Қазақстандық хакер АҚШ-та 70 миллион адамның медициналық дерегін ұрлады деген күдікке ілінді
Қазақстан азаматы АҚШ-та мектептер мен ауруханалардың компьютерлік жүйесін бұзып, миллиондаған адамның құпия медициналық деректерін ұрлады деп айыпталды. Енді ол АҚШ-та 27 жылға дейін сотталуы мүмкін. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Bleeping Computer басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Қазақстан азаматы Роман Хлыновский АҚШ-та мектептер мен ауруханалардың компьютерлік жүйелеріне жасалған хакерлік шабуылдарға қатысы бар деген күдікпен Италиядан АҚШ-қа экстрадицияланды. 43 жастағы ер адам медициналық мекемелердің деректерін ұрлап, оны жариялаймыз деп қорқытып, ақша талап еткен хакерлік топтың мүшесі болды деп айыпталып отыр.
Хакерлер 70 миллион адамның медициналық дерегін ұрлаған
АҚШ прокурорларының мәліметінше, Хлыновский "8 таңбалы топ" деп аталатын хакерлік бірлестіктің құрамында болған. Тергеу бұл топты INC Ransom және Lynx деп аталатын кибершабуылдармен байланыстырады.
Прокурорлардың болжамынша, Хлыновский сыбайластарымен бірге АҚШ-тың алты штатындағы ұйымдардың компьютерлік жүйелерін бұзған. Нәтижесінде олар 50 терабайттан астам ақпаратты қолды қылған. Оның ішінде медициналық құпияға жататын 70 миллион жазба болған.
Хакерлер ұрланған ақпаратты ұйымдарға қарсы пайдаланған. Олар медициналық деректерді көпшілікке жариялаймыз деп қорқытып, ақпаратты таратпау үшін ақша талап еткен.
500 миллион доллардан астам ақша талап еткен
Тергеу мәліметінше, топ шабуыл жасаған ұйымдардан жалпы сомасы 500 миллион доллардан (229,1 миллиард теңге) асатын төлем талап еткен. Егер сот Хлыновскийді кінәлі деп таныса, оған компьютерлік алаяқтыққа сөз байласу, жеке деректерді ұрлау және бопсалау айыптары бойынша 27 жылға дейін түрме жазасы берілуі мүмкін.
Хакерлік топтар атауын өзгертіп, шабуылдарын жалғастырған
INC Ransom хакерлік тобы 2023 жылғы шілдеде пайда болған. Ол Шотландияның Ұлттық денсаулық сақтау қызметі мен Xerox Business Solutions сияқты ірі ұйымдардың жүйелеріне шабуыл жасаған.
Киберқауіпсіздік мамандарының пікірінше, кейін пайда болған Lynx тобы – INC Ransom-ның атауын өзгертіп, қайта құрылған нұсқасы болуы мүмкін. Сарапшылар мұндай өзгеріс құқық қорғау органдарының назарынан тыс қалу үшін жасалған деп болжайды.
Мамандардың айтуынша, бұл топ өнеркәсіптік және мемлекеттік мекемелердің компьютерлік жүйелеріндегі осал тұстарды пайдаланып, шабуылдарын әлі де жалғастырып келеді.
Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанмен байланысы бар хакерлер Тәжікстанның 2 мыңнан астам құжатын ұрлаған еді. Сингапурде орналасқан CloudSek компаниясының мәліметінше, хакерлер Hermes деп аталатын автономды жасанды интеллект агенттеріне арналған ашық бағдарламалық платформаны пайдаланған.
Қазақстандықтар Pinduoduo-дан дәретхана қағазына дейін алатын болған: Бұл отандық кәсіпкерлерге қалай әсер етеді
