Мәслихат сайлауы: Бас прокуратура сайлауалды үгітке қатысты 13 заң бұзушылық анықтады
Қазақстанда барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарын кезектен тыс сайлау қарсаңында прокуратура органдары сайлау заңнамасын бұзудың 13 дерегін анықтады. Оның жетеуі үгіт жүргізуге тыйым салынған кезеңде сайлауалды үгіт жұмыстарын ұйымдастыруға қатысты. Заң бұзғандардың барлығы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Бас прокурорының орынбасары Ерлан Өтегеновтің үндеуінде сайлауалды үгіт жұмыстары 2026 жылғы 28 қарашада сағат 00:00-де аяқталатыны ескертілді. Осыған байланысты 28 және 29 қараша күндері кез келген сайлауалды үгіт жүргізуге тыйым салынады.
Сонымен қатар сайлау комиссиялары мен дауыс беру пункттерінің ғимараттарынан тыс жерлерде бұрын орналастырылған баспа үгіт материалдарын сол орнында қалдыруға рұқсат етіледі. Бұл талап интернетте жарияланған үгіт материалдарына да қатысты. Алайда оларды интернет-ресурстардың басты бетіне қайта шығарып, орналастыруға болмайды.
Сайлау күні толтырылған бюллетеньді фотоға немесе видеоға түсіруге, сондай-ақ мұндай материалдарды таратуға тыйым салынады.
Үгіт жүргізуге тыйым салынған кезеңде сайлауалды үгіт ұйымдастырғандарға Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 102-бабына сәйкес айыппұл салынады. Оның мөлшері:
-
Жеке тұлғаларға – 15 АЕК;
-
Шағын кәсіпкерлік субъектілері мен коммерциялық емес ұйымдарға – 20 АЕК;
-
Орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 25 АЕК;
-
Ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 35 АЕК.
Бұдан бөлек, сайлауға дейінгі бес күн ішінде және дауыс беру күні бұқаралық ақпарат құралдары мен онлайн-платформаларда қоғамдық пікір сауалнамаларының нәтижелерін, сайлау қорытындысына қатысты болжамдарды және сайлауға байланысты өзге де зерттеулерді жариялауға болмайды.
Сондай-ақ сайлау күні дауыс беру ғимараттары мен пункттерінің ішінде қоғамдық пікірге сауалнама жүргізуге тыйым салынады.
Бұл талаптарды бұзған жағдайда жеке тұлғаларға 10 АЕК, ал заңды тұлғаларға 25 АЕК көлемінде айыппұл қарастырылған.
Бейбіт жиналыстар өткізу тәртібі де ескертілді
Бас прокуратура өкілдері бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру мен өткізу тәртібін де еске салды. Ведомствоның мәліметінше, жиналыстар, митингілер мен пикеттер өткізу үшін хабарлама беру тәртібі қарастырылған. Ал демонстрациялар мен шерулерді ұйымдастыру үшін алдын ала келісім алу қажет.
Белгіленген тәртіпті бұзып, бейбіт жиналыстар ұйымдастырғаны немесе оған қатысқаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 488-бабы бойынша жауапкершілік көзделген.
Егер мұндай әрекеттер азаматтардың, ұйымдардың, қоғамның немесе мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделеріне елеулі зиян келтірсе, Қылмыстық кодекстің 400-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.
Сонымен қатар прокуратура өкілдері бұқаралық ақпарат құралдары мен интернетте жалған ақпарат және заңға қайшы контент таратқандар да жауапқа тартылатынын ескертті. Құқық бұзушылықтың қоғамға қауіптілік деңгейі мен келтірілген зиянына қарай әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілік қолданылады.
Бас прокуратура сайлау процесіне қатысушылардың барлығын заң талаптарын қатаң сақтап, құқыққа қайшы әрекеттерге жол бермеуге шақырды.
Еске салсақ, 12 қазанда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы жарлыққа қол қойған еді. Барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы 2026 жылғы 29 қарашаға белгіленді.
Төрт мезгіл тамақ, киім мен жатын орын: Қазақстан баспанасыздарға қандай көмек береді
