Қазақстанда 2027 жылы қандай теңге банкноттары қолданыстан шығады
Қазақстанда ескі үлгідегі бірнеше теңге банкнотының айналымда жүру мерзімі аяқталуға жақын. 2027 жылы 500, 1 000 және 10 000 теңгелік купюралардың бұрынғы үлгілері дүкендерде төлем жасауға жарамсыз болады. Ал 20 000 теңгелік ескі банкноттарды ауыстыру жаңа купюра шыққаннан кейін басталады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қандай банкноттар айналымнан шығарылады?

Ұлттық банктің мәліметінше, 2027 жылы үш номиналдағы ескі банкноттың параллель айналым мерзімі аяқталады. Олардың әрқайсысы үшін соңғы төлем жасау күні белгіленген.

-
1 000 теңге, 2014 жылғы үлгі – 2027 жылғы 27 наурызға дейін қабылданады. 28 наурыздан бастап бұл банкнотпен төлем жасауға болмайды. Оның орнына 2024 жылғы жаңа үлгі қолданылады.
-
10 000 теңге, 2012 жылғы үлгі – 2027 жылғы 27 маусымға дейін айналымда болады. 28 маусымнан бастап ескі купюра төлем құралы ретінде қабылданбайды.
-
500 теңге, 2017 жылғы үлгі – 2027 жылғы 24 желтоқсанға дейін жарамды. 25 желтоқсаннан бастап оның орнына 2025 жылғы жаңа банкнот қолданылады.
Осы мерзімдер аяқталғаннан кейін ескі үлгідегі купюралар заңды төлем құралы мәртебесінен айырылады.

20 000 теңгелік банкнот қашан өзгереді?
Ұлттық банк 20 000 теңгелік жаңа банкнотты 2027 жылы айналымға шығаруды жоспарлап отыр. Жаңа купюра шыққаннан кейін 2013/2015 жылғы ескі үлгідегі банкноттарды ауыстыру басталады.
Олар жаңа банкнотпен кемінде бір жыл қатар айналымда болады. Осы кезеңде қазақстандықтар екі үлгідегі купюрамен де төлем жасай алады.


Ескі ақшаны қайда және қашан айырбастауға болады?
Ескі банкноттардың төлем құралы ретінде қолданылу мерзімі аяқталғаннан кейін де оларды бірден жоғалтып алу қаупі жоқ. Ұлттық банк бекіткен тәртіп бойынша, ескі купюраларды екінші деңгейлі банктер мен “Қазпошта” бөлімшелерінде тағы үш жыл бойы жаңа үлгідегі банкноттарға айырбастауға болады.
Ал Ұлттық банктің аумақтық филиалдары ескі банкноттарды мерзімсіз қабылдайды.
Мысалы, 1 000 теңгенің 2014 жылғы үлгісін 2027 жылғы 28 наурыздан 2030 жылғы 27 наурызға дейін, ал 10 000 теңгенің 2012 жылғы үлгісін 2027 жылғы 28 маусымнан 2030 жылғы 27 маусымға дейін айырбастауға болады.
Айта кетейік, 2 000 теңгенің 2012 жылғы ескі үлгісі 2026 жылғы 25 маусымнан бастап айналымнан шығарылған. Оны банктер мен “Қазпошта” бөлімшелерінде 2029 жылғы 24 маусымға дейін айырбастауға болады. Ал 5 000 теңгенің 2011 жылғы үлгісін айырбастау мерзімі 2028 жылғы 25 қыркүйекке дейін жалғасады.
Теңгенің жаңа үлгідегі банкноттары біртіндеп айналымға еніп жатқанымен, ұлттық валютаның дизайны бұған дейін де бірнеше рет өзгерген. Қазақстандық купюралардың кейбірі халықаралық байқауларда жоғары бағаланып, үздік банкнот атағын алған. Мәселен, 2011 жылғы 10 мың теңгелік естелік банкнота 2012 жылы әлемнің үздік банкноты деп танылса, 5 мың теңгелік купюра да келесі жылы осы марапатқа ие болған.
Бакалавриат 3 жылға қысқарса, Қазақстан студенттерін не күтіп тұр: Ұта ма, ұтыла ма