"Балам комада жатқанда заттарын шығарып тастаған": Ақтөбеде қаза тапқан студенттің анасы жатақхана қызметкерлерін де жауапқа тартуды талап етті
Ақтөбеде жатақхананың төртінші қабатынан құлап, көз жұмған 16 жастағы Нұрбақыт Бақыттың өліміне қатысты сот жалғасып жатыр. Бүгінгі отырыста қайғылы оқиғаға куә болған студенттің тергеу кезінде берген жауабы бейнежазба арқылы көрсетілді. Ал марқұмның анасы колледж басшылығы мен жатақхана қызметкерлерін де жауапқа тартуды талап етті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бұл іс бойынша төртінші курс студенті Мәди Сүгербай сот алдында жауап беріп жатыр. Оған Қылмыстық кодекстің 119-бабының 3-бөлігі (қауіпті жағдайда қалдыру салдарынан адамның абайсызда қайтыс болуы) және 104-бабының 1-бөлігі (абайсызда қазаға ұшырату) бойынша айып тағылған. Алайда ол өзіне тағылған айыптарды мойындамайды.

Куәгер студент не айтты?
Сотта Нұрбақыт құлаған кезде жанында болған студенттердің бірінің тергеу барысында берген жауабы көрсетілді. Бейнежазбадағы куәгер жоғары курс студенттерінен қорыққанын айтқан. Оның сөзінше, олар төсек жаймаларын бір-біріне байлап, терезеден төмен түспек болған.
Куәгер бастапқыда бөлменің есігін жауып тұрғанын, кейін өзі де төсек жаймасынан жасалған арқанның бір шетін ұстағанын айтты. Ал Нұрбақыт құлағаннан кейін терезеден басын шығарып, оны дауыстап шақырған. Сол кезде төменде жатқан жасөспірімнің қырылдаған дауысын естіген.
"Баламды сеніп тапсырған едім"
Сотта марқұмның анасы Күлайым Қолова да сөз сөйледі. Оның айтуынша, 29 сәуір күні таңғы сағат төрт шамасында жатақхана қызметкері хабарласып, ұлының терезеден құлағанын айтыпты.

Қаралы хабарды естіген ана Қызылорда облысының Арал ауданынан Ақтөбеге жеткен. Алайда жансақтау бөлімінде жатқан Нұрбақыт есін жимастан көз жұмған. Күлайым Қолованың сөзінше, алғашында жатақхана қызметкерлері баласының тамақ іздеп, терезеден өздігінен түспек болғанын айтқан. Бірақ анасы бұған сенбейді.
"Жатақханаға барып, не болғанын сұрағанымда, балам тамақ іздеп, өзі терезеден шығып кеткенін айтты. Бірақ мен бұған сенбедім. Себебі сол күні кешкі сағат 18:30 шамасында балам тамақ алуға ақша сұрады. Ақшасын жібердік. Тіпті видеоқоңырау арқылы сөйлесіп, қандай тамақ алғанын да көрсетті. Әділ сот болуын талап етемін. Менің баламнан бес жас үлкен студент оны қорқытып, жұмсаған", – деді марқұмның анасы.
Ол қайғылы жағдайға тек айыпталушы емес, колледж басшылығы мен жатақхана қызметкерлері де жауап беруі керек деп есептейді.
"Жатақхана қызметкерлеріне де ренішім бар. Мен баламды оларға сеніп тапсырдым. Олар балаларға қарауға міндетті еді. Балам комада жатқанда, бір аптадан кейін оның чемоданын жатақханадан шығарып тастаған. Сондықтан колледж басшылығы мен жатақхана қызметкерлері де жауап беруі керек. Ұлымның қара жерде жатқанына бес ай болды", – деді Күлайым Қолова.
"Бір ауыз көңіл айтуға да жарамады"
Марқұмның анасы айыпталушы тарап осы уақытқа дейін өздеріне көңіл айтып, кешірім сұрамағанын да жеткізді.
"Ешкім кешірім сұрап, көңіл айтуға келген жоқ. Қазақпыз ғой, ең болмаса "Қазаның арты қайырлы болсын" деген бір ауыз сөз айтуға болатын еді. Балам ауруханада 42 күн жатқанда, "Балаң қалай?" деп бір адам хабарласпады. Бірінші сот отырысында қорғаушылары көңіл айтты. Ал туыстары ештеңе демеді", – деді ол.
Күлайым Қолованың айтуынша, Нұрбақыт отбасындағы бес баланың үшіншісі еді. Анасы ұлын бауырмал, жақындарына үнемі көмектесіп жүретін бала ретінде еске алады.
Айыпталушының анасы не дейді?

Сот отырысына айыпталушы Мәди Сүгербайдың анасы Бақытжамал Шабаева да қатысты. Ол ұлының кінәсі дәлелденбегенін айтып, тағылған айыптармен келіспейтінін жеткізді.
"Менің балам кінәлі емес. Оның жазығы – маған да бірдеңе алып кел деп ақша бергені. Ол ешкімді ұрып-соққан жоқ. Баламның шыбынға да жазығы жоқ. Бар кінәні менің балама аударып жатыр. Маған да оңай емес. Ең басында көңіл айтуға барғанда бізді қуып жіберді. Сот әлі жүріп жатыр, ештеңе дәлелденген жоқ", – деді Бақытжамал Шабаева.
Оқиға қалай болған еді?
Еске салсақ, қайғылы оқиға 29 сәуірде Ақтөбе көлік, байланыс және жаңа технологиялар колледжінің жатақханасында болған.
Тергеу нұсқасы бойынша, төртінші курс студенті Мәди Сүгербай 16 жастағы Нұрбақыт Бақытты төртінші қабаттың терезесінен түсіп, дүкенге баруға мәжбүрлеген. Жасөспірім төсек жаймаларынан жасалған арқанмен төмен түсіп бара жатқанда құлап, ауыр жарақат алған.
Нұрбақыт жансақтау бөлімінде 42 күн бойы ес-түссіз жатқан. Дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады. Қазір сотта қылмыстық іс материалдары зерттеліп жатыр. Айыпталушының кінәсіне қатысты түпкілікті шешім шығарылған жоқ.
Еске салсақ, бұған дейін Қызылордада 13 жастағы жасөспіріммен болған жанжалдан кейін тағы бір жасөспірімнің қаза тапқаны хабарланған еді. Марқұмның туыстарының айтуынша, қайғылы оқиғаға 1000 теңгеге байланысты туған дау себеп болуы мүмкін. Жанжал кезінде жасөспірімнің кеудесіне бұрауыш сұғылып, ол оқиға орнында көз жұмған.
"Балам комада жатқанда заттарын шығарып тастаған": Ақтөбеде қаза тапқан студенттің анасы жатақхана қызметкерлерін де жауапқа тартуды талап етті
