"Мұндай үй беруге болмайды": Министр баспанасына шағымданғаннан кейін жұмыстан шығарылған дәрігер туралы айтты
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Ақмола облысында өзіне берілген үйдің сапасына шағымданған жас дәрігер Илия Болкоевтың жұмыстан шығарылуына қатысты пікір білдірді. Министр бұл мәселені әкімдікпен бірлесіп қарайтынын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Үкіметтегі баспасөз мәслихатында журналист министрліктен дәрігердің жұмыстан шығарылуының нақты себебін анықтады ма деп сұрады. Сондай-ақ қабырғасында тесігі бар үйді жас маманға беруге қалай қарайтынын білгісі келді.
"Бұл мәселені білемін. Ақмола облысы әкімінің әлеуметтік мәселелерге жауапты орынбасарына сауал жолдадық. Нәтижесіне қарай тиісті шешім қабылдаймыз. Әрине, мұндай үйлерді беруге болмайды деп санаймын, өкінішке қарай, бұл бірінші жағдай емес", – деді Әлназарова.
Илия Болкоев оқуын аяқтағаннан кейін Зеренді ауданындағы Айдабол ауылына жұмыс істеуге барған. Алайда өзіне берілген баспананың жағдайына көңілі толмаған айтып, шағым түсірген еді. Дәрігердің айтуынша, үйдің шатыры ағып, қабырғаларында тесіктер болған. Ауыл әкімі Николай Водовозовтың мәліметінше, екі пәтерлі үй 3,5 миллион теңгеге сатып алынған. Оны жөндеуге тағы 10 миллион теңге бөлу жоспарланған екен.
Кейін дәрігер жұмысынан айырылды. Әлеуметтік желіде мұны оның баспанаға қатысты шағымымен байланыстырды. Ал облыстық денсаулық сақтау басқармасы Болкоевтың 2026 жылғы 7 қазанда еңбек міндеттерін дәлелді себепсіз қайталап орындамағаны үшін жұмыстан шығарылғанын мәлімдеді. Басқарманың түсіндіруінше, оның жұмыс орнында болмағаны бірнеше рет тіркеліп, бұған дейін қатаң сөгіс берілген.
Министр жас дәрігерге қолдау көрсету мәселесі бұған дейін де көтерілгенін айтты.
"Осы жағдайды соңына дейін қараймыз, өйткені оны өзім де көрдім. Әкімдікпен жас маманның сол жерде тұрақтап жұмыс істеуіне көмектесу мәселесін талқылағанбыз. Оған лайықты баспана беру қажет", – деді ол.
Журналист жас дәрігерлерге сапасыз үй беріліп жатса, баспанамен қамту бағдарламаларын кеңейтудің қаншалықты орынды екенін де сұрады. Әлназарова бір жағдайға қарап, бүкіл елдегі ахуалға баға беруге болмайтынын ескертті.
"Сізді тыңдасақ, ешкімге қолдау көрсетпей, кадр тапшылығымен келісіп отыра беруіміз керек сияқты. Бұл да дұрыс емес қой. Мыңдаған жас дәрігер отбасымен ауылға барып, жұмыс істеп жатыр. Ал осы нақты жағдай бойынша тиісті жұмыс жүргіземіз", – деді министр.
Әлназарованың түсіндіруінше, министрлік денсаулық сақтау саласының саясаты мен заңнамасын реттейді, ал оны жергілікті жерде іске асыру әкімдіктерге жүктелген. Сондықтан мұндай мәселелерді ведомство жалғыз өзі шеше алмайтын көрінеді.

Брифингте Болкоевтың жұмыстан шығарылуына қатысты түпкілікті қорытынды айтылмады. Министр тиісті жауап алынғаннан кейін шешім қабылданатынын жеткізді.
Еске салсақ, Шығыс Қазақстан облысының Марқакөл ауданында жас медицина қызметкері "Дипломмен – ауылға" бағдарламасы арқылы 5 миллион теңге бюджеттік кредит пен 345 мың теңге көтерме жәрдемақы алғанымен, ауылда кемінде үш жыл жұмыс істеу міндетін орындамағаны туралы жазған едік. Прокуратура ауданда осындай заңбұзушылықтардың жалпы сомасы 10,6 миллион теңгеге жеткенін хабарлаған. Тексеруден кейін оның 2,95 миллион теңгесі бюджетке қайтарылған.