Шетелдік инвестиция тарту жүйесі өзгереді: Kazakh Invest "Бәйтерекке" қосылуы мүмкін
Қазақстанда инвестиция тарту жүйесін өзгерту жоспарланып отыр. Осыған байланысты шетелдік инвесторларды тартумен айналысатын Kazakh Invest ұлттық компаниясын “Бәйтерек” холдингімен біріктіру ұсынылды. Бұл туралы Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді шетел мемлекеттерінің өкілдерімен кездесуде айтты. Бұл туралы Stan.kz хабарлайды.
Министрдің сөзінше, Қазақстанға шетелден тек қаржы тарту жеткіліксіз. Елге жаңа технологиялар, өндірістік тәжірибе және тиімді басқару тәсілдері де қажет. Қазір инвестиция тарту жұмыстары бірнеше мемлекеттік орган арасында бөлінген. Ұлттық экономика министрлігі инвестициялық саясатқа жауап берсе, Сыртқы істер министрлігі шетелдік инвесторларды іздеу, олармен келіссөз жүргізу және бірлескен жобаларды іске асыруға көмектеседі.
Енді осы жүйені қайта қарау көзделіп отыр. Мұхтар Тілеубердінің айтуынша, Kazakh Invest компаниясының қазіргі мүмкіндіктері шектеулі. Ол шетелдік инвесторларды тауып, жобаларын сүйемелдегенімен, сол жобаларға серіктестерімен бірге қаржы сала алмайды.
“Сондықтан біз “Бәйтерек” холдингін Қазақстандағы жобаларды іске асыруға және бірлесіп инвестиция салуға жауап беретін тетік ретінде қарастырып отырмыз”, – деді министр.
“Бәйтерек” қандай міндет атқарады?
Ұсынылып отырған өзгеріс бойынша, “Бәйтерек” холдингі Қазақстандағы инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға және шетелдік серіктестермен бірге қаржы салуға қатысады.
Ал Сыртқы істер министрлігі шетелдік инвесторларды іздеу, олармен келіссөз жүргізу және Қазақстанға инвестиция тарту жұмысын жалғастырады.
Айта кетейік, “Бәйтерек” холдингіне жеті ұйым кіреді. Олардың қатарында Қазақстанның Даму банкі, “Отбасы банк”, “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры, Қазақстан тұрғын үй компаниясы, Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі, Qazaqstan Investment Corporation және Аграрлық несие корпорациясы бар.
Kazakh Invest компаниясы шетелдік инвесторларды тарту және олардың Қазақстандағы жобаларын сүйемелдеумен айналысады. Ал оны “Бәйтерекпен” біріктіру туралы ұсыныс әзірге талқыланып жатқан өзгеріс. Компаниялардың бірігу тәртібі мен мерзімі туралы нақты шешім жарияланған жоқ.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан мен Қытай бірлескен инвестициялық қор ашуды жоспарлап отырғаны белгілі болған.
