Қытайлық электрокар сағатына 503 шақырым жылдамдықпен әлемдік рекорд орнатты
Қытайдың BYD компаниясы шығарған Yangwang U9 Xtreme электромобилі сағатына 503,17 шақырым жылдамдыққа жетті. Осылайша, ол әлемдегі ең жылдам сериялық автокөлік әрі ең жылдам электромобиль атанды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі ixbt.com порталына сілтеме жасап хабарлайды.
CarNewsChina басылымының хабарлауынша, бұл нәтиже Yangwang U9 Xtreme моделіне бірден екі санат бойынша әлемдік рекорд орнатуға мүмкіндік берді. Ол ең жылдам сериялық автокөлік және ең жылдам электромобиль атанды. Абу-Дабидегі сынақ жұмыстары екі күнге созылған.
Айта кетейік, өткен жылы Германияның Папенбург қаласындағы сынақ полигонында бұл гиперкар сағатына 496,22 шақырым жылдамдыққа жеткен болатын. Сол кезде ол тарихтағы ең жылдам сериялық автокөлік деп танылған еді. Бұған дейін бұл рекорд сағатына 490 шақырым жылдамдық көрсеткен Bugatti Chiron Super Sport 300 Plus моделіне тиесілі болған. Ол әлі күнге дейін іштен жанатын қозғалтқышы бар ең жылдам көлік саналады.

BYD өкілдерінің мәліметінше, жаңа рекордқа қол жеткізу үшін артқы спойлердің шабуыл бұрышы оңтайландырылып, Giti Tire компаниясының жартылай жарысқа арналған шиналарындағы қысым реттелген. Сонымен қатар көліктің басқару жүйесінің бағдарламалық жасақтамасы жетілдірілген.
Yangwang U9 моделінің стандартты нұсқасының қуаты 960 кВт болса, Xtreme нұсқасында бұл көрсеткіш айтарлықтай артқан. Төрт электр қозғалтқышының әрқайсысы 555 кВт қуат өндіреді. Осылайша, көліктің жалпы қуаты 2220 кВт-қа жетеді.
Сондай-ақ гиперкарға BYD компаниясының Blade Battery литий-темір-фосфатты аккумуляторы орнатылған. Оның жұмыс кернеуі 1200 вольт. Ал стандартты нұсқада бұл көрсеткіш 800 вольт болған.
Қытайда Yangwang U9 Xtreme моделін сатып алуға болады. Бағасы – 20 миллион юань немесе шамамен 3 миллион доллар. Алғашқы көлікке алтын ұнтағы қосылған арнайы бояу жағылатыны хабарланды.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда электромобильдер саны артып келе жатқанымен, оларды қуаттау станциялары, жөндеу орталықтары мен қажетті инфрақұрылым жеткіліксіз. Мәжіліс депутаттары электр желілеріне түсетін жүктеме, жол қауіпсіздігі және автопилот режиміндегі апаттар үшін кім жауап беретіні мәселесін көтерген.
Астаналық тұрғын ұлының Қазақстанда жоқ диагнозына ем таппай жүр