Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда метроға жаңбыр суы толмасын деп кіреберісіне құм толтырылған қаптар қойылды

метро қап құм су
Фото: Әлеуметтік желіден

Алматыда жуырда су басқан "Алатау" метро станциясының кіреберісіне құм толтырылған қаптар төселді. Метроны кіре берісінде жатқан қаптардың суреті әлеуметтік желіде тарады. Алайда уақытша қорғаныс ретінде қойылған қаптар көру қабілеті нашар және зағип жолаушыларға арналған тактильді жолақтарды жауып қалған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Жарияланған суреттен метро станциясына түсетін баспалдақ пен жаяу жүргіншілер жолының бойына құм толтырылған қаптар тізіліп қойылғанын көруге болады. Жазба авторы олардың мүмкіндігі шектеулі жолаушыларға арналған тактильді жолақтарды жауып тұрғанын айтты.

"Метро алдыңғы жағдайдан сабақ алып, "Алатау" станциясын су басудан қорғаудың өте ұқыпты, жоғары технологиялық әрі инклюзивті шешімін тапқан екен", – деп жазды әлеуметтік желі қолданушысы.

Неліктен құм толтырылған қаптар қойылды?

Алматы метросының баспасөз қызметі құм салынған қаптардың уақытша шара ретінде орнатылғанын түсіндірді. Олар станцияны қайтадан су басуы мүмкін жағдайдың алдын алу үшін қойылған.

"Алдағы уақытта су өткізбейтін понтонды бөгеттер сатып алу жоспарланып отыр. Олар сенімді әрі сыртқы көрінісі жағынан да қолайлы шешім болады", – деп хабарлады метроның баспасөз қызметі.

Алайда мекеме жаңа қорғаныс бөгеттерін сатып алу мерзімі мен оған жұмсалатын қаражат көлемін нақтыламады.

Көру қабілеті нашар жолаушылар станцияға қалай кіреді?

Арнайы жолақтар жолаушыларға бағыт-бағдарды анықтап, қауіпсіз қозғалуына көмектеседі. Алайда ол құп толы қаптың астында қалды.

Баспасөз қызметі мұндай жолаушыларға станцияның басқа кіреберістерін пайдалануды ұсынды. "Қозғалысы шектеулі жолаушылар станцияның басқа кіреберістері арқылы өте алады. Себебі станцияда бірнеше кіреберіс тобы қарастырылған", – деп жауап берді метро өкілдері.

Басқа метро станцияларын да су басуы мүмкін бе?

Метро баспасөз қызметі бұл сұраққа да жауап берді. Ведомство мәліметінше, станциялардың кіреберіс топтарын су басу қаупі бар. Өйткені олардың маңында су бұру жүйелері орналасқан. Сондықтан кезекші қызметкерлер бұл аумақтарды үнемі бақылап отырады.

"Станциялардың кіреберісін су басу қаупі бар. Себебі олардың жанында су бұру жүйелері орналасқан. Кезекші қызметкерлер бұл орындарды бақылап, қажет болған жағдайда ақауларды жою үшін тиісті мамандарды шақырады", – деп хабарлады метрополитен.

Алайда мекеме су басу қаупі бар нақты станциялардың атауын айтпады. Сонымен қатар метро маңындағы су бұру жүйесі кәсіпорынның жауапкершілік аймағына кірмейтінін атап өтті.

Еске салайық, бұған дейін толассыз жауған жаңбырдан соң Алматы көшелері мен “Алатау” метросын су басып қалған еді. Тұрғындар арық жүйесін сынға алды. Бұдан бөлек тұрғындар Алатау метро станциясының кіре берісі суға толған сурет, видеолармен де бөлісті. Айтуларынша бұл аймақта су басу мәселесін тұрғындар бұрыннан көтеріп жүр. Кейін Алматы метросы оқиғаны растады.

Айым Болатқызы
Жұма, 27 Қараша, 2026 15:59