Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бес құрсақ көтеріп, бәрінен айырылып қалған": 51 жасында ана атанған маңғыстаулықтың жүктілігі қалай өтті

Күмісай Палекеева
Фото: Күмісай Палекеева / Дәрігердің жеке архивінен

 

Маңғыстауда 51 жастағы Күмісай Палекеева ЭҚҰ арқылы қыз босанды. Бірнеше ауыр қайғыны бастан өткерген әйел қайтадан ана болуды армандап, медициналық көмекке жүгінген. Ерлі-зайыпты бұған дейін 13 жастағы баланы да асырап алған. Stan.kz тілшісі Күмісайдың өзімен және жүктілігін бақылаған дәрігерімен сөйлесіп, оның ана болуға қалай дайындалғанын, 51 жаста бала көтерудің қаншалықты күрделі екенін және жүктілік кезінде қандай қауіптер болғанын білді.

Маңғыстаулық Күмісай Палекеева 51 жасында ЭҚҰ арқылы қыз босанды. Нәрестеге Ария есімін әкесі қойған. Алайда бұл отбасы үшін сәбидің дүниеге келуі жай ғана қуаныш емес. Себебі Күмісайдың қайтадан ана атануына деген үмітінің артында ауыр тағдыр жатыр.

Әйел өмірінде бес рет құрсақ көтерген. Бірақ балаларының тағдыры қайғылы аяқталған. Бір ұлы жол-көлік оқиғасынан көз жұмса, тағы бір сәбиі дүниеге келер сәтте шетінеп кеткен. Ал былтыр, 23 ақпанда, ерлі-зайыпты тағы үш баласынан айырылды. Қайғылы оқиға Ақтау маңындағы "Қаламқас" тұрғын алабында болған. Сол күні үйде қалған үш бала көміртек тотығынан уланып көз жұмған. Олардың бірі отбасының үлкен қызы, екіншісі колледж студенті, үшіншісі мектеп оқушысы. Алдын ала болжам бойынша, үйдегі пештің мұржасы болмаған. Осы оқиғадан кейін отбасының өмірі күрт өзгерді. 

Күмісай балаларының күлкісі басылған үйде қайтадан бала үні естілуін қалап, ана болу арманынан бас тартпаған. Сол жылдың қыркүйегінде ерлі-зайыптыға тегін ЭҚҰ бағдарламасы бойынша сертификат берілген.

Жолдасы Айдарбек бастапқыда бұл шешімге қарсы болғанымен, жақындары мен достарының қолдауынан кейін келісімін берген. ЭҚҰ сәтті өтіп, ультрадыбыстық зерттеу кезінде ерлі-зайыпты қыз бала күтіп жүргенін білген. 2026 жылғы 17 қарашада Ақтаудағы "Ана мен бала" перинаталдық орталығында Күмісай кесарь тілігі арқылы босанды. Арияның салмағы 3 келі 400 грамм, бойы 52 сантиметр болды. 

Биыл қыркүйекте ерлі-зайыпты 13 жастағы ұл баланы да асырап алған. Осылайша, отбасында қайтадан балалардың күлкісі естіле бастады.

"Алға ұмтылуға себеп керек болды"

Күмісай Палекееваның айтуынша, әлі күнге дейін болған оқиғаға өзі де сене алмай жүр.

"Үйіміз бос қалған соң, тым болмаса ЭКҰ арқылы бала көтеріп, дүниеге әкелсем деп шештім. Қасымда сүйеніш болатын, қамқорлық көрсететін жан болса екен дедім. Сол үшін өмір сүріп, алға ұмтылуға себеп керек болды", – дейді Күмісай.

Әйелдің айтуынша, бастапқыда жасына байланысты баланы көтеріп, аман-есен босанатынына сенбеген. Алайда дәрігерлер мен жақындарының қолдауы оған бұл кезеңнен өтуге көмектескен.

Ерлі-зайыптылар болашақ сәбидің жынысын алғашқы доплер-УДЗ кезінде білген. Ал қыздың есімін әкесі таңдаған. Нәрестенің алғашқы дауысын естіген сәтте анасы ерекше бақытқа бөленгенін айтып, баршаға жылы лебіздері үшін алғыс білдірді.

Күмісай Палекеева пен жолдасы Айдарбек
Фото: Күмісай Палекеева пен жолдасы Айдарбек

Күмісай қазір босанғаннан кейін шаршаңқы екенін де жасырмады. Сондықтан әзірге тынығып, өзіне және балаларына көңіл бөлгісі келеді. Оның айтуынша, ендігі болашағын отбасындағы екі баласына арнап, солардың тәрбиесі мен өсіп-жетілуіне күш салмақ.

"Әуелі психологиялық тұрғыдан дайындалған"

Күмісайдың жүктілігін бақылаған гинеколог-репродуктолог Әйгерім Ахметованың айтуынша, Күмісай орталыққа алғаш келген кезде балаларының қайтыс болғанына әлі бір жыл толмаған еді.

"Күмісай бізге келген кезде балаларының қайтыс болғанына әлі бір жыл толмаған еді. Сондықтан асықпай, уақыт беруді жөн көрдік. Оған алдымен балалардың жылдығын өткізіп, содан кейін ғана әрі қарай әрекет етуді ұсындым. Себебі ол кезде ерлі-зайыптының ойы екіге бөлініп, психологиялық тұрғыдан әлі дайын емес еді", – дейді Әйгерім Ахметова.

Репродуктологтың сөзінше, орталыққа Күмісай 49 жасының соңында келген. Оны тексеріп, алғашқы эмбрионды көшіруге дайындағанша уақыт өткен. Бірінші әрекет сәтсіз болған соң, бірнеше айдан кейін қайта дайындық жүргізіліп, екінші көшіру сәтті аяқталған. Осы кезеңдердің бәрінен кейін әйел 51 жасында босанған.

Күмісай Палекеева мен дәрігер Әйгерім Ахметова
Фото: Күмісай Палекеева мен дәрігер Әйгерім Ахметова

Осыдан кейін Күмісайдың жағдайы қайта бақылауға алынып, дәрігерлер оны тағы да дайындаған. Әйел бірнеше ай бойы қажетті дәрумендер мен дәрі-дәрмектерді қабылдап, медициналық бақылауда болған. Сонымен қатар маман онымен жиі сөйлесіп, психологиялық қолдау көрсетуге тырысқан.

"Ол кісімен көп әңгімелестік. Өмір, тағдыр туралы сөйлесіп, қолдау көрсетуге тырыстық. Балаларының жылдығын өткізіп, өздерін психологиялық тұрғыдан дайындағаннан кейін ғана жұмысты жалғастырдық. Екінші эмбрионды көшіру сәтті өтті", – дейді дәрігер.

51 жаста бала туу қаншалықты күрделі?

Дәрігердің айтуынша, 51 жаста ЭҚҰ арқылы жүкті болу – медициналық тұрғыдан күрделі процесс. Себебі жас ұлғайған сайын әйел ағзасында бірқатар физиологиялық өзгерістер жүреді. Атап айтқанда, қан айналымы мен қан ұю жүйесінің жұмысы өзгеріп, жүктілік кезінде асқыну қаупі артуы мүмкін.

Бұған қоса, жатырдың жағдайы мен ағзаның жүктілікті көтеру мүмкіндігі де ескерілуі керек. Сондықтан Күмісайға ЭҚҰ жасамас бұрын жан-жақты медициналық тексеру жүргізілген. Ол кардиолог, терапевт, эндокринолог, маммолог, нефролог және гастроэнтеролог мамандарына қаралған. 

"Мұндай жаста жүктілікті жоспарлау кезінде, ең әуелі, әйелдің бүкіл ағзасын тексеру қажет. Жүрек пен қан тамырларының жұмысы, қан қысымы, эндокриндік жүйесі және басқа да мүшелердің жағдайы қаралады. Біз барлық маманның қорытындысын алғаннан кейін ғана жүктілікке мүмкіндік бар деген шешімге келдік", – дейді Әйгерім Ахметова.

Маманның айтуынша, 51 жастағы әйелдің жүктілігіне қатысты қауіп тек ананың денсаулығымен шектелмейді. Ана мен бала үшін де тәуекел бар. Жалпы, жүктілік қай жаста болса да, әйелдің өміріне қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан мұндай жағдайда дәрігерлердің бақылауы мен алдын ала дайындықтың маңызы зор.

Дәрігер мұндай мүмкіндік барлық әйелге бірдей ұсынылмайтынын да атап өтті. Әр пациенттің денсаулығы, ағзасының жағдайы және жүктілікті көтеру мүмкіндігі жеке қарастырылады. Ал 50 жастан асқан әйелдерге қатысты шешім қабылдағанда медициналық көрсеткіштермен қатар, баланың болашағы мен отбасындағы әлеуметтік жағдай да ескерілуі керек.

Жүктілік қалай өтті?

Әйгерім Ахметованың айтуынша, Күмісайдың жүктілігі жалпы алғанда жақсы өткен. Дәрігерлер бастапқыда оның жасына байланысты бірқатар қауіптенгенімен, әйел медициналық нұсқауларды мұқият орындаған. Дәрі-дәрмектерін уақытында қабылдап, дәрігерлердің бақылауынан шықпаған.

Күмісай жүктіліктің 37-38 аптасында кесарь тілігі арқылы босанған. Мұндай шешім әйелдің жасына және жүктіліктің соңына қарай қан қысымының көтерілуіне байланысты қабылданған. Дәрігерлер ұзақ күткен сәбидің дүниеге аман-есен келуін басты назарда ұстаған.

"Біз көп нәрсеге алаңдадық. Бірақ Күмісайдың жүктілігі жаман өткен жоқ. Ауыр асқынулар болған жоқ. Ол дәрілерін уақытында қабылдап, барлық нұсқауымызды орындады. Соның да әсері болды деп ойлаймын. Кесарь тілігі туралы шешімді біз де, Күмісайдың өзі де қауіптерді ескере отырып қабылдадық. Жүктіліктің 37-аптасының ортасынан бастап қан қысымы аздап көтеріле бастады. Сондықтан босану қалай өтетінін алдын ала жоспарлау қиын болды. Бұл шешім әйелдің жасына да, медициналық көрсеткіштерге де байланысты қабылданды", – деп түсіндірді Әйгерім Ахметова.
Күмісай Палекеева
Фото: Күмісай Палекеева

Жүктілік кезінде Күмісай Ақтау қаласындағы мамандардың бақылауында болған. Репродуктологтың айтуынша, жергілікті дәрігерлер де әйелге ерекше қолдау көрсеткен. Олар оның өміріндегі ауыр жағдайды түсініп, психологиялық тұрғыдан демеп отырған. Маманның пікірінше, дәрігерлердің бірлескен жұмысы мен қолдауы жүктіліктің жақсы өтуіне ықпал еткен.

Әйгерім Ахметова ана мен нәрестенің қазіргі жағдайы жақсы екенін айтты. Күмісай кесарь тілігінен кейін тез қалпына келген. Дәрігердің сипаттауынша, босанғаннан кейінгі кездесуде әйел мен жұбайының көңіл күйі де айтарлықтай өзгерген.

"Күмісайдың қалпына келуі өте тез болды. Кеше Ақтауға барып, перзентханадан шығарып алғанда, екеуінің де жүзі жадырап, тіпті жасарып кеткендей көрінді. Ария қызымыз да өте ширақ, жағдайы жақсы. Қазір анасы мен баласының денсаулығына қатысты алаңдаушылық жоқ", – дейді маман.
Айым Атамбаева
Бейсенбі, 26 Қараша, 2026 09:00