Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Учаскелік дәрігерлерге еңбек өтілі үшін қосымша ақы төленеді: 2027 жылдан бастап жалақысы қаншаға өседі

учаскелік дәрігер
Фото: depositphotos.com

Қазақстанның денсаулық сақтау министрлігі қосымша төлемдер енгізілгеннен кейін учаскелік дәрігерлердің жалақысы қаншаға өсетінін есептеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында жалпы практика дәрігерлерінің өкілеттіктерін кеңейтуді тапсырған болатын. Осыған байланысты 1 қаңтардан бастап учаскелік қызметтің 77 мың қызметкеріне қосымша ақы төлеу жоспарланып отыр.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, қосымша төлем мөлшері еңбек өтіліне байланысты болады және лауазымдық жалақының 50%-ына дейін жетуі мүмкін. Атап айтқанда:

  • 2 жылдан астам үздіксіз еңбек өтілі бар қызметкерлерге – лауазымдық жалақының 20%-ы;
  • 3 жылдан астам еңбек өтілі бар қызметкерлерге – 30%;
  • 5 жылдан астам еңбек өтілі бар қызметкерлерге – 50% қосымша ақы төлеу ұсынылып отыр.

"Біздің басты мақсатымыз – емханалар мен ауылдық амбулаторияларда халыққа көрсетілетін медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру. Бұл жалпы практика дәрігерлері мен учаскелік қызметтегі медбикелердің біліктілігі мен тәжірибесіне байланысты", – деді денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова.

2027 жылдан бастап учаскелік дәрігерлердің жалақысы қанша болады?

Ауылдық жерлерде:

  • Еңбек өтілі жоғары жалпы практика дәрігерлерінің жалақысы 534 мың теңгеден 760 мың теңгеге дейін өседі.
  • Орта медицина қызметкерлерінің жалақысы 284 мың теңгеден 401 мың теңгеге дейін артады.

Қалаларда:

  • Еңбек өтілі жоғары жалпы практика дәрігерлері 425 мың теңгенің орнына 607 мың теңге алады.
  • Орта медицина қызметкерлерінің жалақысы 224 мың теңгеден 318 мың теңгеге дейін өседі.

Еңбек өтілі аз мамандардың да жалақысын көтеру қарастырылған.

Ауылдық жерлерде:

  • Жалпы практика дәрігерлері – 386 мың теңгеден 450 мың теңгеге дейін;
  • Орта медицина қызметкерлері – 221 мың теңгеден 256 мың теңгеге дейін.

Қалаларда:

  • Жалпы практика дәрігерлері – 307 мың теңгеден 358 мың теңгеге дейін;
  • Орта медицина қызметкерлері – 173 мың теңгеден 202 мың теңгеге дейін.

Бұдан бөлек, алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсету ұйымдарында жұмыс істейтін психологтар мен әлеуметтік қызметкерлерге де қолдау көрсету шаралары ұсынылып отыр. Олардың жұмысының ерекшелігін ескере отырып, психоэмоциялық жүктеме үшін қосымша ақы енгізу мәселесі қарастырылып жатыр.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап учаскелік медицина қызметкерлерінің жалақысы еңбек өтіліне қарай 40%-ға дейін өсетінін жаздық. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, бұл өзгеріс 77 мыңнан астам маманды қамтиды. Бұған қоса, елде сегіз перинаталдық орталық пен жеті көпбейінді балалар ауруханасы салынады.

Айым Атамбаева
Сәрсенбі, 28 Қазан, 2026 15:40