Алматыда такси жүргізушісі 15 жастағы қызға жыныстық сипаттағы әрекеттер жасады деген күдікке ілінді
Алматыда такси жүргізушісі 15 жастағы қызға қатысты жыныстық сипаттағы заңсыз әрекеттер жасады деген күдікке ілінді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Кәмелетке толмаған қыздың анасы Алмалы аудандық полиция басқармасына арызданған. Қыздың айтуынша, такси жүргізушісі оған рұқсатсыз қол тигізіп, межелі жерге жеткен соң көліктен шығармай ұстап қалып, сүймек болған.

Күдіктінің жеке басы анықталып, ол уақытша ұстау изоляторына қамалды.
"Бұл дерек бойынша бірден сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Күдіктінің жеке басы анықталып, ол уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазір оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты әрі объективті анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және олардың құқықтарын қорғау – біздің жұмысымыздың басты басымдығы", – деді Алмалы аудандық Полиция басқармасының бастығы Мақсат Пшан.
Сонымен қатар, полицейлер кәмелетке толмағандарға қатысты болуы мүмкін кез келген заңсыз әрекет туралы ақпарат полицияның ерекше бақылауында екенін мәлімдеді.
Еске салсақ, осыған дейін Алматыда такси жүргізушісі 18 жасар қызды ұрлап әкетіп, зорлады деген күдікке ілінген еді.