Алматыдағы неке сарайы қаланың басқаруына қайтарылады
Алматыдағы "Жас Отау" неке сарайы жеке компанияға сенімгерлік басқаруға берілген. Алайда жөндеу жұмыстары уақытылы аяқталмағандықтан нысан мемелекет балансына қайтарылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 24.kz арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Алматы әкімдігінің мәліметінше, ғимарат 2024 жылы сенімгерлік басқаруға берілген. Бірақ осы уақытқа дейін жөндеу жұмысы басталмаған. Келісімшарт бойынша басқарушы компания жергілікті архитектуралық ескерткішті қалпына келтіруге 1 миллиард теңгеден астам қаражат салуға тиіс еді. Алайда бұрынғы АХАЖ ғимаратының ішінде құрылыс материалдары мен қоқыс үйіліп жатыр.

Алматы қаласының мемлекеттік активтер басқармасы келісімшартты бұзбақ. Одан кейін қайта жаңғырту жұмысы жергілікті бюджет есебінен жүргізілмек. Жұмыстың нақты қашан басталатыны әзірге белгісіз.
”Келісімшартта көрсетілген міндеттемелерді белгіленген мерзімде орындамағандықтан, сенімгерлік басқару шарты бұзылу рәсімі жүргізіліп жатыр. Кейін бұл нысан Алматы қаласының коммуналдық меншігінде қалады және қала әкімдігі нормативтік мерзімдерге сәйкес жобалау және құрылыс жұмыстарына кіріседі”, – деді Алматы қаласы Мемлекеттік активтер басқармасы бөлімінің бас маманы Мақпал Ишенова.
1971 жылы ашылған “Жас отау” неке сарайы жергілікті маңызы бар сәулет және қала құрылысы ескерткіші болып саналады. Екі бір-бірімен өрілген сақина түріндегі бұл ғимарат ондаған жылдар бойы алматылықтар үшін отбасылық өмірдің басты символы болып келді.
Алайда кейінгі жылдары бұл неке сарайы бос тұр. 2026 жылдың ақпанында ғимараттың қасбетінде күрделі жөндеуге дайындық жүріп жатқаны және сарайдың 2026 жылдың төртінші тоқсанында қайта ашылатыны туралы хабарландыру ілулі тұрған еді. Қазір де ғимарат тастанды нысан секілді көрінеді: терезелері сынған, қаптама плиткалары түсіп қалған, ал қасбетінде граффити көбейген.
Астаналық тұрғын ұлының Қазақстанда жоқ диагнозына ем таппай жүр