214 миллион теңгелік сағат пен гауһар тастар: Олигархтардан тәркіленген әшекейлер жеңілдікпен сатылып жатыр
Қазақстанда олигархтардан тәркіленген қымбат әшекей бұйымдар қайтадан саудаға шығарылды. Алдыңғы саудада ешкім сатып алмаған кей заттардың бастапқы бағасы ондаған миллион теңгеге арзандаған. Олардың арасында әлем бойынша небәрі 30 дана шығарылған қымбат қолсағат та бар. Сағаттардың ерекшелігі неде және өзге бұйымдардың бағасы қаншаға төмендеді? Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі e-Qazyna.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Қандай бұйымдардың бағасы арзандады?
Саудаға шығарылған заттардың ішіндегі ең қымбаты – Ulysse Nardin Classic 789-80 қолсағаты. Әлемде мұндай сағаттың небәрі 30 данасы бар. Соның бірі қазір e-Qazyna.kz электрондық сауда алаңында сатылып жатыр.

Сағат 18 караттық алтыннан қолдан ойып жасалған. Оның циферблатында әуен ырғағымен қозғалатын алтын мүсіншелер бар. Олар төрт гонгтың сүйемелдеуімен әуен орындайды. Әр гонгтың үні де әртүрлі.

Атап айтқанда, сағатта Вестминстер әуені ойналады. Бұл – төрт нотадан тұратын әйгілі қоңырау үні. Оны Лондондағы Биг-Бен сағатынан да естуге болады.
Алайда қымбат бұйымның корпусы сызылған, ал бауының әбден тозғаны байқалады.
Сағаттың бағалаушылар белгілеген құны – 214 миллион теңге. Бұған дейін оны 182 миллион теңгеге сатуға әрекет жасалған. Десе де сатып алушы табылмаған. Енді бастапқы бағасы 150 миллион теңге болып белгіленді. Осылайша, сағаттың бағасы 32 миллион теңгеге төмендеді.
Сауда 1 желтоқсан сағат 13:00-де өтеді.
Бұл сағат қайтарылған активтерді басқару жөніндегі компанияның иелігінде. Айта кетейік, аталған модельді бірнеше жылдан бері сату мүмкін болмай келеді.
Бағасы төмендетілген тағы бір бұйым – гауһар тасты әшекейлер жиынтығы. Оның құрамында екі сырға, шынжырлы алқа және екі жүзік бар.

Бұған дейін жиынтық 72 миллион теңгеге сатылымға шығарылған, алайда оған да сатып алушы табылмады. Енді бастапқы бағасы 59 миллион теңге болып белгіленді. Ал бағалаушылар оның құнын 85,5 миллион теңгеге бағалаған.
Әшекейлер жиынтығы бойынша сауда да 1 желтоқсанда сағат 13:00-де өтеді.
Тағы қандай қымбат бұйымдар сатылымға қойылды?
Саудадағы өзге бұйымдардың бағасы салыстырмалы түрде төмен болғанымен, кейбірінің құны Астанадағы бір бөлмелі пәтердің бағасымен шамалас.
Мәселен, Frank Muller Geneve қолсағаты 20 миллион теңгеге сатылмақ. Мұндай жоғары баға оның брендіне ғана емес, жасалу ерекшелігіне де байланысты. Сағаттың корпусы 18 караттық қызғылт алтыннан құйылған, әйнегі сапфирден жасалған. Ал циферблаты лағыл, сапфир және цаворит тастарымен безендірілген. Тілдері де лағылдан жасалған.

Бағалаушылар бұл сағаттың құнын 29 миллион теңгеге бағалаған.
Дәл осындай бастапқы бағамен Bovet Fleurier Grand Complications Amadeo Fleurier қалта сағаты да саудаға шығарылды. Бұл – әлем бойынша небәрі 50 дана шығарылған шектеулі топтаманың бір бөлігі. Оның бағалау құны – 28 миллион теңге.

Сонымен қатар 18 караттық ақ алтыннан жасалған Ulysse Nardin Archive Freak Cruiser қолсағаты да 20 миллион теңгеге сатылмақ. Бағалаушылар оның құнын 29 миллион теңге деп көрсеткен.

Тізімдегі тағы бір қымбат бұйым – Breguet 3099 BE қолсағаты. Оның бастапқы бағасы 13 миллион теңге. Сағат 139 классикалық қырланған гауһар таспен көмкерілген. Олардың жалпы салмағы шамамен 1,255 карат. Бағалаушылар бұйымның құнын 15 миллион теңгеге бағалаған.

Еске салайық, бұған дейін олигархтардан тәркіленген қымбат әшекейлер мен сағаттарды сатуға шығарғанымен, олардың бірқатарына сатып алушы табылмағаны хабарланған еді. Тізімде гауһар тасты жиынтықтар, қымбат қолсағаттар және әлемге танымал зергерлік брендтердің бұйымдары болған.
Астаналық тұрғын ұлының Қазақстанда жоқ диагнозына ем таппай жүр