Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда энергияны үнемдемейтін тауар сатып алған басшыларға айыппұл салынбақ

Арман Қалықов
Фото: Құрылтай отырысынан

Құрылтайда энергия үнемдеу мәселелері бойынша Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске өзгерістер енгізуді көздейтін заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Енді мекеме басшыларына тауар сатып алғанда оның бағасы мен сапасына ғана емес, энергияны қаншалықты үнемдейтініне де мән беруге тура келуі мүмкін. Депутаттар белгіленген талаптарға сай келмейтін сатып алулар үшін әкімшілік жауапкершілік енгізуді ұсынып отыр.

"Энергия тиімділігі бойынша белгіленген талаптарға сай келмейтін тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді сатып алғаны үшін әкімшілік жауапкершілік енгізуді ұсынамыз.Ол үшінлауазымды тұлғалар мен коммерциялық емес ұйымдарды жауапқа тарту ұсынылып отыр", – деді Құрылтай депутаты Арман Қалықов.

Депутаттың айтуынша, Қазақстан экономикасы бірдей көлемдегі өнім өндіруге әлемдік орташа көрсеткіштен шамамен екі есе көп энергия жұмсайды. Алайда бұл көрсеткіш Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше елдермен салыстырғанда 3,6 есе жоғары болып отыр.

Дегенмен  энергияны үнемдеу көрсеткіші жақсарғанымен, елімізде оны тұтыну көлемі өсіп келеді. Мәселен, 2025 жылы Қазақстан 2021 жылмен салыстырғанда 10,8 пайызға көп энергия тұтынған.

Заң жобасының авторлары жаңа талаптар энергияны ысырап етуді азайтуға және үнемді технологияларды кеңінен қолдануға мүмкіндік береді деп есептейді.

Еске салсақ, бұған дейін энергетика саласының маманы Жақып Хайрушев Қазақстандағы электр энергиясы тапшылығы туралы айтқан еді. Оның мәліметінше, 2025 жылы еліміз өндіргенінен шамамен 1,5 млрд кВт·сағ артық электр энергиясын тұтынған. Сарапшы бұл мәселені халықты электр қуатын үнемдеуге шақырумен ғана шешу мүмкін емес екенін, энергияны тиімді пайдалану, ескі станцияларды жаңғырту және жаңа қуат көздерін іске қосу қажет екенін айтқан.

Қарлығаш Асқарова
Сәрсенбі, 25 Қараша, 2026 10:57