Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жалақыға 50%-ға дейін үстемеақы және бонустар: Медицина қызметкерлеріне қандай төлемдер беріледі

жалақы
Фото: ChatGpt арқылы жасалды

Қазақстанда дәрігерлер мен медбикелер қосымша ақы алуы мүмкін. Денсаулық сақтау министрлігі төлемді медицина қызметкерлерінің жұмыс көрсеткішіне қарай есептеуді ұсынып отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Finratings басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Министрліктің тиісті бұйрық жобасы “Ашық нормативтік құқықтық актілер” порталында жарияланған. Құжатты талқылау 2026 жылы 25 қарашаға дейін жалғасады. Өзгерістер қабылданса, жаңа тәртіп 2027 жылы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді.

Дәрігерлерге қосымша ақы қалай төленеді?

Жаңа жоба бойынша емханаларды қаржыландыру олардың жұмыс нәтижесіне байланысты болады. Демек медицина ұйымы белгіленген көрсеткіштерге қол жеткізсе, алғашқы медициналық-санитариялық көмек қызметкерлеріне ынталандыру төлемдері қарастырылмақ.

Алайда әзірге әр дәрігер мен медбикенің қанша қосымша ақы алатыны белгісіз. Құжатта төлемнің нақты сомасы да, лауазымдық жалақыға шаққандағы пайызы да көрсетілмеген.

Еңбек өтіліне қарай 50%-ға дейін үстемеақы төленуі мүмкін

Бұл бастаманы медицина қызметкерлеріне арналған тағы бір қолдау шарасымен шатастырмаған жөн. Бұған дейін билік 2027 жылдан бастап учаскелік дәрігерлерге үздіксіз еңбек өтіліне қарай үстемеақы төлеуді жоспарлап отырғанын хабарлаған.

Ұсынылған тәртіп бойынша төлем мөлшері мынадай болмақ:

  • 2 жылдан астам үздіксіз еңбек өтілі барларға – лауазымдық жалақысының 20%-ы;
  • 3 жылдан астам еңбек өтілі барларға – 30%-ы;
  • 5 жылдан астам еңбек өтілі барларға – 50%-ы. 

Бұл қолдау шарасы 77 мыңнан астам учаскелік қызметкерді қамтуы мүмкін.

Демек, медицина қызметкерлеріне қатысты екі бөлек төлем жүйесі қарастырылып отыр: 

  • Біріншісі – еңбек өтіліне қарай берілетін үстемеақы;
  • Екіншісі – емхананың жұмыс нәтижесіне байланысты төленетін ынталандыру ақысы.

Сондықтан әзірге барлық дәрігер мен медбикенің жалақысы 50%-ға өседі деуге негіз жоқ.

Емханаларды қаржыландыру тәртібі де өзгереді

Министрлік емханаларға бөлінетін қаржыны есептеу тәртібін өзгертуді ұсынып отыр. Сақтандырылмаған азаматтарға қатысты кейбір қаржыландыру коэффициенттері алып тасталуы мүмкін. Бұл өзгеріс емханаларға бөлінетін қаражаттың мөлшеріне әсер етуі ықтимал.

Сонымен қатар профилактикалық тексерулер мен скринингтен өтуі тиіс азаматтар топтарына қолданылатын 0,8 коэффициентін пайдалану тәртібі нақтыланбақ.

Бұдан бөлек, медициналық қызметтерге ақы төлеу ережелерін тарифтерді қалыптастыру әдістемесіне сәйкестендіру ұсынылған.

Қазір медицина қызметкерлері үшін қосымша төлемнің қалай есептелетіні және емханалар қандай көрсеткіштерді орындауы керектігі маңызды болып отыр. Бұл мәселелердің нақты жауабы құжат қабылданған соң белгілі болады.

Бұйрық жобасы 25 қарашаға дейін талқыланады. Одан кейін ұсыныстар қаралып, өзгерістердің түпкілікті нұсқасы бекітілуі мүмкін.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда учаскелік дәрігерлердің жалақысы 40%-ға дейін өсетіні туралы жазған едік. Бұл ұсынысты президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдауында айтқан. 

Нұрила Жұмаділлә
Сәрсенбі, 11 Қараша, 2026 16:26