Хакерлер миллиардтаған долларды қолды етті: Binance шығынды өтей бастады
Әлемдегі ең ірі криптовалюта биржасы Binance жақында болған хакерлік шабуылдан зардап шеккен қолданушыларына жоғалтқан қаражатының 90%-ын қайтарғанын жария етті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі binance компаниясының ресми мәлімдемесіне сілтеме жасап хабарлайды.
Биржаның мәліметінше, BTC, ETH, USDT, BNB, SOL, USDC, XRP, USD1, RLUSD және ZEC токендері бойынша шығын толық өтелген. Компания шығынды өтеуге жалпы 6,3 миллиард доллар (2,85 триллион теңге) бөлген. Қалған 10% ірі ондыққа кірмейтін токендерге тиесілі. Олардың өтімділігі төмен болғандықтан, қажетті көлемде сатып алып, шығынды өтеуге көбірек уақыт қажет.
Хакерлер Binance платформасына 30 қазанда шабуыл жасаған. Сарапшылардың бағалауынша, бұл криптовалюта тарихындағы ең ірі ұрлық болуы мүмкін. Компанияның ішкі тергеуінің алдын ала нәтижесі бойынша, шабуыл Binance IT инфрақұрылымына қызмет көрсеткен инженерлердің бірінің ноутбугі бұзылуынан басталған. Қаскөйлер қызметтік контейнерге қол жеткізіп, рұқсатсыз қаражат аударымдарын жасаған. Кейін компания шабуылдың ауқымы бастапқыда болжанғаннан әлдеқайда үлкен болғанын хабарлады.
Хакерлік шабуыл туралы ақпарат тарағаннан кейін криптовалюта бағамдары төмендеп, биткоин құны 4%-дан астам арзандаған.
АҚШ Федералдық тергеу бюросы (ФБР) криптоактивтерді ұрлауға Солтүстік Кореямен байланысы бар TraderTraitor хакерлік тобының қатысы барын мәлімдеді. Арнайы қызметтің дерегінше, топ мүшелері ұрланған қаражатты әдетте Ethereum (ETH) криптовалютасына айырбастап, кейін оны, соның ішінде жедел айырбастау сервистері арқылы жылыстатады. ФБР криптоактивтермен жұмыс істейтін компанияларды осы топқа қатысы бар әмияндардан келетін транзакцияларды бұғаттауға шақырды.
Әртүрлі бағалаулар бойынша, Binance биржасында әлем бойынша 300 миллионнан астам қолданушы тіркелген. 2024 жылы компания басқаруындағы активтердің жалпы құны 160 миллиард доллардан (72,4 триллион теңге) асатынын хабарлаған.
Еске салайық, бұған дейін Солтүстік Кореямен байланысы бар TraderTraitor хакерлік тобы бұған дейін де ірі криптовалюта ұрлықтарына қатысы бар деген күдікке ілінген. Мәселен, 2025 жылдың ақпанында Bybit биржасынан шамамен 1,5 миллиард доллар ұрланған. АҚШ Федералдық тергеу бюросы бұл шабуылдың артында Солтүстік Корея хакерлері тұрғанын мәлімдеген.