Түркия Астанадағы елшілік құрылысына кеткен 15 миллион доллардың есебін бере алмай отыр
Түркия парламентінде Астанадағы елшіліктің құрылысына бөлінген 15 миллион доллардың (6,8 миллиард теңге) тағдыры қайта көтерілді. Түркия Сыртқы істер министрлігінің құжаттарында бұл қаражат мердігер компанияға қолма-қол берілгені көрсетілген. Алайда компания ақшаны алмағанын айтады. Оған қоса, төлем құжаттарындағы қолтаңбалардың түпнұсқалығы да күмән тудырып отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
19 қарашада Түркия парламентінің депутаты Айсу Банкоглу осы мәселеге қатысты сауал көтерді. Ол оппозициялық Республикалық халық партиясының (CHP) өкілі әрі Бартын провинциясынан сайланған депутат. Банкоглу бұл мәселені Түркия Сыртқы істер министрлігінің шығындары талқыланған парламенттің жоспарлау және бюджет жөніндегі комиссия отырысында айтты.

Парламенттің ресми хаттамасына сәйкес, дау Астанада Түркия елшілігінің кеңсесін, резиденциясын және елшілік қызметкерлеріне арналған тұрғын үйлерді салуға қатысты.
2007 жылы маусымда Түркия Сыртқы істер министрлігі Yapı Uluslararası İnşaat компаниясымен 26,25 миллион долларға келісімшарт жасасқан.
Банкоглудың айтуынша, мердігер құрылыс жұмыстарының шамамен 96%-ын аяқтаған. Алайда кейін компания келісілген ақшаның бір бөлігін алмағанын айтып, сотқа жүгінген.
Төлем құжаттарына қатысты қандай күмән бар?
Даудың негізгі себебі – мердігерге 15 миллион долларға жуық қаражат қолма-қол берілгені көрсетілген төрт құжат. Депутаттың айтуынша, Түркияның бұрынғы елшісі Танер Себен мен әкімшілік атташесі Бүлент Юкселтюрк құжаттардағы өзіне тиесілі делінген қолтаңбаларды мойындамаған.
Банкоглу құжаттардағы күндер мен орындалған жұмыс көлеміне қатысты мәліметтердің де бір-біріне сәйкес келмейтінін айтты. Оның сөзінше, сот құрылыс компаниясының талабын қолдаған. Ал Сыртқы істер министрлігінің қарсылығы сот шешімін өзгерте алмаған.
“Бұл 15 миллион доллар кімге, қашан және қандай жолмен төленген? Құжаттардың түпнұсқалығы мен қолтаңбалардың қолдан жасалғаны туралы мәлімдемелер тексерілді ме”, – деп сұрады депутат.
Ол осы жағдайға байланысты министрлік ішінде немесе сотта тексеру жүргізілген-жүргізілмегенін және оның нәтижесі қандай болғанын түсіндіруді талап етті.
Түркия Сыртқы істер министрлігі не дейді?
Елшілік құрылысына қатысты дау қазір ғана туындаған жоқ. 2026 жылы маусымда Түркия Сыртқы істер министрлігі бұл мәселеге қатысты ресми түсініктеме берген.
Министрлік мердігер компанияға келісімшартта көрсетілген барлық төлем толық жасалғанын мәлімдеген. Ведомствоның нұсқасы бойынша, Астанада есеп айырысу кезінде қолма-қол ақша пайдаланылған және әр төлем тиісті құжаттармен рәсімделген. Министрлік мұндай тәсілді сол кезеңде Қазақстанда жұмыс істеу жағдайымен түсіндірген.
Сонымен қатар ведомство соңғы төлем компанияның сот шешімдері бойынша жұмысшылар алдындағы берешегін өтеуге бағытталғанын хабарлаған. Осылайша, Түркия Сыртқы істер министрлігі мердігер компания алдында қарызы бар екенін жоққа шығарып отыр.
Бұдан бөлек, Түркия парламентінің ресми сайтында Сыртқы істер министрі Хакан Фиданның елшілік құрылысына қатысты депутаттық сауалға берген жазбаша жауабы жарияланған. Құжат 2026 жылы 19 қарашада рәсімделген.
Әзірге тараптардың мәлімдемелері 15 миллион доллардың жоғалғанын да, құжаттардағы қолтаңбалардың қолдан жасалғанын да дәлелдемейді. Депутат осы жайттарға нақты жауап беруді талап етіп отыр.
Қазақстандағы құрылыс компанияларына қатысты бұған дейінгі даулар
Астанада құрылыс жұмыстарының ақысын төлеуге қатысты дау бұған дейін де болған. “Абу-Даби Плаза” кешенінің құрылысшылары жалақы берешегін өтеуді талап етіп, наразылық білдіргенін жазған. Кешен құрылысына шетелдік жұмысшылар да тартылған.
Түркия компаниялары Қазақстанда, соның ішінде құрылыс саласында жұмыс істеп келеді. Мәселен, 2026 жылы 1 қаңтарда Қазақстанда түрік капиталы қатысқан шамамен 3,7 мың кәсіпорын тіркелген. Оның 871-і құрылыс саласында жұмыс істеген.
Айта кетейік, бұған дейін Теміртау шенеуніктері әкімдік алдындағы алаңның қарқынды қайта жаңартыулына байланысты ақталуға мәжбүр болғаны туралы жазып едік. Қоғам белсенділері жобаның құны 600 миллион теңгеден 1,5 миллиард теңгеге дейін не себепті өскеніне таңданған.