Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Биыл тұмау кезінде дене қызуы неге ұзақ уақыт түспейді: Дәрігер түсіндірді

шошқа тұмауы ауру
Фото: magnific.com

Қазақстанда қыркүйектен бері 1,5 миллионға жуық ЖРВИ жағдайы тіркелген. Мамандар биылғы маусымда тұмаудың ағымы өзгеше екенін айтып, аурудың қандай асқынуларға әкелуі мүмкін екенін түсіндірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Сархат Бейсенованың айтуынша, биыл ЖРВИ жұқтыру көрсеткіші өткен эпидемиологиялық маусымның сәйкес кезеңімен салыстырғанда 28%-ға төмендеген.

“Тек соңғы аптада 133 мыңнан астам жағдай анықталды. Бұл былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 2,7 есе аз. Зертханалық зерттеулер нәтижесінде риновирустың 345, бокавирустың 195 және аденовирустың 189 жағдайы анықталды. Яғни ауру белгілері ұқсас болғанымен, оны әртүрлі вирус қоздыруы мүмкін. Сондықтан өз бетінше диагноз қойып, ем қабылдауға болмайды”, – деді Бейсенова.

Биылғы тұмаудың ерекшелігі неде?

№3 көпбейінді қалалық балалар ауруханасы директорының медициналық бөлім бойынша орынбасары, инфекционист дәрігер Роза Өтегенованың айтуынша, қазір тұмаудың H1N1 түрі басым болып отыр. Биыл науқастардың дене қызуы ұзақ уақыт бойы түспей, қызу түсіретін дәрілердің өзі кейде жеткілікті әсер етпей жатқан көрінеді.

“Бұл, ең алдымен, баланың немесе ересек адамның иммунитетіне байланысты. Екіншіден, тұмау қоздырғыштары жыл сайын мутацияға ұшырайды. Бұл аурудың ағымынан да байқалады. Қазір негізгі белгі – дене қызуының жоғары болуы”, – деді инфекционист.

Дәрігер ауру асқынған жағдайда құрысу, тыныс алу жеткіліксіздігі, бронхит пен пневмония дамуы мүмкін екенін ескертті.

Мектептер мен балабақшаларда жаңажылдық ертеңгіліктерге шектеу қойыла ма?

Сархат Бейсенова әзірге жаңажылдық мерекелік шараларды өткізуге тыйым салуға негіз жоқ екенін айтты. Өйткені елдегі эпидемиологиялық жағдай қалыпты, ал соңғы аптада сырқаттану көрсеткіші төмендеген.

“Дегенмен эпидемиологиялық жағдайды күн сайын бақылап отырамыз. Егер сырқаттану көрсеткіші өсіп, жағдай нашарласа, мектептер мен балабақшаларда жаппай мерекелік шараларды өткізуге шектеу қойылуы мүмкін”, – деді еліміздің бас санитар дәрігері.

Әзірге білім беру ұйымдарында жаңажылдық іс-шараларды өткізуге қатысты шектеу енгізілген жоқ.

Еске салсақ, бұған дейін әлеуметтік желіде балаларының қызуы түспей, әбігерге түскен ата-аналар шағымданған еді. Инфекционист Жадырасын Қалдыбайқызы тұмау кезінде ата-аналар жиі жіберетін қателіктерді атап, қандай жағдайда шұғыл медициналық көмекке жүгіну керегін түсіндірген.

Қарлығаш Асқарова
Сәрсенбі, 25 Қараша, 2026 15:46