Wildberries Қазақстанда такси қызметін іске қосуға дайындалып жатыр
Қазақстанда такси нарығына жаңа ойыншы қосылуы мүмкін. Taxi.kz порталының негізін қалаушы Тимур Худайбергенов Wildberries компаниясы Қазақстанда такси қызметін іске қосатынын мәлімдеді. Қазір WB Taxi төрт елде жұмыс істейді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Wildberries таксиі қай елдерде жұмыс істейді?
Тимур Худайбергенов бұл туралы YouTube желісіндегі “Бизнес-Ниндзя” арнасына берген сұхбатында айтты.
“Иә, Wildberries таксиі Қазақстанға келеді”, – деді ол.
WB Taxi қызметі 2025 жылдың шілдесінде Беларусь астанасы Минскіде сынақтан өткен. Сол жылдың желтоқсанында Ташкентте іске қосылды. 2026 жылғы наурызда Қырғызстанда, ал қыркүйекте Арменияда жұмысын бастады.

Сервис жергілікті таксопарктермен және тасымалдаушылармен серіктестік негізінде жұмыс істейді. Жолаушыларға бірнеше тариф ұсынылады, ал жүргізушілерге агрегатор комиссиясының төмендетілген мөлшерлемесі мен тұрақты төлемдер қарастырылған.
2026 жылғы 25 қарашадағы мәлімет бойынша, WB Taxi жолаушыларға арналған қосымшасын Google Play дүкенінен 1 миллионнан астам рет жүктеген. Ал жүргізушілерге арналған WB FLOT қосымшасын жүктеу саны 100 мыңнан асқан.
Қазақстанда такси нарығында кімдер бар?
Қазір Қазақстанда такси шақыру нарығында Yandex Go мен inDrive негізгі ойыншылар саналады. Сонымен қатар елде Maxim, Aparu, Region Taxi сияқты сервистер жұмыс істейді.
Биыл маусымда Алматыда вьетнамдық Green SM электротакси қызметі іске қосылды. Ал қарашада отандық Qajet Taxi сервисіне мемлекеттің технологиялық қолдау көрсететіні белгілі болды.
Неге Қазақстанда жаңа такси қызметтеріне сұраныс бар?
Такси нарығындағы балама сервистерге қызығушылықтың артуына қазан айында Yandex Go жұмысының уақытша тоқтауы да әсер етті. 2026 жылғы 11 қазанда Қазақстанда сервис жұмысы бұзылып, пайдаланушылар такси шақыру, тамақ пен тауар жеткізу қызметтерін пайдалана алмады. Жүргізушілер мен курьерлер де тапсырыс қабылдауда қиындықтарға тап болды.
Осы оқиғадан кейін отандық Qajet Taxi-дің технологиялық мүмкіндіктерін дамыту мәселесі көтерілді. Енді Wildberries-тің ықтимал келуі нарықтағы бәсекені күшейтуі мүмкін.
Айта кетейік, 2026 жылдан бастап Қазақстанда өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға арналған жаңа арнаулы салық режимі енгізілді. Оған сәйкес, олар жеке табыс салығынан босатылып, табысының 4%-ын әлеуметтік төлемдерге аударуы керек. Бұл режимді такси жүргізушілері, курьерлер және басқа да рұқсат етілген қызмет түрлерімен айналысатын азаматтар қолдана алады.
Төрт мезгіл тамақ, киім мен жатын орын: Қазақстан баспанасыздарға қандай көмек береді