Алматыдағы неке сарайын басқару құқығы саудаға шығарылды
Алматыдағы неке сарайы мен жанындағы субұрқақ 10 жылға сенімгерлік басқаруға арналған саудаға шығарылды. Бұл нысанды сату емес: жеңімпаз ғимаратты сатып ала алмайды және оны неке қию сарайы ретінде сақтауға міндетті. Бұл туралы Stan.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды.
Жаңа басқарушы ғимаратты жөндеп, бір жыл ішінде Есентай өзені арқылы өтетін көпір салуы керек. Сондай-ақ қасбеті мен сәулеттік келбетін сақтап, инженерлік жүйелерін жаңартуға және аумағын абаттандыруға тиіс. Нысанның жалпы ауданы — шамамен 2,2 мың шаршы метр. Техникалық құжатта ғимараттың іргетасы, қабырғалары, шатыры мен жертөлесі жарамды деп көрсетілген.
Басқарушыға қойылатын инвестиция көлемі – кемінде 2 миллиард теңге.
Жеңімпаз ай сайын әлеуметтік осал топтағы кемінде бес жұпқа залды жалға алу ақысын алмай неке қию рәсімін өткізуі керек. Сондай-ақ жылына кемінде төрт тегін мәдени-әлеуметтік шара ұйымдастырып, Неке сарайы музейіне жұрттың еркін кіруін қамтамасыз етеді. Бұған қоса, басқарушы тапқан табысының жартысынан көбін нысанды күтіп ұстауға жұмсауы тиіс.
Еске салайық, неке сарайы 1971 жылы сәулетші Малбағар Меңдіқұловтың жобасымен салынған. Ғимарат 2016 жылы 20 жылға жеке компанияның сенімгерлік басқаруына беріліп, ол 500 миллион теңге инвестициялауға міндеттенген. Міндеттемелер орындалмаған соң, келісім 2023 жылы сот арқылы бұзылған. 2025 жылы нысан он жылға басқа компанияның басқаруына берілгенімен, жөндеу аяқталып, ғимарат іске қосылмаған. Сол себепті Неке сарайы қайтадан саудаға шығарылды.
Сауда 12 қарашада сағат 10:00-де басталады, өтінімдер сол күні 09:55-ке дейін қабылданады. Қатысу үшін 1 950 472 теңге кепілдік жарна төлеу қажет.
Айта кетейік, бұған дейін Алматыдағы неке сарайы қаланың басқаруына қайтарылатыны белгілі болды.
Астаналық тұрғын ұлының Қазақстанда жоқ диагнозына ем таппай жүр
