"Ешқашан белдік тақпаймын": Алматыда жол ережелерін елемейтінін айтқан әйелдің үстінен іс қозғалды (видео)
Алматыда әлеуметтік желіде жол қозғалысы ережелерін әдейі бұзып, өзіне ешқандай жаза қолданылмайтынын мәлімдеген әйелге қатысты іс қозғалды. Тексеру барысында оның бұған дейін сот шешімімен көлік жүргізу құқығынан айырылғаны анықталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, қызметкерлер әлеуметтік желіде тараған видеодан кейін әйелдің жеке басын анықтап, оны тоқтатқан. Жазбада әйелдің көлік тізгінінде қауіпсіздік белдігін тақпай отырғаны және жол қозғалысы талаптарын сақтаудан ашық бас тартқаны көрінеді.
Видеода ол қауіпсіздік белдігін ешқашан тақпағанын және алдағы уақытта да тақпайтынын айтып, мұны өзінің жеке ісі санайтынын жеткізген. Сондай-ақ ешқандай жауапкершілікке тартылмайтынына сенімді екенін білдірген.
Полиция тексерісі кезінде әйелдің бұған дейін сот шешімімен көлік басқару құқығынан айырылғанына қарамастан, рөлге отырғаны белгілі болды.
"Құқық бұзушыға қатысты көлік құралын басқару құқығынан айырылғаннан кейін көлік жүргізу, қауіпсіздік белдігін пайдалану қағидаларын бұзу, сот шешімін орындамау және жалған ақпарат тарату деректері бойынша бірнеше әкімшілік іс қозғалды. Материалдар сотқа жолданды. Автокөлік арнайы айып тұрағына қойылды", – делінген полиция хабарламасында.
Сонымен қатар көлікті жүргізу құқығынан айырылған адамға басқаруға берген автокөлік иесі де жауапкершілікке тартылған.
Еске салсақ, бұған дейін астаналық әйел TikTok-тағы тікелей эфирі үшін айыппұл арқалағаны туралы жазған едік.
"Мәйіттің арқасы көгерген": ҚазҰУ-да жатақханадан өлі табылған студенттің анасы қызының өліміне қатысты күмәнін айтты
