Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда 2027 жылы АЕК пен ең төменгі жалақы қанша болады

ақша
Фото: Pexels

2027 жылдан бастап Қазақстанда айлық есептік көрсеткіш (АЕК) 4 693 теңгеге дейін өседі. Ал ең төменгі жалақы 25 мың теңгеге көбейіп, 110 мың теңге болады. Сонымен қатар зейнетақы мен күнкөріс деңгейіне қатысты көрсеткіштер де өзгереді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

2027 жылы АЕК қанша болады?

2027 жылғы 1 қаңтардан бастап айлық есептік көрсеткіш 4 693 теңге болып белгіленеді. Биыл оның мөлшері 4 325 теңге. Осылайша, АЕК 368 теңгеге немесе 8,5%-ға өседі.

АЕК – айыппұлдарды, мемлекеттік баждарды, әлеуметтік төлемдерді және заңнамада осы көрсеткішке байланған басқа да төлемдерді есептеу үшін қолданылатын шама.

Мысалы, 10 АЕК көлеміндегі айыппұл биыл 43 250 теңге болса, келесі жылы 46 930 теңгеге жетеді. Ал 20 АЕК көлеміндегі төлем 86 500 теңгеден 93 860 теңгеге дейін өседі.

Ең төменгі жалақы 110 мың теңгеге көтеріледі

2027 жылдан бастап ең төменгі жалақы 85 мың теңгеден 110 мың теңгеге дейін өседі. Бұл – 25 мың теңгеге немесе 29,4%-ға көбейгенін білдіреді.

Үкіметтің мәліметінше, бұл өзгеріс шамамен 1,8 миллион адамның табысына әсер етуі мүмкін. Олардың қатарында мемлекеттік секторда жұмыс істейтін 370 мыңнан астам қызметкер бар.

Ең төменгі жалақы – жұмыс уақытының белгіленген нормасын толық орындаған қызметкерге төленуге тиіс ең аз айлық ақы. Дегенмен бұл көрсеткіштің өсуі барлық қазақстандықтың жалақысы автоматты түрде 29,4%-ға артады дегенді білдірмейді.

Зейнетақы мен күнкөріс деңгейі де өзгереді

2027 жылы әлеуметтік төлемдерді есептеуге қатысты өзге де көрсеткіштер өседі. Атап айтқанда:

  • ең төменгі зейнетақы – 74 919 теңге;

  • мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері – 38 622 теңге;

  • ең төменгі күнкөріс деңгейі – 55 173 теңге.

Салыстыру үшін, 2026 жылы ең төменгі зейнетақы 69 049 теңге, базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері 35 596 теңге, ал күнкөріс деңгейі 50 851 теңге болған.

Осылайша, 2027 жылы АЕК 4 693 теңге, ең төменгі жалақы 110 мың теңге болады. Ал зейнетақы мен күнкөріс деңгейі де шамамен 8,5%-ға өседі.

Айта кетейік, 2026 жылдан бастап Қазақстанда АЕК мөлшері 4 325 теңгеге дейін өсіп, соған байланысты айыппұлдар мен бірқатар мемлекеттік алымдар да қымбаттады. Сонымен қатар зейнетақы мен әлеуметтік төлемдер 10%-ға көбейді. 

Айнура Дарибаева
Бейсенбі, 26 Қараша, 2026 11:45