Алматыда Сәтбаев көшесіндегі ірі шыршаларды жаппай қазып алды – Әкімдік жауап берді

Алматыдағы Сәтбаев көшесінде өсіп тұрған ірі шыршаларды тамырымен қазып алып, қаланың басқа аумақтарына көшірді. Бұған ағаштардың бір-біріне тым жақын отырғызылуы себеп болған. Қала әкімдігі шыршалардың тығыз орналасуы олардың дұрыс өсіп-жетілуіне кедергі келтіргенін түсіндірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Әкімдіктің мәліметінше, ағаштарды көшіру жұмыстарына олар тұрған аумаққа иелік ететін заңды тұлға қаражат бөлген. Мамандар шыршаларды басқа жерге отырғызу кезінде агротехникалық талаптарды сақтаған.
Бұрын шыршалар тұрған аумақ та бос қалмайды. Мұнда жаңа ағаштар отырғызу жоспарланған.
Ал көшірілген ірі шыршалар қаланың саябақтары мен скверлеріне орналастырылған. Осылайша, ағаштарды кесудің орнына оларды сақтап қалу туралы шешім қабылданған.
Алматы әкімдігі бұл жұмыстар қаладағы жасыл желекті сақтап, көгалдандырылған аумақтарды көбейтуге бағытталғанын мәлімдеді.
Бұған дейін Ақтөбеде кәсіпкер саябақтағы 100-ден аса ағашты заңсыз отап тастағаны туралы жазған едік. Белгілі болғандай, жеке компания өкілдері өздеріне тиесілі аумақта ағаштарды кесу кезінде шектен шығып, қалалық жасыл қор аумағындағы көлемі 3 мың шаршы метр жердегі ағаштарды да отаған.
“Менің ойымша, біздің қаладағы ағаштарды кесу – мүлдем дұрыс емес. Бір кездері бұған біреулер қатты қарсылық білдіріп, белгілі бір нәтижелерге қол жеткізген сияқты. Әсіресе, триатлон саябағында мұндайға жол беруге болмайды. Бұл – оттегіге бай, адамдардың демалуына арналған жалғыз орындардың бірі”, – дейді Ақтөбе қаласының тұрғыны Динара Құрғанбаева.
Алғашқылардың бірі болып дабыл қаққандар – экоактивистер мен жергілікті тұрғындар.
