Шошқаның бүйрегін салдырған әйел онымен бір жыл өмір сүріп келеді: Дәрігерлер жаңа технологиядан үміт күтуде
АҚШ-та 58 жастағы әйел шошқаның генетикалық түрлендірілген бүйрегімен бір жылдан бері өмір сүріп келеді. Ол – мұндай ағзамен ең ұзақ уақыт өмір сүрген науқас. Дәрігерлер бұл жетістік болашақта донорлық бүйрек тапшылығын азайтып, трансплантацияға мұқтаж адамдарға жаңа мүмкіндік беруі мүмкін деп отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “The Philadelphia Inquirer” басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Дәрігерлер генетикалық түрлендірілген шошқаның бүйрегін салған 58 жастағы Молли Фальконың жағдайын бақылап отыр. Екі баланың анасы бүйрегіне зақым келтірген туа біткен аурумен дүниеге келген. Ал шошқаның бүйрегін салдырғанға дейін 11 ай бойы диализ қабылдауға мәжбүр болған. Денсаулығы нашарлап, тіпті көлік жүргізуге де шамасы келмеген. Трансплантациядан кейін көп ұзамай әйелдің жағдайында асқынулар болған. Алайда ол ақпан айынан бері ауруханаға түспеген. Қазір дәрігерлер бүйректі алып тастауды жоспарлап отырған жоқ. Науқастың емін бақылап жүрген Массачусетс Дженерал Бригам трансплантация орталығының маманы Леонардо Риелла оның осы ағзамен тағы бір жыл өмір сүре алатынына үміттенеді.
"Оның әлі де жұмыс істеп тұрғанына күн сайын таңғаламын. Осы бүйректі мүмкіндігінше ұзақ сақтауға тырысамын. Егер ол өмір бойы жұмыс істесе, бұл керемет болар еді", – деді Фалько соңғы медициналық тексеруден кейін.
Әйелдің айтуынша, ол әлі де тез шаршайды, кейде тынысы тарылып қалады. Соған қарамастан, жаңа бүйрек оған бұрынғы өміріне біртіндеп оралуға көмектескен. Қазір ол отбасына тамақ дайындайды, достарымен кездеседі, тіпті қайтадан көлік жүргізе бастаған. Фалько шошқаның бүйрегін салдырудан қорықпағанын да айтады.
"Мен тәуекелге бел буып, бірден іске кірісемін", – деді ол.
Шошқа бүйрегі адам ағзасында қалай жұмыс істейді?
Дәрігерлердің айтуынша, шошқаның генетикалық түрлендірілген бүйрегі адам ағзасында бірнеше маңызды қызметті атқара алады. Ол қандағы улы заттарды сүзіп, зәр шығарады. Сондай-ақ денедегі сұйықтық пен минералдардың тепе-теңдігін сақтауға көмектеседі. Массачусетс Дженерал Бригам трансплантация орталығының бүйрек трансплантациясын зерттеу жөніндегі директоры Леонардо Риелла бұл тәжірибенің нәтижесі мамандарға үлкен сенім бергенін айтады. Дегенмен дәрігер мұны әзірге толық жеңіс деп бағалауға болмайтынын ескертті. Өйткені шошқа ағзаларын адамға салу әлі де тәжірибе жүзінде зерттеліп жатыр.
Бұл технологияның дамуына донорлық ағзалардың жетіспеуі түрткі болған. АҚШ-та бүйрек жеткіліксіздігіне шалдыққан жарты миллионнан астам адам диализге тәуелді. Ал 90 мыңға жуық науқас бүйрек трансплантациясын күтіп жүр. Былтыр олардың 26 мыңнан азына ғана донорлық бүйрек салынған. Орта есеппен күніне 12 адам трансплантация кезегінде көз жұмады.
Монреальдағы Макгилл университетінің медицина тарихын зерттеушісі Томас Шлихтің айтуынша, ағзаларды трансплантациялау саласындағы ең үлкен мәселе – донор тапшылығы. Егер жануардан адамға ағза салу әдісі осы мәселені шешуге көмектессе, медицинада үлкен өзгеріс болуы мүмкін.
Соңғы жылдары гендерді өңдеу мен клондау технологиялары бұл бағыттың дамуын жеделдетті. Мамандар шошқаның ағзасын адам денесіне барынша бейімдеу үшін оның генетикалық құрылымына өзгерістер енгізіп жатыр. Осыдан бес жыл бұрын Нью-Йорктегі хирург Роберт Монтгомери генетикалық түрлендірілген шошқаның бүйрегін алғаш рет адамға салған. Ол кезде ағза миы өлген, жасанды тыныс алу аппаратына қосылған науқасқа трансплантацияланған еді. Висконсин университетінің трансплантолог-хирургі Джошуа Мезрич бұл жетістікті медицинадағы үлкен жаңалыққа балайды.
"Адамдардың шошқа бүйрегі арқылы өмір сүріп жатқанын көрудің өзі денемді түршіктіреді. Мұндай жаңалықты Айға адам жіберумен салыстыруға болады", – деді ол.
Жаңа технологияның қандай қауіптері бар?
Шошқа ағзаларын адамға салу бағытында әлі де шешілмеген мәселелер аз емес. Соның бірі – адамның иммундық жүйесі жаңа ағзаны бөтен деп қабылдап, кері қайтаруы мүмкін. Мұның алдын алу үшін иммундық жүйенің белсенділігін төмендететін дәрілер қолданылады. Бірақ олардың мөлшерін дұрыс таңдау маңызды: дәрі тым көп болса, науқастың инфекциямен күресу қабілеті әлсірейді.
Кейбір сарапшылар шошқа ағзаларын трансплантациялауға тым көп көңіл бөлінуі бүйрек ауруларының алдын алу мәселесін екінші орынға ысырып тастауы мүмкін деп есептейді. Себебі қан қысымының жоғарылауы мен қант диабеті сияқты созылмалы аурулар да бүйректі зақымдайды.
Батыс Онтарио университетінің биоэтика орталығының зерттеушісі Адам Негри бұл жаңалықтың трансплантация кезегінде тұрған адамдарға үміт сыйлайтынын айтады. Алайда оның пікірінше, донорлық ағзалардың санын арттырудың басқа да жолдары бар. Мәселен, донор болуға келісетін адамдардың санын көбейтіп, тірі адамдардың бүйрегін беруге жағдай жасауға болады.

Тағы бір қауіп – шошқа ағзалары арқылы жануарларға тән жұқпалы аурулардың адамға таралуы. Сондықтан генетикалық түрлендірілген шошқалар ауру қоздырғыштары жоқ арнайы орындарда өсіріледі. Фалькоға салынған бүйрек 69 генетикалық өзгеріс енгізілген шошқадан алынған. Оның 59-ы шошқа ретровирустарын белсенділіктен айыруға бағытталған.
АҚШ-та шошқа бүйрегін салдыру бойынша зерттеу кеңейеді
2024 жылдан бері Массачусетс Дженерал Бригам медициналық орталығында алты науқасқа eGenesis биотехнологиялық компаниясы әзірлеген шошқа бүйрегі салынған. Олардың біреуі трансплантациядан кейін көп ұзамай жүрегіндегі негізгі ауруына байланысты қайтыс болған. Тағы екі науқастың ағзасы шошқа бүйрегін сегіз және тоғыз ай қабылдағаннан кейін оны кері қайтарған. Ал биыл бүйрек салдырған тағы екі адам әлі де осы ағзамен өмір сүріп жатыр.
Қаңтарда ғалымдар eGenesis компаниясы әзірлеген шошқа бүйрегін трансплантациялау бойынша ресми клиникалық зерттеуді бастамақ. Оған АҚШ-тағы 10 медициналық орталықтан 33 науқас қатысады.
Тағы бір биотехнологиялық компания – United Therapeutics Corp. өткен жылы генетикалық түрлендірілген шошқаның бүйрегін салу бойынша клиникалық зерттеу бастаған. Бұл жолы шошқаның геніне 10 өзгеріс енгізілген. Зерттеуге Нью-Йорктегі NYU Langone Health орталығының хирургі Роберт Монтгомери жетекшілік етеді.
Компания жақында "тимус-бүйрек" деп аталатын тағы бір әдісті зерттеуді бастағанын хабарлады. Бұл тәсілде шошқаның бүйрегі айырша безінің тінімен бірге салынады. Ғалымдар айырша без тіні трансплантацияланған ағзаның кері қағылу қаупін азайтады деп үміттенеді. Бұған қоса, компанияға жүрек жеткіліксіздігіне шалдыққан науқастарға генетикалық түрлендірілген шошқаның жүрегін салу бойынша шағын зерттеу жүргізуге рұқсат берілген.
Ал Молли Фалько жаңа бүйрек салдырғалы бері өмірі "әдеттегідей қалыпқа жақындағанын" айтады. Дегенмен инфекция жұқтырмау үшін қоғамдық орындарда бетперде тағуға мәжбүр. Қабылдап жүрген дәрілері де қолының аздап дірілдеуі сияқты жанама әсерлер туғызады. Соған қарамастан, әйел Рождество мерекесінде Колорадодағы туыстарына баруды жоспарлап отыр. Денсаулығы біртіндеп жақсарған соң, балаларымен бірге қайтадан белсенді өмірге оралғысы келеді.
"Балалармен бірге қайтадан жүгіргім келеді. Тіпті кішкентай балалар қатысатын қысқа қашықтықтағы жүгіру жарысына қатысып көрсем бе деп ойлап жүрмін", – деді Фалько.
Еске салсақ, АҚШ-та дәрігерлер әйелден шошқаның бауырын алып тастау үшін ота жасаған еді. Лиза Пизаноға шошқаның бауыры 2 ай бұрын салынған. Бауыр жетіспеушілігіне шалдыққан әйелге тағы механикалық кардионасос орнату керек болған. Дәрігерлердің сөзінше, ота бауыр қызметіне байланысты емес, кардионасос үшін алып тасталған.
Қазақстандықтар Pinduoduo-дан дәретхана қағазына дейін алатын болған: Бұл отандық кәсіпкерлерге қалай әсер етеді