Ғарышта дерек өңдемек: Илон Масктың компаниясына орбитаға миллионға дейін жерсерік ұшыруға рұқсат берілді
АҚШ-тың Федералдық байланыс комиссиясы Илон Масктың SpaceX компаниясына ғарышта дерек өңдеу орталықтарын құруға рұқсат берді. Starmind деп аталатын жоба бойынша компания Жер орбитасына миллионға дейін жерсерік шығара алады. Күн қуатымен жұмыс істейтін аппараттар жасанды интеллект жүйелеріне қажет есептеулерді ғарышта орындап, нәтижесін Жерге жібермек. АҚШ-та мұндай жобаға алғаш рет рұқсат беріліп отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BBC-ге сілтеме жасап хабарлайды.
SpaceX жасанды интеллектіге қажет есептеулердің бір бөлігін ғарышта орындауды көздейді. Ол үшін Starmind жерсеріктері Жерден 500–2 000 шақырым биіктіктегі орбитаға орналастырылады. Аппараттар Күннен қуат алып, деректерді өңдейді. Содан кейін нәтижесін Starlink жерсеріктеріне жібереді. Ақпарат солар арқылы Жерге жетеді. Қазір SpaceX-тің Starlink желісінде жоғары жылдамдықты интернет тарататын 10 мыңнан астам жерсерік бар.
Компания алғашқы Starmind жерсерігін 2027 жылы ұшыруды жоспарлап отыр. Ал лицензия шарты бойынша SpaceX жерсеріктерді орбитаға орналастыруды 2033 жылғы қарашадан кешіктірмей бастауы керек. 2035 жылғы қарашаға қарай рұқсат берілген аппараттардың 10%-ы, яғни 100 мыңы, ал 2038 жылғы қарашаға қарай жартысы орбитаға шығарылуға тиіс. Компанияның түптің түбінде миллион жерсеріктің бәрін ұшыра ма, әлде аз санмен шектеле ме деген сұраққа әзірге нақты жауап жоқ.
Илон Маск комиссия шешіміне қатысты пікірін Х әлеуметтік желісінде білдірді.
“Көп рақмет. Бұл Америкаға да, бүкіл әлемге де пайдасын тигізеді”, – деп жазды ол.
Федералдық байланыс комиссиясының төрағасы Брендан Каррдың айтуынша, жоба АҚШ-тың ғарыш саласындағы тәжірибесін озық есептеу технологияларымен ұштастырып, елдің экономикалық көшбасшылығын нығайтуға мүмкіндік береді.
Комиссия мәлімдемесінде 1960 жылдары астроном Николай Кардашев ұсынған өркениеттер шкаласы да аталды. Осы шкала бойынша өз жұлдызы бөлетін энергияны түгел игере алатын өркениет екінші типке жатады. Комиссия Күн қуатын орбитада пайдалануды сол бағыттағы қадам деп бағалап отыр.
Дерек өңдеу орталықтарын неге ғарышқа шығармақ?
Жасанды интеллект кеңінен қолданыла бастағалы әлемде сақтауды және өңдеуді қажет ететін деректер көлемі күрт өсті. Сол деректерді өңдейтін орталықтарды салуға үлкен аумақ, серверлерді тәулік бойы жұмыс істетуге мол электр қуаты қажет. Жабдықты салқындатуға да көп су жұмсалады. Сондықтан жаңа орталықтарға қолайлы жер табу қиындап барады.

АҚШ-тың бірқатар өңірінде тұрғындар мұндай нысандардың өздері тұратын жерге жақын салынуына қарсы. Қарашаның басында өткен аралық сайлау кезінде бұл мәселе сайлауалды науқанның негізгі тақырыптарының біріне айналды. Демократиялық партияның бірқатар кандидаты дерек өңдеу орталықтарының құрылысына қойылатын талаптарды күшейтуге уәде берді. Федералдық комиссия SpaceX жобасына рұқсат бергенде тұрғындардың осы алаңдаушылығын да ескерген.
SpaceX жасанды интеллектіге қажет есептеу қуатына сұраныс қазірдің өзінде жердегі орталықтардың мүмкіндігінен асып барады деп пайым шығарды. Компания Күн қуатымен жұмыс істейтін орбиталық жүйені осы сұранысты өтеудің ең үнемді жолы деп санайды. Ғарышта дерек өңдеу мүмкіндігін Google мен Blue Origin компаниялары да зерттеп жатыр.
Орбитаға осынша жерсерік шығарудың қандай қаупі бар?
BBC-ге пікір білдірген сарапшылардың айтуынша, жабдықты ғарышқа жеткізудің өзі әлі де қымбатқа түседі. Ал орбитаға шыққаннан кейін құрылғыларды қуатпен үздіксіз қамту, есептеу кезінде бөлінетін жылуды сыртқа шығару және аппараттарды ғарыш қоқысынан қорғау қажет. Мұның әрқайсысы күрделі техникалық шешімді талап етеді.
Тағы бір мәселе – жерсеріктердің соқтығысу қаупі. Төменгі орбитада аппараттар көбейген сайын мұндай оқиғаның ықтималдығы да артады. Соқтығысқан аппараттардың сынықтары басқа жерсеріктерді зақымдауы, ал кейбірі Жерге құлауы мүмкін.
Еске салайық, бұған дейін Илон Маск құрған xAI компаниясы болашақ оқиғаларды болжайтын стартап іске қосқаны хабарланған еді.
