Қазақстанда учаскелік дәрігерлердің жалақысы 40%-ға дейін өседі
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда сегіз перинаталдық орталық пен жеті балалар ауруханасы салынатынын мәлімдеді. Сондай-ақ келер жылдың 1 қаңтарынан бастап учаскелік медицина қызметкерлерінің жалақысы 40%-ға дейін өседі. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Тоқаев алғашқы медициналық-санитарлық көмек жүйесін жаңғыртуға ерекше мән берілетінін атап өтті. Сондай-ақ жалпы практика дәрігерлерінің өкілеттігін кеңейтіп, бұл саланы қаржыландыру көлемін кезең-кезеңімен арттыру маңызды екенін айтты.
"Үкіметке келер жылдың 1 қаңтарынан бастап осы бағытта жұмыс істейтін учаскелік қызмет мамандарының жалақысын үздіксіз еңбек өтіліне қарай 40%-ға дейін арттыруды тапсырамын. Бұл 77 мыңнан астам маманның табысын өсіруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар біз жалақының ең төменгі мөлшерін кезең-кезеңімен көбейте береміз", – деді Тоқаев.
Тоқаевтың айтуынша, бұл міндет келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап жүзеге асырылуға тиіс. Осылайша, 1,8 миллион адамның, оның ішінде бюджеттен жалақы алатын 370 мыңнан астам қызметкердің табысы артады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері" атты Қазақстан халқына Жолдауында елдегі балалар саны жеті миллионға жуықтағанын және жыл сайын 330 мыңнан астам сәби дүниеге келетінін атап өтті.
"Елімізде халық саны қарқынды өсуде. Сондықтан денсаулық сақтау инфрақұрылымын жүйелі әрі жедел дамыту – өте маңызды міндет. Біз ауқымды құрылыстың алғашқы кезеңінде еліміз бойынша сегіз заманауи перинаталды орталық салуды жоспарлап отырмыз. Бұдан басқа, Атырау, Ақтөбе, Алматы, Шымкент, Қаскелең, Семей, Ақтау қалаларында жеті көпбейінді балалар ауруханасы, Астанада тағы екі медициналық нысан бой көтереді", – деді Тоқаев.
Аталған жұмысқа бюджет қаражатымен қатар, жеке капиталды кеңінен тартқан жөн дейді мемлекет басшысы.
"Қолға алынған мемлекет пен жекеменшік серіктестігі жобаларын сәтті жүзеге асыру қажет. Мұндай серіктестік түрі әлеуметтік инфрақұрылымға салынатын жеке инвестиция көлемін ұлғайтуға көмектеседі. Ең бастысы, тиісті рәсімдерді негізсіз созбай, шешімдерді тез қабылдау керек", – деп түсіндірді мемлекет басшысы.
Еске салайық, президент Қасым-Жомарт Тоқаев 28 қазандағы Жолдауында инфляцияны тежеу, бағаның өсуін баяулату және халықтың табысын арттыру қажет екенін айтты. Сондай-ақ үкімет пен ұлттық банкке үйлесімді жұмыс істеп, қаржы жүйесіндегі қаражатты отандық өндіріс пен кәсіпкерлікті дамытуға бағыттауды тапсырды.
Алматылықтар үй сыртындағы тарихи тақталарды алып тастауға қарсы шықты
