Қазақстандықтар Pinduoduo-дан дәретхана қағазына дейін алатын болған: Бұл отандық кәсіпкерлерге қалай әсер етеді
Қазақстандықтар соңғы уақытта күнделікті тұрмысқа қажетті тауарларды да Қытайдан тапсырыс бере бастады. Бұған Pinduoduo платформасындағы төмен баға және кейбір тауарларға Қазақстанға тікелей тегін жеткізу мүмкіндігінің пайда болуы себеп. Бірі мұны тұтынушы үшін тиімді мүмкіндік деп санаса, енді бірі отандық кәсіпкерлерге қауіп төнуі мүмкін деп алаңдайды. Әлеуметтік желіде қазақстандықтар тіпті Қазақстанда өндірілген тауарлардың Қытайда арзанырақ сатылатынын талқылап жатыр. Осы тұста жергілікті бизнес Қытай платформаларымен қалай бәсекелеседі? Pinduoduo-ның танымал болуы қазақстандық саудаға қалай әсер етуі мүмкін? Stan.kz тілшісі тұтынушы, кәсіпкер және экономист пікірін білді.
"Қытайдан тапсырыс беру дүкенге барғаннан арзан"
Кейінгі аптада желіде қазақстандықтар Pinduoduo платформасындағы баға мен жергілікті дүкендердегі тауар құнын салыстырған жазбаларды жиі жариялап жатыр. Әсіресе, тұрмыстық заттардың Қытайда әлдеқайда арзан сатылатыны қолданушылардың назарын аударған.
Мәселен, желі қолданушыларының бірі Қытайдан Қазақстанға жеткізумен 18 орам қағаз сүлгіге тапсырыс беріп, бар болғаны 396 теңге төлегенін жазған. Оның айтуынша, жеткізу ақысы да алынбаған.
"Сонда Қытайдан 18 орам сүлгіге тапсырыс беріп, жарты әлемді басып өтіп, кеденнен өткізіп, Қазақстанға жеткізу жақын жердегі дүкенге барып келгеннен де арзан болып тұр. Көресіздер, осындай бағалар мен Қытайдан жаппай тапсырыс беру көбейген соң, біздің Үкімет міндетті түрде бір амалын табады. Бірде салық енгізеді, бірде баж салығын көтереді, енді бірде тегін жеткізуді тоқтатады. Халық біздің дүкендерден арзанға сатып алуға үйреніп кетпесе болғаны! Бізде көп ұзамай үнемдеудің өзі сән-салтанатқа айналатын сияқты", – дейді тұтынушылардың бірі.

Тағы бір қолданушы халықтың дәретхана қағазы мен тұрмыстық химия сияқты күнделікті қажетті тауарларды да Қытайдан сатып алуға көшуі елдегі сатып алу қабілетінің төмендегенін көрсетеді деп санайды.
“Pinduoduo платформасына кірсеңіз, бағалар бірнеше есе тиімді, жеткізу тегін. Ал Қазақстанда дәл сол тауарлар үшін әлдеқайда көп ақша төлеуге тура келеді. Мұнда қымбат гаджеттер немесе брендтік киімдер туралы сөз болып отырған жоқ. Әңгіме әр отбасыға күн сайын қажет ең қарапайым заттар жайында. Сонда қазір өз дүкенімізден сатып алғаннан гөрі, Қытайдан келетін сәлемдемені күткен тиімді болып тұр. Ал кейін ақшаның шетелге кетіп жатқанына, жергілікті сауда орындарының сатып алушыларынан айырылып жатқанына таңғаламыз”, – дейді оқырман.
Басқа бір оқырман Pinduoduo платформасындағы тегін жеткізілімді тексеру үшін арнайы тәжірибе жүргізген. Ол салмағы салыстырмалы түрде ауыр әрі көлемді бірнеше тауарға тапсырыс беріп, барлығын шамамен екі аптада алған.
"Pinduoduo-да тегін жеткізілім пайда болғанын көрген соң, оны өзім тексеріп көруді ұйғардым. Арнайы салмағы ауыр және көлемді тауарларды қоса алғанда, әртүрлі заттарға тапсырыс бердім. Нәтижесінде барлығы шамамен екі аптада келді. Тауарлар бүтін, тапсырыстағы саны мен жиынтығы сәйкес болды. Жеткізу үшін қосымша ақша төлеген жоқпын. Тек Domestos Қазақстанға өтпей, кері қайтарылды", – дейді оқырман.

Pinduoduo қосымшасы арқылы тауарға алғаш рет тапсырыс берген қазақстандық Айбала тұтынушы жеткізу қызметінің ыңғайлы болғанын айтады. Алайда тапсырыс рәсімдеу кезінде жеткізу ақысына қатысты бір маңызды жайтты байқамай, екі тауарды ақылы түрде алдыртқан.
"Pinduoduo қосымшасымен алғаш рет тапсырыс бердім. Карго арқылы емес, Jana Post қосымшасы арқылы жеткізуді таңдадым. Тапсырысымды үйімнің маңындағы бөлімшеден алып кеттім. Маған осылай алу өте ыңғайлы әрі тиімді болды. Бірақ тапсырыс берген кезде бір нәрсеге мән беру керек екен. Pinduoduo-да тауардың төменгі жағында көк түспен жазылған белгі болады. Ол – жеткізу тегін дегенді білдіреді. Мен оны бірден байқамай, екі тауарды ақылы жеткізумен рәсімдеп қойдым. Ал қалған екі тауарым тегін жеткізілді. Сондықтан тапсырыс берерде осы белгіге мұқият қарауға кеңес беремін", – дейді
Қазақстандық сатылым төмендеді ме?
Атыраулық Эльмира Pinduoduo платформасында Қазақстанға тегін жеткізілімнің пайда болуы жергілікті кәсіпкерлер үшін үлкен бәсекеге айналуы мүмкін екенін жазды. Ол мысал ретінде бірдей люстраның бағасын салыстырған. Қазақстанда мұндай шам 54 900 теңгеден сатылса, Pinduoduo платформасында оның бағасы шамамен 13 198 теңге. Қолданушының пікірінше, бағасы әлдеқайда төмен әрі тегін жеткізілім ұсынатын қытайлық платформамен отандық сатушыларға бәсекелесу қиынға соғуы мүмкін.
"Қазақстандық кәсіпкерлер жақын арада үлкен сынаққа тап болуы мүмкін сияқты. Pinduoduo мен Қазақстанға тегін жеткізілім тұтынушылар үшін жақсы жаңалық болғанымен, жергілікті бизнес үшін үлкен мәселеге айналуы мүмкін. Енді оларға бағасы төмен әрі тегін жеткізу ұсынатын алып қытайлық платформамен бәсекелесуге тура келеді. Әрі қарай не болады деп ойлайсыз?" – дейді Эльмира.

Pinduoduo-ның арзан бағасы мен тегін жеткізу мүмкіндігі тұтынушыларды қуантқанымен, жергілікті кәсіпкерлер үшін жағдай күрделене түсуі мүмкін.
Әсіресе, Қытайдан тауар әкеліп, оны Қазақстанда үстеме бағамен сататын кәсіпкерлерге бәсекелестік күшейіп отыр. Кейбір шағын бизнес өкілдері әлеуметтік желіде жаңа жағдайдың өздеріне әсер ете бастағанын жазған. Олардың айтуынша, Kaspi дүкеніндегі тапсырыстар да, офлайн сауда да баяулаған. Тіпті маусымдық сұраныс болуы тиіс кезеңде де сатылым көңіл көншітпейді.
"Kaspi дүкені де үнсіз, офлайн сауда да баяу. Ал бізде қазір маусым қызатын уақыт", – дейді балалар киімін сататын кәсіпкерлердің бірі.
Кәсіпкерлердің алаңдауына негіз бар. Себебі тұтынушы дәл сол тауарды Қытайдан бірнеше есе арзанға және жеткізу ақысын төлемей сатып ала алса, жергілікті сатушыдан алуға асықпауы мүмкін.
Дегенмен желі қолданушыларының арасында мұны қалыпты бәсекелестік деп қабылдайтындар да бар. Олардың пікірінше, кейбір сатушылар тауарды Қытайдан арзанға сатып алып, Қазақстанда бірнеше есе қымбатқа сатады. Сондықтан шетелдік платформалардың пайда болуы бағаның негізсіз өсуіне тосқауыл болуы мүмкін.
Қазақстандық тауар Қытайда неге арзан?
Әлеуметтік желіде қызу талқыланған тағы бір мәселе қазақстандық брендке жататын жөргектер Қытай маркетплейстерінде арзанырақ сатылуы. Мәселен, Threads қолданушыларының бірі Қазақстанда өндірілетін Albeni шоколадының бағасын салыстырған. Оның мәліметінше, Қытайда 31 грамдық батончик шамамен 140 теңгеден сатылса, Қазақстанда 40 грамдық өнімі 315 теңге тұрады.
"Калькуляторды пайдаланып есептеп көрсек, қазақстандық шоколад Қытайда өз отанындағы бағадан 74%-ға арзан болып шығады! Оның үстіне, бұл тауарды Қытайға экспорттау, жеткізу, кедендік рәсімдеуден өткізу және сату қажет", – деп жазды қолданушы.
Тағы бір желі қолданушысы қазақстандық брендке жататын жөргектердің Pinduoduo платформасында шамамен 2 мың теңге тұратынын, ал Қазақстанда дәл сол өнімнің бағасы 6 500-7 500 теңге екенін айтқан.

Алайда мұндай салыстыру кезінде тауардың нақты салмағын, түрін, сатылым шарттарын және қосымша шығындарын ескеру қажет. Дегенмен, мұндай мысалдар тұтынушылардың жергілікті нарықтағы баға қалыптасуына қатысты сұрақтарын көбейткен.
Қаржы сарапшысы Арман Бейсембайдың айтуынша, кейбір қазақстандық брендтер тауарларын қытайлық маркетплейстерде әдейі төмен бағамен сатуға мүдделі болуы мүмкін.
"Кейбір отандық брендтер тауар бағасын әдейі төмендетуі мүмкін. Өйткені олар маркетплейстермен келісімшартқа отырады. Мұндай жағдайда кәсіпкер үшін ең бастысы – тауардың сатылуы, яғни айналымның болуы. Бағаны төмендету арқылы өнімді көбірек адамға өткізуге мүмкіндік бар. Оның үстіне, кейбір платформалар сатушылардың тауарды арзанырақ ұсынуы үшін өз тарапынан да қаржы бөлуі мүмкін", – деп түсіндірді Арман Бейсембай.
Қаржы сарапшысы не дейді?
Экономистердің пікірінше, қытайлық маркетплейстердің Қазақстан нарығындағы үлесінің артуы бір жағынан тұтынушылар үшін тиімді болса, екінші жағынан жергілікті кәсіпкерлерге қысым түсіруі мүмкін. Қаржы сарапшысы Арман Бейсембайдің пікірінше, Pinduoduo сияқты қытайлық маркетплейстердің Қазақстанда танымал болуы – нарықтағы бәсекелестіктің күшеюімен байланысты.
Оның айтуынша, бұған дейін отандық онлайн саудада Kaspi басымдыққа ие болса, кейін нарыққа Ozon, Wildberries және Қытай платформаларының келуі кәсіпкерлерге таңдау мүмкіндігін арттырған.
Сарапшының пікірінше, бұған дейін Kaspi онлайн сауданың 90-95%-ын иеленген. Қазір оның үлесі 75%-дан төмендеуі мүмкін. Алайда көрсеткішті ол өзінің бағалауы ретінде келтірді.
"Бұрын кәсіпкерлердің Kaspi-ден басқа таңдау мүмкіндігі көп болған жоқ. Қазір олар Ozon сияқты ресейлік платформаларға немесе қытайлық маркетплейстерге шыға алады. Бұл, керісінше, жақсы, өйткені кәсіпкерлерге таңдау мүмкіндігі пайда болды. Басқа ойыншылар нарыққа кіріп, тиімдірек, ыңғайлырақ немесе арзанырақ шарттар ұсына бастады. Бұл бәсекелестік", – дейді Арман Бейсембай.
Сарапшы тауар бағасының ішкі нарықта қымбат болуына маркетплейстердің комиссиясы мен өзге де шығындар әсер ететінін атап өтті. Оның айтуынша, отандық платформаларда сатушылар қызмет көрсету, эквайринг (банк немесе төлем жүйесі арқылы банк картасымен төлем қабылдау қызметі. Кәсіпкер әрбір осындай төлем үшін белгілі бір комиссия төлейді) және тауарды орналастыру үшін комиссия төлейді. Бұған салық пен басқа да шығындар қосылады. Соның салдарынан тауардың түпкі бағасының едәуір бөлігі оның өзіндік құнына емес, қосымша шығындарға тиесілі болуы мүмкін.
"Ішкі нарықта тауардың бағасы жоғары болуының бір себебі – оның өзіндік құны ғана емес, сатушы көтеретін шығындар. Кейбір жағдайда тауар құнының жартысына дейінгі бөлігі салық, комиссия және басқа төлемдерге кетуі мүмкін. Ал өзге платформаларда комиссия төмен болуы немесе сатушыларға қосымша қаржылай қолдау көрсетілуі ықтимал", – деп түсіндірді сарапшы.
Сарапшы Pinduoduo платформасындағы қазақстандық брендтердің тауарлары неге арзан сатылатынына қатысты да пікір білдірді. Оның пайымдауынша, бұған өнімнің өзіндік құны, өндіріс процесіне Қытай тарапынан ресурстардың тартылуы немесе маркетплейстің тауарды арзандатуға бағытталған маркетингтік саясаты әсер етуі мүмкін. Алайда ол Pinduoduo-ның нақты баға қалыптастыру тетіктері туралы толық ақпарат жоқ екенін атап өтті.
"Мұндай жағдайды маркетингтік саясатпен де түсіндіруге болады. Мысалы, кейбір маркетплейстер сатушылардың тауарды төмен бағамен ұсынуы үшін өз кірісінің бір бөлігін жұмсайды. Яғни платформа тауар бағасын арзандатуға өзі де қаржы бөлуі мүмкін. Мұндай тәжірибе басқа елдерде де бар", – дейді ол.
Бейсембайдің пікірінше, қытайлық маркетплейстердің арзан бағасы отандық кәсіпкерлерге бәсекелестік қысым түсіретіні анық. Себебі тұтынушы бірдей тауарды арзан әрі үйден шықпай-ақ сатып ала алса, онлайн платформаны таңдауы мүмкін. Дегенмен сарапшы мұндай үрдісті тек Қазақстанға тән құбылыс деп санамайды. Оның айтуынша, онлайн сауданың дамуы әлемнің көптеген елінде дәстүрлі дүкендердің нарықтағы үлесіне әсер етіп отыр.
"Кәсіпкерлердің онлайн платформаларға ауысуының бір себебі – офлайн сауданың шығындары көп. Дүкен ұстау үшін жалдау ақысын төлеу, қызметкерлерге жалақы беру, салық пен коммуналдық шығындарды өтеу керек. Мұның бәрі тауардың бағасына қосылады. Сондықтан кәсіпкерлерге кейде офлайн саудадан гөрі онлайн платформаларда жұмыс істеу тиімдірек", – дейді қаржы сарапшысы.
Ол қытайлық маркетплейстердің жергілікті сатушылардан сатып алушылардың бір бөлігін тартып алуы қалыпты бәсекелестік екенін де атап өтті. Сарапшының пікірінше, егер кәсіпкерлер белгілі бір платформада саудасын жалғастырып жатса, демек, олар үшін оның белгілі бір экономикалық тиімділігі бар.
"Егер кәсіпкерлерге мұндай платформаларда сауда жасау тиімсіз болса, олар ол жаққа тауарын орналастырмас еді. Демек, аз болсын, көп болсын, табыс табуға мүмкіндік бар", – деп түйіндеді Арман Бейсембай.
Қазақстандықтар Pinduoduo-дан дәретхана қағазына дейін алатын болған: Бұл отандық кәсіпкерлерге қалай әсер етеді