Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда 20 қарашадан бастап жол қозғалысы ережелері өзгереді: Жүргізушілер нені білуі керек

Көліктер
Фото: istockphoto.com

2026 жылғы 20 қарашадан бастап Қазақстанда жол қозғалысы ережелеріне бірқатар өзгеріс енгізіледі. Ішкі істер министрлігі бекіткен түзетулер бес негізгі жаңашылдықты қамтиды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Өзгерістер туралы бұйрыққа 2026 жылғы 24 маусымда қол қойылған. Жаңа талаптар жүргізушілерге, велосипедшілерге және электрсамокат пайдаланушыларына қатысты болады.

Аула ішінде қозғалтқышы қосулы көлікті қоюға рұқсат беріледі

Бұған дейін тұрғын үйлердің ауласында қозғалтқышы қосулы көлікті қоюға қатысты ережеде екіұшты тұжырым болған. Атап айтқанда, егер мұндай көлік тұрғындарға қолайсыздық тудырса, оған тыйым салынатын.

Енді қозғалтқышы жұмыс істеп тұрған көлікті тұрғын үй ауласында қоюға рұқсат етіледі. Бұл жүргізушілерге көліктің қозғалтқышын жылытуға мүмкіндік береді.

Жүк көліктері мен автобустарға қатысты жылдамдық шегі өзгереді

Елді мекендерде жүк көліктері мен автобустарға сағатына 50 шақырымнан жоғары жылдамдықпен жүруге рұқсат беріледі. Алайда бұл үшін жолда жылдамдықты шектейтін тиісті белгі болмауы керек.

Электрлі велосипедтер мопедтер санатына өтеді

Жаңа өзгерістерге сәйкес, велосипед ұғымы нақтыланады. Енді велосипед деп “мінген адамның бұлшықет күшімен қозғалысқа келетін екі немесе одан да көп дөңгелегі бар көлік құралы” есептеледі.

Осылайша, электр қозғалтқышымен жүретін велосипедтер бұдан былай велосипед санатына жатпайды. Олар мопед ретінде қарастырылады.

 

Электрсамокатпен тротуарда жүруге тыйым салынады

Электрсамокат пайдаланушыларына тротуармен жүруге түпкілікті тыйым салынады.

Енді олар велосипед жолымен немесе велосипед жолағымен жүруі керек. Мұндай жолдар болмаған жағдайда жолдың жүру бөлігінің шетімен қозғалуына рұқсат етіледі.

Жүргізушісіз көліктер заңнамада ресми түрде танылады

Жол қозғалысы ережелеріне енгізілетін тағы бір өзгеріс жүргізушісіз (ұшқышсыз) көліктерге қатысты.

Қолданыстағы ережеде көлік құралы жолдарда адамдарды, жүктерді немесе оған орнатылған жабдықтарды тасымалдауға арналған құрылғы ретінде анықталған. Енді бұл анықтамаға "оның ішінде жүргізушісіз көлік құралы" деген тіркес қосылады.

Осылайша, жүргізушісіз басқарылатын автомобильдер жол қозғалысы ережелерінде ресми түрде көлік құралы ретінде танылады.

Жаңа өзгерістер 2026 жылдың 20 қарашасынан бастап күшіне енеді.

Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанда электрмобильдерге жасыл түсті мемлекеттік нөмір берілетіні туралы жазған еді.

Дана Русланқызы
Сәрсенбі, 11 Қараша, 2026 22:21