Қазақстанда "Дипломмен ауылға" бағдарламасымен барған 9 мыңнан астам маман ауылдан кетіп қалды – Депутат
Қазақстанда "Дипломмен ауылға!" бағдарламасы арқылы баспаналы болған 9 мыңнан астам маман міндетті жұмыс істеу мерзімі аяқталған соң ауылдан көшіп кеткен. Осыған байланысты Құрылтай депутаты Шахмардан Байманов ауылға барған жастарды тұрақтандыру үшін жаңа бастама ұсынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
"Ауыл" партиясы фракциясының мүшесі Шахмардан Байманов премьер-министр Олжас Бектеновке жолдаған депутаттық сауалында ауылға маман тартумен шектелмей, олардың сол жерде тұрақтап қалуына жағдай жасау мәселесін көтерді. Депутаттың мәліметінше, "Дипломмен ауылға!" бағдарламасы аясында 55 237 маман баспана алуға жеңілдетілген несие алған. Олардың 95,4%-ы ауылда кемінде үш жыл жұмыс істеу міндетін орындаған. Алайда міндетті мерзімі аяқталғаннан кейін 9 321 маман ауылдан көшіп кеткен. Тағы 2 532 адам келісімшартты мерзімінен бұрын бұзған.
"Ауылдық квота жастарға білім алуға, ал "Дипломмен ауылға!" жобасы мамандарға баспаналы болуға мүмкіндік береді. Бұл – оң нәтиже. Алайда бес жылдан кейін қанша маманның ауылда тұрақтап қалғаны есепке алынбайды. Сондықтан мемлекеттік қолдаудың ұзақ мерзімді нәтижесін бағалау маңызды", – деді Шахмардан Байманов.

Ауылға барған жастарды тұрақтандырудың жаңа жолы ұсынылды
Депутат ауыл жастарын қолдау үшін "Туған жерге – жас маман" атты бастама көтерді. Оның аясында әр аудан алдағы үш жылда қандай мамандар қажет болатынын алдын ала анықтауы керек. Әкімдіктер жұмыс берушілермен бірлесіп, бос жұмыс орындары мен жаңа жобалар туралы мәлімет жинап, оны студенттерге жеткізуге тиіс. Сондай-ақ жоғары оқу орындары, әкімдіктер мен мансап орталықтары түлектердің ауылдан жұмыс табуына және "Дипломмен ауылға!" бағдарламасы арқылы баспана алуына көмектесуі ұсынылды.
Бұдан бөлек, мемлекеттік қолдау алған жастардың бір, үш және бес жылдан кейін қайда жұмыс істеп жүргенін бақылау үшін арнайы цифрлық жүйе енгізу көзделген.
"Біз жаңа бағдарлама немесе қосымша қаржы сұрамаймыз. Мақсатымыз – қолданыстағы мемлекеттік қолдауды өзара байланыстырып, тиімділігін арттыру. Ең бастысы – ауыл жастарының диплом алып қана қоймай, туған жерінде тұрақты жұмыс істеп, өз болашағын құруына жағдай жасау", – деді депутат.
Айта кетейік, 2026 жылы "Дипломмен ауылға!" бағдарламасы бойынша тұрғын үй несиелеріне 25 миллиард теңге қарастырылған.
Сонымен қатар Шахмардан Байманов 2029 жылдың соңына дейін шамамен 6,5 триллион теңге бағыттау жоспарланған "Халықтық құрылыс" бастамасына да тоқталды. Оның айтуынша, жаңадан салынатын нысандарға қажетті мамандарды қазірден бастап даярлау маңызды.
Еске салсақ, Шығыс Қазақстан облысының Марқакөл ауданында жас медицина қызметкері "Дипломмен – ауылға" бағдарламасы арқылы 5 миллион теңге бюджеттік кредит пен 345 мың теңге көтерме жәрдемақы алғанымен, ауылда кемінде үш жыл жұмыс істеу міндетін орындамағаны туралы жазған едік. Прокуратура ауданда осындай заңбұзушылықтардың жалпы сомасы 10,6 миллион теңгеге жеткенін хабарлаған. Тексеруден кейін оның 2,95 миллион теңгесі бюджетке қайтарылған.