Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Мұнайдан түсетін табыс: Қазақстан экономикасына пайдасы қандай?

ТШО 2 (1)
Фото: Теңізшевройл

Мұнайдың ел экономикасына әсері оның қанша өндіріліп, қандай бағада сатылатынымен ғана өлшенбейді. Мұнай-газ саласына салынған инвестиция, мемлекетке түсетін төлемдер, жаңа жұмыс орындары мен қазақстандық кәсіпорындармен жасалған келісімшарттар да маңызды. Chevron-ның Қазақстандағы қызметі осы бағыттардың барлығын қамтиды. Мұны нақты сандар мен мысалдардан көруге болады. 

Chevron Қазақстанда 1993 жылдан бері жұмыс істейді. Компания ірі мұнай-газ жобаларына қатысады, өндіріс орындарын басқарады және қазақстандық кәсіпорындарға инвестиция салады.

Chevron-ның бес негізгі жобасы

 

Теңізшевройл 

Атырау облысындағы Теңіз және Королев кен орындарында мұнай өндіретін кәсіпорын. Кәсіпорынның 50%-ы Chevron-ға тиесілі. 2025 жылы Теңіз кен орнында өндірісті кеңейту жобасы аясында жаңа зауытта мұнай өндіре басталды. Ол толық қуатына шыққанда, кен орнындағы мұнай өндіру көлемін тәулігіне қосымша 260 мың баррельге (шамамен 41 метр тонна) арттыруға мүмкіндік береді.

ТШО 1
Фото: Теңізшевройл

Қарашығанақ 

КПО (1)
Фото: Карачаганак Петролиум Оперейтинг Б.В.

Батыс Қазақстан облысындағы Қарашығанақ кен орнында мұнай, газ және газ конденсаты өндіріледі. Кен орнын бірнеше халықаралық компания бірлесіп игереді. Солардың бірі – Chevron: компанияға жобаның 18%-ы тиесілі.

Каспий құбыр консорциумы 

КТК 1 (1)
Фото: Каспий Құбыр Консорциумы

Қазақстан мұнайын шетелге жеткізетін құбыр жүйесі. Құбыр Батыс Қазақстандағы мұнай кен орындарын Ресейдің Новороссийск қаласындағы Қара теңіз портымен байланыстырады. Мұнай осы портқа жеткізіліп, танкерлермен халықаралық нарыққа жөнелтіледі. Chevron консорциумның 15% үлесіне ие.

Атырау полиэтилен құбырлары зауыты 

Атыраудағы бұл зауыт су жеткізуге, газ тасымалдауға және суаруға арналған полиэтилен құбырларын шығарады. Мұндай өнімдер ел ішіндегі инфрақұрылымда қолданылады және бұрын шетелден сатып алынған кейбір құбырды өзімізде өндіруге мүмкіндік береді. 

Ірі жобалар — компания қызметінің бір бөлігі ғана. Оның ел экономикасына ықпалын бюджетке түсетін төлемдер, жұмыспен қамту, жергілікті кәсіпорындармен серіктестік және өңірлердегі әлеуметтік жобалар арқылы да бағалауға болады. 

Chevron Қазақстанға тәуелсіздік алғаннан бері 55 миллиард доллар инвестиция салған. Ал Қазақстанның жиынтық жалпы ішкі өніміне (ЖІӨ) қосқан үлесі 178 млрд долларға жеткен. Дегенмен компанияның ел экономикасына қосқан үлесі бұл сома ғана емес. 

Сонымен қатар еліміздің Энергетика министрлігі мен "Шеврон" компаниясы Chevron Direct Investment Fund Ltd. (CDIF) қорын құрды.

CDIF – "Шеврон" компаниясының Қазақстан экономикасын дамытуға инвестиция салу құралы. Қор отандық кәсіпорындарды экономиканың түрлі салаларында қолдауды мақсат етеді. Атап айтқанда, мұнай-газ саласына қажетті тауарлар өндіру мен қызмет көрсету, жергілікті жеткізушілердің әлеуетін арттыру, қоршаған ортаны қорғау және ақпараттық технологиялар, соның ішінде цифрлық шешімдерді дамыту бағыттарына инвестиция салады. 

Мемлекетке түсетін табыс

Мұнай өндіретін компаниялар мемлекетке салықтар мен басқа да міндетті төлемдер төлейді. Оларға табыс салығы, пайдалы қазбаларды өндіруге байланысты төлемдер және өзге де міндеттемелер кіреді. Осылай, мұнай өндірісі мен сатудан түскен табыстың бір бөлігі мемлекет бюджетіне аударылады.

2010–2024 жылдары Chevron қызметімен байланысты Қазақстанға 76,3 миллиард доллар салық пен міндетті төлем түскен.

Chevron-ның тікелей төлемдері мен оның қызметінен түсетін жанама кірістер мемлекет табысының 16,6%-ына тең. Оның 14,4%-ы компанияның тікелей төлемдеріне, ал 2,2%-ы жанама әсерге тиесілі. Яғни компанияның мемлекетке төлейтін салықтары мен өзге де төлемдері ел қазынасына түсетін кірістің елеулі бөлігін алып отыр.

Ал Қазақстандағы ең ірі салық төлеушілер рейтингінде үш жыл қатарынан бірінші орында — Chevron 50%-ына ие "Теңізшевройл". Компания мемлекет бюджетіне жыл сайын шамамен 3 триллион теңгеден астам салық төлейді. Бұл Теңіз кен орнын игерудің ел бюджеті үшін маңызын көрсетеді.

Мысалы, "Теңізшевройл" 1993 жылдан 2026 жылдың алғашқы 9 айы бойынша 222 млрд доллардан астам тікелей төлем жасаған. Бұл сомаға салықтар мен роялти ғана емес, қазақстандық қызметкерлердің жалақысы, жергілікті кәсіпорындардан сатып алынған тауарлар мен қызметтер және Қазақстанның серіктес кәсіпорындағы үлесіне тиесілі пайда да кіреді. 

Қазақстандық бизнеске мүмкіндік

Ірі мұнай-газ кәсіпорнына жұмыс істеу үшін жеткізушілер белгілі бір талаптарға сай болуы керек. Өнімнің сапалы болуы, қауіпсіздік талаптары сақталуы және тапсырыс уақытында орындалуы қажет.

Мұндай талаптар жергілікті компаниялардың тәжірибе жинауына, жаңа өнім шығаруды үйренуіне және өндірісін жетілдіруіне ықпал етуі мүмкін.
Мысалы, 2025 жылы ТШО қазақстандық үш компаниямен жабдық жеткізуге арналған төрт келісімшарт жасасқан. Келісімшарттардың жалпы құны 10,5 миллион доллардан асқан. Олардың қатарында AtyrauNefteMash, Sewon-Vertex HeavyIndustry және Honeywell Automation Controls System Kazakhstan компаниялары бар. Оған қоса Щучинскідегі Asiafilter зауытының Теңізшевройлмен (ТШО) серіктестігі нақты мысал бола алады. 

Asiafilter: қазақстандық сүзгілер Теңіз кен орнына қалай жетті?

Ақмола облысының Щучинск қаласында орналасқан Asiafilter өнеркәсіптік сүзгілер шығарады. Компанияның Теңізшевройлмен (ТШО) серіктестігі 2023 жылы басталған. Халықаралық мұнай-газ машина жасау орталығының (IMB Center) көмегімен зауыттың өндірістік мүмкіндіктері тексеріліп, өнім сапасы мұнай-газ саласының талаптарына сәйкестігі тұрғысынан бағаланды. Осы жұмыстан кейін Asiafilter ТШО-ның мақұлданған жеткізуші серіктестерінің бірі болды.

2024 жылы ТШО мамандары зауытқа барып, өндіріс процесімен танысты. Әуелі сынақ ретінде бірқатар өнімін алып көрді, кейін тұрақты тапсырыстар бере бастады.

Компанияның бас директоры Индира Нұрланның айтуынша, қазір Asiafilter ТШО-ға желдету және ауа баптау жүйелеріне арналған сүзгілерді, газ бен сұйықтықты тазартатын қапшық және картридж сүзгілерін жеткізеді.

"ТШО-ның талаптарына сай жұмыс істеп. өндірістік мүмкіндіктерімізді кеңейтіп, өнім көлемін арттырдық. Инженерлеріміз бұрын шығармаған күрделі сүзгі түрлерін өндіруді меңгерді", – дейді Индира Нұрлан.

Серіктестік зауыттағы жұмыс сапасын да жақсартты. Компания шикізатты бұрынғыдан да мұқият тексеріп, дайын өнімнің сапасын бірнеше кезеңде бақылай бастады. Сүзгілер Теңізге жеткенше зақымданбауы үшін оларды арнайы берік қаптамаға салады. Мамандар қосымша оқудан өтіп, жаңа талаптарды игерді.

Индира Нұрланның айтуынша, компания бұрын шетелден әкелінетін бірнеше күрделі сүзгі түрін өз зауытында шығаруды игерген. 

"Біздің мақсатымыз — Қазақстанда шығаруға болатын өнім түрлерін көбейту. Қазір жаңа сүзгілерге қажет материалдарды зерттеп, оларды өндіру жолдарын қарастырып жатырмыз", — дейді компания басшысы.

Asiafilter өкілдерінің айтуынша, олардың өнімдері қызмет ету мерзімі мен тиімділігі жағынан шетелдік баламалардан кем түспейді. Ал жергілікті жерде өндірілгендіктен, тапсырыс берушіге жеткізуге аз уақыт кетіп, өнім бағасы да қолжетімді болды.

Sigma Solutions: ТШО үшін қауіпсіз электр жабдықтарын шығаратын қазақстандық компания

Атыраудағы Sigma Solutions компаниясы мұнай-газ және өнеркәсіп салаларына арналған электр жабдықтарын жеткізеді. Компания жарылыс қаупі бар ортада қолданылатын электр жабдықтарын да құрастырады. Олар мұнай-газ нысандарында электр қуатын қауіпсіз таратуға қажет.

2024 жылы компания ТШО-мен, ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойғаннан кейін Sigma Solutions техникалық квалификациядан сәтті өтіп, ТШО-ның мақұлданған өндірушілер тізіміне енгізілді. 2024–2026 жылдары компания Wood KSS компаниясымен бірлесіп, "Теңізшевройлға" (ТШО) осындай 26  қазақстандық өндірістің электр тарату қалқандарын жеткізіп отыр. 

Фото: Sigma Solutions company

Ірі мұнай-газ компанияларымен жұмыс істеу Sigma Solutions-ке өз өнімдерін саланың техникалық талаптарына сай жетілдіруге және жаңа тапсырыстар алуға мүмкіндік береді. Мұндай тапсырыстар отандық өндірістің дамуына да ықпал етеді. Егер жабдық Қазақстанда өндірілсе, оны шетелден жеткізуді күтудің қажеті азаяды, логистикаға кететін уақыт қысқаруы мүмкін. Ал жергілікті өндірушілердің мүмкіндігі артқан сайын, мұнай-газ кәсіпорындары кейбір жабдық түрлерін ел ішінен сатып ала алады.

CDIF инвестициясы: KazBoltService жаңа зауыт салуды жоспарлап отыр

ТШО-мен жұмыс істейтін жеткізушілерден бөлек, Chevron-ның тікелей инвестициялар қоры – CDIF Қазақстандағы кәсіпорындарды дамытуға инвестиция салады. Соның бір мысалы – KazBoltService компаниясымен 24 миллион долларға жасаған келісімі.

Қазақстандық KazBoltService компаниясы мұнай-газ, энергетика және өнеркәсіп салаларына арналған металл конструкцияларын жасайды, өндірістік жабдықтарды орнатып, резервуарлар мен құбыр жүйелерін құрастырады. Енді компания Қазақстанда қысым арқылы жұмыс істейтін жабдықтар мен арнайы ыдыстар шығаратын жаңа зауыт салуды жоспарлап отыр.

Жоба аясында бөлінген қаражат жаңа зауыт салуға, заманауи жабдықтар сатып алуға және өндірісті іске қосуға жұмсалады.

KazBoltService бас директоры Бекқайыр Жанбырбаевтың айтуынша, бұл серіктестік компанияға өндірісін кеңейтіп, жаңа технологияларды енгізуге мүмкіндік береді.

"Біз үшін инвестиция тарту жай ғана қаржы алу емес, ұзақ мерзімді серіктестік құру. Бұл өндірісті дамытуға, халықаралық тәжірибені енгізуге және болашақта жаңа нарықтарға шығуға көмектеседі", — дейді Бекқайыр Жанбырбаев.

Компанияның мәліметінше, жаңа зауыттың жобалау жұмыстарының негізгі бөлігі аяқталып, техникалық құжаттары дайындалған. Құрылыс алаңында жұмыстар басталып, қажет жабдықтарды сатып алып, жеткізіліп жатыр. 

 

"Біздің мақсатымыз – тек компанияны дамыту емес, Қазақстанда заманауи өндіріс құру. Жаңа зауыт отандық өнімнің үлесін арттырып, білікті мамандарға жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Зауыт іске қосылғанда жүздеген жаңа жұмыс орны ашылмақ. Мұнда инженерлер, технологтар, дәнекерлеушілер және басқа да мамандар жұмыс істей алады", – дейді компания басшысы.

Жаңа өндіріс іске қосылса, Қазақстанда бұрын шетелден сатып алынған кейбір жабдық түрлерін шығару мүмкіндігі артады. Бұл отандық өндірісті дамытуға және мұнай-газ саласының қажеттіліктерін ел ішінде қамтамасыз етуге көмектеседі.

Stan.kz
Сәрсенбі, 25 Қараша, 2026 18:00