Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда палау әзірлеу Өзбекстаннан қарағанда әлдеқайда арзан болып шықты

палау әзірлеу
Фото: magnific.com

Қазақстанда палау дайындауға қажетті азық-түлік жиынтығы көрші елдермен салыстырғанда арзанырақ. Алайда ел ішінде де өнім бағасы өңірге қарай айтарлықтай өзгереді. Кей қалаларда палау себеті қымбаттаса, кейбірінде керісінше арзандаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Finprom.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Қазақстанда палау әзірлеуге қажетті азық-түлік жиынтығы көрші елдермен салыстырғанда арзанырақ. 2026 жылдың қазан айында алты түрлі өнімнен тұратын себеттің орташа құны 3 728 теңге болған. Ал Қырғызстанда бұл көрсеткіш 4 383 теңгеге, Өзбекстанда 4 570 теңгеге жеткен. Осылайша, Қазақстанда палау дайындауға қажетті өнімдер Қырғызстанға қарағанда 17,6%-ға, ал Өзбекстанмен салыстырғанда 22,6%-ға арзан.

Зерттеуге күріш, сәбіз, сиыр еті, күнбағыс майы, пияз және тұз кірген. Есептеулер бойынша, Қырғызстанда осы өнімдердің жиынтық құны 850 сом немесе 4 383 теңге болған. Ал Өзбекстанда 120,7 мың сумға, яғни 4 570 теңгеге жеткен.

Ел астаналарындағы бағаны салыстырғанда да Қазақстандағы көрсеткіш төмен болған. Астанада палау дайындауға қажетті өнімдер жиынтығы 3 676 теңге тұрған. Ал Бішкекте оның құны 4 487 теңге, Ташкентте 4 934 теңге болған.

Зерттеуде палау себетінің жалпы құнына ең көп әсер ететін өнім сиыр еті екені атап өтілген. Оның үлесіне барлық шығынның шамамен 70%-ы тиесілі. Сиыр етінің бір келісі Қазақстанда орта есеппен 3 811 теңге болса, Қырғызстанда 4 312 теңге, Өзбекстанда 4 639 теңге болған.

Күріш бағасы бойынша да Қазақстан алда. Оның бір келісі елде орта есеппен 541 теңгеден сатылған. Ал Қырғызстанда 735 теңге, Өзбекстанда 782 теңге болған. Қазақстанда азық-түлік себетінің құны бір жылда 5,3%-ға өскен. Қырғызстанда жылдық өсім 12%, ал Өзбекстанда 11,6% болған. Демек, көрші елдерде палау дайындауға қажетті өнімдер Қазақстанға қарағанда жылдамырақ қымбаттаған.

Қазақстан қалалары арасында палау әзірлеуге қажетті азық-түлік себеті Өскеменде ең қымбат болған. Мұнда оның құны 4 113 теңге. Алматыда 3 938 теңге, Шымкентте 3 901 теңге болған. Ал ең арзан себет Түркістанда тіркелген – 3 352 теңге. Қызылордада 3 471 теңге, Көкшетауда 3 476 теңге болған.

Бір жылда азық-түлік себетінің құны ең көп Алматыда қымбаттаған. Қалада баға өсімі 15,9%-ды құраған. Атырауда 13%-ға, Талдықорғанда 12,7%-ға артқан. Ал кейбір қалаларда керісінше арзандаған. Мәселен, Ақтауда азық-түлік себетінің құны 12%-ға, Петропавлда 5,2%-ға, Көкшетауда 4,7%-ға, Астанада 4,3%-ға төмендеген.

Жекелеген өнімдердің бағасында да айтарлықтай өзгерістер болған. Ақтауда күріш бағасы бір жылда 47,9%-ға, Астанада 22,6%-ға арзандаған. Ал Петропавлда сиыр етінің құны 9,7%-ға төмендеген.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстан өңірлерінде палау дайындау қанша тұратыны туралы материал жариялаған едік. Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйенген есеп бойынша, бір қазан палаудың орташа құны елде 6,1 мың теңге болған. Ең қымбат палау Алматыда – 6,7 мың теңге, ал ең арзаны Оралда – 5 мың теңге тіркелген. Сонымен қатар орташа жалақыға шаққанда Атырау тұрғындары 101 қазан палау дайындай алатыны анықталған. Ал Түркістан облысында бұл көрсеткіш небәрі 51 қазан болған.

Айым Атамбаева
Сенбі, 28 Қараша, 2026 09:34