Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Түбі руға бөлінейік дегені емес пе?": Депутат кәсіпорындарға ру атауын беруін сынап тастады

Аят Сүгірбай

Фото: facebook.com/aiat.sugirbai

Құрылтай депутаты Аят Сүгірбай әділет министрі Ерлан Сәрсембаевқа депутаттық сауал жолдап, кәсіпорындар мен қоғамдық ұйымдарға ру атауларын беру мәселесін көтерді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Депутаттың айтуынша, соңғы жылдары елімізде көшелерге атау беру, ескерткіш орнату мәселелері заңмен реттелген. Алайда шаруа қожалықтарын, серіктестіктер мен кәсіпорындарды ру атымен атау мәселесі назардан тыс қалып отыр.

"Қазір түрлі шаруа қожалықтарын, серіктестіктер мен фирмаларды, кәсіпорындарды қазақ руларының атымен атау жиілеп кеткен сияқты. Мысалы, "Заңды тұлғалар" мемлекеттік мәліметтер базасының ақпаратына сәйкес, Қазақстанда қазақ руларының атымен аталған 800-ге жуық коммерциялық және коммерциялық емес ұйым бар. Олар негізінен 1996-2005 жылдар аралығында тіркелген. Қоғамда мұндай жағдайдың орын алуы қисынсыздау екені тайға таңба басқандай көрініп тұр. Қазақ үшін ру тарихи тамырын танудың, жеті атасын білудің, ата-баба шежіресін құрметтеудің жолы. Алайда ру – елдік мүддеден, мемлекетшілдік идеясынан жоғары тұратын ұғым емес", – деді Аят Сүгірбай.

Депутат кәсіпорындарға ру атауын берудің астарында рушылдық белгілері бар деп есептейді. Оның пікірінше, мұндай үрдіс кейінгі ұрпақтың дүниетанымына әсер етіп, қоғамның жікке бөлінуіне себеп болуы мүмкін.

"Тарихи шежіремізді құрметтеу парыз, ал ру атауларын коммерциялық мүдденің құралына айналдыру қоғамды жікке бөлуге алғышарт қалыптастыратыны сөзсіз. Әрине, қолданыстағы заңнамада ру атауларын пайдалануға тыйым салуға қатысты норма жоқ. Азаматтық кодексте заң талаптарына немесе қоғамдық моральға қайшы келетін атауларды пайдалануға шектеу қойылған. Менің ойымша, заңды тұлғаларды, кәсіпорындарды нақты бір рудың атымен атаудың астарында рушылдықтың белгілері бар. Оның үстіне, сондай кәсіпорындардың қызметіне, өніміне қатысты сын-пікір айтылса, наразылық болса, бірден сол рудың да өкілдеріне сөз тиеді. Мұндай ахуал руаралық араздықты қоздыруы мүмкін", – деді депутат.

Сүгірбай рушылдықтың белең алуы әділ бәсекелестікке де кері әсер етуі мүмкін екенін айтып, ұйымдарға ру атауларын беру мәселесін заң тұрғысынан қарастыру қажеттігін алға тартты.

Еске салсақ, бұған дейін Құрылтай депутаты Юлия Кучинская жаңа тұрғын үйлерге халықты мектеп, емхана, жол және басқа да қажетті инфрақұрылым салынғаннан кейін ғана қоныстандыруды ұсынғанын жазған едік. Сондай-ақ депутат мемлекеттік мекемелерді, жоғары оқу орындары мен ауруханаларды қала орталығынан шеткі аудандарға көшіру мәселесін көтерген еді.

Қарлығаш Асқарова
Сәрсенбі, 25 Қараша, 2026 12:06