Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда ірі көлемде валюта сатып алатындарға қосымша тексеріс енгізіледі

доллар
Фото: Pexels

Қазақстанда бір күнде қолма-қолсыз шетел валютасын ірі көлемде сатып алған клиенттерге қосымша тексеріс жүргізіледі. Жеке тұлғалардың бір күндегі сатып алуы 3 миллион доллардан, ал заңды тұлғалардың операциясы 10 миллион доллардан асса, қаржы ұйымдары ақшаның қайдан келгенін және мәміленің мақсатын тексереді. Бұл туралы Stan.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды.

Жаңа талап бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушылары мен Орталық депозитарийдің ішкі бақылау ережелеріне енгізілген. Бір клиенттің бір операциялық күн ішінде жасаған валюталық сатып алуларының жалпы сомасы есепке алынады. Тексеру кезінде ұйымдар қаражаттың шығу тегін, компанияның қаржылық есебін, меншік иелері мен контрагенттер туралы мәліметтерді, сондай-ақ мәміленің заңды мақсаты мен экономикалық негізін қарайды.

Клиент бір күнде белгіленген шекке жетсе, сол күнгі келесі валюта сатып алу өтінімдерін кемінде бір жұмыс күні бұрын беруі керек. Бағалы қағаз сатып алуға байланысты өтінімдерге және тексеруден өткен кейбір резидент емес клиенттердің операцияларына бұл талап қолданылмайды.

Қаулы резидент еместер мен ұйымдардың электронды резиденттеріне шот ашқанда да қосымша талаптар белгілейді. Қаржы ұйымдары олардың жеке басын куәландыратын құжаттарды тексеріп, биометриялық сәйкестендіруден өткізуі керек.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қаулыны 2026 жылғы 30 қазанда қабылдаған. Құжат 11 қарашада ресми жарияланды және жарияланған күннен кейін 10 күнтізбелік күн өткен соң күшіне енеді.

Айта кетейік, бұған дейін сарапшылар бір жылдан кейін доллар 500 теңгеден төмен болады деп болжады.

Айнура Дарибаева
Бейсенбі, 12 Қараша, 2026 11:11