Атырауда мұнай компаниясына экологияны бүлдіргені үшін 3 миллиард теңгеден астам айыппұл салынды
Атырауда "ЖАН и КС" мұнай компаниясынан экологиялық заңбұзушылық үшін салынған 3 миллиард теңгеден астам айыппұл өндіріліп жатыр. Компания бұрғылау кезінде қалдықтарды заңсыз жинаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Ақжайық” порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Табиғатты қорғау прокуратурасының мәліметінше, компания мұнай ұңғымаларын бұрғылау кезінде пайда болған қалдықтар мен пайдаланылған сұйықтықтарды заңсыз жинаған.
“Осы әрекеті үшін кәсіпорын Қазақстанның Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 328-бабы 6-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Компания миллиардтаған айыппұлмен келіспей, сотқа шағымданған. Алайда сот оның шағымдарын қанағаттандырмады. Осылайша, айыппұл салу туралы шешім заңды күшіне енді”, – делінген хабарламада.
Компания айыппұлды толық төлемеген соң, қалған ақшаны мәжбүрлеп өндіріп алу басталған. Қазір сот орындаушылары оның 490 миллион теңгеден астамын Атырау бюджетіне аударған. Қалған соманы өндіріп алу жұмыстары жалғасып жатыр.
Бұған дейін экологиялық айыппұлдардан түскен ақша республикалық бюджетке аударылатын. Енді бұл қаражат айыппұл салынған өңірдің бюджетінде қалады. Сондықтан мұнай компаниясынан өндірілген ақша Атырау қаласының қажетіне жұмсалады.
Еске салсақ, Қазақстанда айыппұлдан түскен 194,7 миллиард теңге қайда жұмсалатыны туралы хабарлаған едік. Экономист Руслан Сұлтановтың айтуынша, бір компанияға салынған ірі айыппұлдың өзі өңірдің жалпы статистикасына айтарлықтай ықпал етуі мүмкін.
Қазақстандық жігіт жасанды интеллект арқылы айына 2 миллион теңге табыс табады
