Ferrari алғашқы электркөлігін таныстырды: Оның дизайнын Apple-дің бұрынғы дизайнері дайындаған

Италиялық әйгілі жарыс көліктерін шығаратын Ferrari бренді 26 мамырда Luce ("итальян тілінен аударғанда — "жарық") деп аталатын алғашқы электрлі көлігін таныстырды. Көліктің дизайнын iPhone және Apple-дың өзге де өнімдерінің дизайнына ұзақ жылдар бойы жауап берген Джони Айв жетекшілік ететін калифорниялық LoveFrom студиясы әзірлеген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жаңа электрокардың бағасы 550 мың еуро болады. Luce көлігі төрт электрқозғалтқышпен жабдықталған, яғни әр дөңгелекке бір қозғалтқыштан орнатылды. Соның арқасында көліктің қуаты 1050 ат күшіне жетеді. Ferrari-дің алғашқы электромобилі 2,5 секундта сағатына 100 шақырым жылдамдыққа дейін үдейді, ең жоғары жылдамдығы 310 км/сағ. Ал толық қуатталған кезде 530 шақырымға дейін жүре алады. Компанияның хабарлауынша, төрт есікті хэтчбектің салоны бес адамға арналған.
Ferrari өкілдерінің айтуынша, Luce көлігінің экологиялық артықшылығы тек зиянды шығарындылардың болмауымен шектелмейді. Компания өндіріс кезінде қайта өңделген алюминийді пайдалану арқылы көмірқышқыл газының (CO₂) шығарындыларын 70%-ға азайтқанын мәлімдеді. Көліктің ішкі әрлеуі ретро стильде жасалған: дәстүрлі батырмалар мен циферблаттар заманауи сенсорлық панельдермен үйлестірілген.
Ferrari компаниясының маркетинг және коммерция жөніндегі директоры Энрико Галлиера Financial Times басылымына берген сұхбатында Luce моделін нарыққа шығару арқылы компания ең алдымен гаражында электромобильі бар тұтынушыларды мақсат етіп отырғанын айтты.
"Даму мен экологияны бір-біріне қарсы қоюға болмайды": Алматылықтарға болашақ Superski курортының маңызы түсіндірілді