Абай облысында жоғалған ер адамның мәйіті даладан табылды: Бұған дейін көлігі табылған еді
Абай облысында 7 қарашадан бері іздестіріліп жатқан Семей қаласының тұрғыны өлі күйінде табылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, 11 қараша күні сағат 15:40-та іздестіру жұмыстары барысында 1982 жылы туған Ринат Ахметовтің денесі табылған. Бұған дейін полиция қызметкерлері оның Lexus LX 570 көлігін жырадан тапқан еді.
Марқұмның мәйіті Бородулиха ауданы Нововасильевка ауылынан шамамен 35 шақырым жердегі ашық даладан анықталған. Алдын ала болжам бойынша, ер адамның өліміне үсік шалу себеп болуы мүмкін. Нақты себебін анықтау үшін сот-медициналық сараптама тағайындалды.
Іздестіру жұмыстарына 60-тан астам полиция қызметкері, оның ішінде арнайы жедел әрекет ету жасағының 30 қызметкері жұмылдырылған. Сонымен қатар төтенше жағдайлар органдарының 10 қызметкері, 50 әскери қызметкер, төрт ерікті, марқұмның 10 туысы мен досы және жергілікті тұрғындар іздеу жұмыстарына қатысқан.
Абай облысының полиция департаменті марқұмның туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты.
Айта кетейік, семейлік ер адам 2026 жылдың 4 қарашасында үйінен шығып, қайта оралмаған. 7 қарашада оның 69 жастағы әкесі полицияға хабарласып, ұлын іздеуге көмек сұраған.
Ал 9 қарашада іздестіру жұмыстары кезінде Бородулиха ауданы Алексеевка ауылынан шамамен 15 шақырым жердегі жырадан жоғалған азамат мінген Lexus LX 570 автокөлігі табылған еді.
Еске салсақ, бұған дейін Алматы тауларында Корея азаматы із-түссіз жоғалып кеткені туралы жазған едік.
Астаналық тұрғын ұлының Қазақстанда жоқ диагнозына ем таппай жүр
