен қолбасшылық қабілеті арқылы ел қорғанысына үлес қосқан. Екіншіден – дипломатиялық стратегия. Ресеймен қарым-қатынас орнату арқылы сыртқы қауіптерді азайтуды көздеді. Ол бір ғана әскери күшке сүйенбей, дипломатияны да пайдаланды. Үшіншіден – саяси стратегия. Үш жүздің басын біріктіріп, орталықтанған билік құруға ұмтылды. Бірақ бұл мақсатына толық жете алмады. Қазақ қоғамындағы ішкі алауыздық оның саясатына кедергі болды. Әбілқайыр ханға тағылатын ең үлкен айып – Ресей империясына бодандық туралы ант беруі. Оның бұл қадамы ұзақ мерзімді тарихи салдарға әкелді

Әбілқайыр Ресейге ант бергенімен, өмірінің соңына дейін Ресей билігінің барлық талабын бұлжытпай орындаған жоқ. Ол өз билігін сақтауға тырысты және патша әкімшілігімен қарым-қатынаста дербес саясат жүргізуге ұмтылды. Тарихшының айтуынша, оның Ресей билігімен қарым-қатынасы күрделі болғаны және патша өкіметіне қарсылық әрекеттерін өмірінің соңына дейін тоқтатпағаны айтылады.

Ресей империясы қазақ даласындағы ықпалын біртіндеп күшейтіп, кейін бекіністер салып, жергілікті басқару жүйесіне араласа бастады. Уақыт өте келе қазақ жерін отарлау саясаты тереңдеді. Сондықтан Әбілқайырдың шешімін сынайтындар оның Ресейдің болашақтағы отаршылдық саясатын дұрыс бағалай алмағанын алға тартады. Тағы бір сын – ол бүкіл қазақ халқының атынан шешім қабылдауға құқылы болмаған деген пікір,- деп баяндады тарихшы. 

Әбілқайыр ханның өлімі

Әбілқайыр хан жоңғар шапқыншылығы әлсіреген сайын Ресейден бойын аулақ салуға тырысты. 1740 жылы Хиуаны басып алып, сол жерде аз уақыт хан атанды. Бірақ Иранның Нәдір шаһынан ығысып, тастап шығуға мәжбүр болды.

Әбілқайыр үш жүздің қадірлі билерімен, белгілі батырларымен, саяси қайраткерлерімен тығыз қарым-қатынас жасады. Өзінен жас, беделі өсіп келе жатқан Абылаймен әр кезде түсінісе білді. Абылайдың бір әйелі Қарашаш – Әбілқайырдың қызы.

Кіші жүз ханы ретінде оның саясатында қайшылықтар да бар. Қазақ даласын отарлаудың тірегі болған Ор бекінісін салуды өзі ұсынды. 1737-38 жылғы башқұрт халқының отаршылдық езгіге қарсы көтерілісін басуға қатысуы туысқан екі елдің қарым-қатынасын шиеленістірді. Әбілқайырдың дербестігі мен қазақ даласына жайылып кеткен атағы кейбір сұлтандарға ұнамады. 

Солардың бірі – Барақ сұлтан. Ол жоңғар шапқыншылығы кезінде зор беделге ие болған тұлға. Әбілқайырдың Ресейдің қолдауы арқылы күшейіп кетуінен сескеніп, оған қарсы шығады. Ал 1748 жылы Әбілқайырдың 50 шақты адаммен Орынбордан қайтып келе жатқанын естиді де, мүмкіндікті пайдаланып қалуды ойлап, тұзақ құрады. Осы шайқаста қарсыластарының күші басым екенін көріп тұрған ханның күзетшілері оған қашуды ұсынады. Бірақ Әбілқайыр хан бұдан бас тартып, осы шайқаста қаза табады.

Әбілқайыр хан Барақ сұлтанның қолынан тапты. Ол кезде ханның басын хан алатын еді. Барақтың қасындағы жауынгерлері Әбілқайырдың қол-аяғын кесіп әбден әлсіретеді. Сөйтіп ол өзін өлген жерінде көміңдер деп бұйрық берген соң Торғай қаласынан 80 шақырым жерде жерленеді. Қазір ол жер Хан моласы деп аталады . 1750 жылдың көктемінде, кейбір деректерге қарағанда, Әбілқайырдың кегін қайтарушылар Қарнақ қаласында Барақты және екі ұлы мен қызметшісін у беріп өлтірген дейді,-тарихшы. 

Әбілқайыр хан – өз дәуірінің саяси жағдайын түсінген, елін сақтап қалуға тырысқан, бірақ ұзақ мерзімді саяси тәуекелді толық есептей алмаған күрделі тарихи тұлға.
Ол сатқындықтан гөрі саяси есепке сүйенген стратег болды. Бірақ оның стратегиясы қазақ халқы үшін қайшылықты тарихи нәтижеге алып келді.
Бір сәттік қауіптен құтылу үшін жасалған саяси таңдау кейде келешек ұрпақтың тағдырына әсер ететінін Әбілқайыр ханның тарихынан көруге болады.

 

Толығырақ Stan.kz YouTube арнасынан көріңіздер!

Stan.kz
Бейсенбі, 12 Қараша, 2026 11:54