Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстан өзін электр энергиясымен толық қамтамасыз ете ала ма?: Ел неге дайын болуы керек

Қазақстан электр энергиясымен өзін қамтамасыз ете ала ма
Фото: depositphotos.com

Алматы бірнеше сағатқа жарықсыз қалғанда, қала өмірінің электр энергиясына қаншалық тәуелді екені анық көрінді. Бірақ осы жағдай тағы бір маңызды сұрақты алға шығарды. Қазақстанның өзіне электр энергиясы жете ме? Ескі станциялар, тозған желілер, энергия тапшылығы және көрші елдермен тәуелді байланыс Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігіне қаншалықты әсер етіп отыр? Stan.kz тілшісі осы сауалдарды маманнан сұрап көрді. 

Энергетика саласының маманы Жақып Хайрушевтың айтуынша, 2025 жылы Қазақстанда 123,1 млрд кВт/сағат электр энергиясы өндірілген. Ал елдегі тұтыну көлемі 124,6 млрд кВт/сағатқа жеткен. Сонда Қазақстан бір жылда өндіргенінен шамамен 1,5 млрд кВт/сағатқа көп электр энергиясын тұтынған.

Сарапшының айтуынша, мұнда бір маңызды нәрсені ажыратып алу керек. Қазақстандағы электр станцияларының белгіленген қуаты шамамен 26,8 ГВт болғанымен, бұл ел кез келген уақытта дәл осындай көлемде электр өндіре алады деген сөз емес. Себебі станциялардың бір бөлігі жөндеуде болады, кейбір энергоблоктардың жұмысына техникалық шектеулер қойылады.

“Ал жел мен күн электр станциялары ауа райына тәуелді. Сондықтан қағаз жүзіндегі қуат пен нақты уақытта қолжетімді қуаттың арасында айырмашылық бар. Үкімет 2027 жылдың басына қарай елдің ішкі сұранысын толық жабуды көздеп отыр. Бірақ мәселе тек электрді жыл бойы жеткілікті өндіруде емес. Ең маңыздысы – тұтыну күрт өсіп кеткен немесе станциялар апатқа байланысты тоқтаған сәтте де елде жететіндей резервтің болуы”, – деді маман. 

“Алматыдағы жаппай жарық өшуі, тозығы жеткен желілер: Бізге неге дайын болу керек?”

Маманның айтуынша, 14 тамызда Алматыдағы жаппай жарық өшуі жай ғана кездейсоқ апаттық жағдай емес. Оқиға Орталық Азияның біртұтас энергожүйесіндегі бастапқы бұзылыстан кейін болған. Соның салдарынан Қазақстанның Солтүстік–Шығыс–Оңтүстік транзитіне үлкен жүктеме түскен. Кейін энергожүйе бөлініп, тұтынушыларға жаппай шектеу енгізілген.

“Бұл жағдай Қазақстанның энергетикалық жүйесіндегі бірқатар әлсіз тұсты көрсетті. Ең алдымен, Оңтүстік аймақтың энергия тапшылығы байқалады. Мұнда қажетті электрдің едәуір бөлігі солтүстіктен жеткізіледі. Ал электр станциялары жазғы жөндеуге шығарылған кезде жүйедегі резерв одан әрі азаяды. Бұл оқиғаны ескерту ретінде қабылдау керек. Бұл ертең міндетті түрде тағы бір блэкаут болады деген сөз емес. Бірақ жүйенің қорын, яғни қауіпсіздік қорымызды көбейту қажет", – деді сарапшы.

Қазақстандағы тағы бір үлкен мәселе – электр станцияларының жасы. Сарапшы мұны энергетика саласына ұзақ жылдар бойы жеткілікті инвестиция салынбауымен және жаңа қуаттардың аз енгізілуімен байланыстырады.

“Қазақстандағы жылу энергетикасының негізгі бөлігі кеңестік кезеңде салынған. Ұзақ уақыт бойы тариф саясаты станцияларды толық жаңғыртуға және жабдықтарды ауыстыруға жеткілікті қаражат жинауға мүмкіндік бермеген. 2026 жылдың басындағы мәлімет бойынша, генерирлеуші жабдықтың шамамен 45 пайызы 30 жылдан астам уақыт жұмыс істеп келеді. Ал бір жыл бұрын ЖЭО-лардың орташа тозуы шамамен 64 пайыз деп бағаланған. Дегенмен жабдықтың ескі болуы автоматты түрде оның қауіпті екенін білдірмейді. Жақсы күтім жасалған турбина ондаған жыл жұмыс істей алады. Бірақ жабдықтың жасы ұлғайған сайын жөндеу көбейеді, мәжбүрлі түрде тоқтап қалу қаупі артады және станцияның нақты қолжетімді қуаты төмендейді”, – деп қосты ол. 

Маманның айтуынша, соңғы жылдары жағдайды өзгерту үшін жөндеу жұмыстарына қаржы көбейтіліп, үкімет күрделі жөндеуге шамамен 902 миллиард теңге бағыттаған.

“Халықты электрді үнемдеуге шақырумен мәселе шешілмейді”

Сарапшы осы тұста алдағы жылдары электрге сұраныс одан әрі артатынын алға тартты. Айтуынша, өнеркәсіп, дата-орталықтар, цифрлық майнинг, электр көлігі сияқты жаңа тұтынушылар пайда болады.

Сондықтан мәселені халықты электрді көбірек үнемдеуге шақырумен ғана шешу мүмкін емес. Энергия тиімділігін арттыру және қажетсіз шығынды азайту керек. Бірақ экономика өссе, оған сәйкес электр энергиясының көлемі де өсуі тиіс. Демек, Қазақстанға жаңа станциялар да, ескі станцияларды жаңғырту да, жаңа электр желілері мен резервтік қуат та қажет. Оның үстіне жаңа генерация ірі тұтынушылар пайда болғаннан кейін емес, олардан бұрын іске қосылуы керек”, – деді ол.

Жақып Хайрушев осы тұста қарама-қайшы мәселелердің барын да алға тартты.

“Мәселен, жаңа электр станциясын салғанмен, оның қуатын тұтынушыға жеткізетін желі болмаса, өндірілген электрді толық пайдалану мүмкін емес. Ал желілерді жаңартқанмен, жеткізетін электр жеткіліксіз болса, оның да пайдасы аз. Энергетикалық жүйедегі тағы бір маңызды нәрсе – заманауи басқару және апатқа қарсы автоматиканың болуы. Яғни энергетикалық қауіпсіздік тек "қанша электр станциясы бар?" деген сұрақпен өлшенбейді. Жүйе ірі апаттың алғашқы секундтарында өзін қаншалықты тез тұрақтандыра алатыны да маңызды”, – деп қосты маман.

   Жарық өшсе қаланың қалыпты өмірін қанша уақыт сақтап қала аламыз

Жақып Хайрушевтың айтуынша, техникалық тұрғыдан Қазақстан өзін электр энергиясымен толық қамтамасыз ете алады. Алайда бұл үшін энергетика саласында жоспарланған жобалар уақытында іске қосылуы керек. Сарапшының сөзінше, энергетикадағы әрбір кешігу тікелей қауіпке айналуы мүмкін. Мысалы, электр станциясы немесе желі құрылысы екі-үш жылға кешіксе, бұл жай ғана құрылыс мерзімінің созылуы емес. Ол елде нақты электр тапшылығына әкелуі ықтимал.

“Қазақстан бойынша электр энергиясы бірнеше сағатқа жаппай өшсе, бұл қарапайым апаттан әлдеқайда күрделі жағдай болмақ. Өйткені жарыққа тікелей тәуелді ауруханалар, су жүйелері, байланыс, көлік және басқа да маңызды нысандардың жұмысы бұзылады. Мұндай нысандарда резервтік электр көзі болуы тиіс. Бірақ құжатта генератордың бар болуы оның төтенше жағдайда бірнеше сағат бойы шын мәнінде жұмыс істей алатынын білдірмейді. Сондықтан резервтік жүйелердің қанша уақыт жұмыс істей алатыны, жанармай қорының жеткіліктілігі, аккумуляторлардың жағдайы, генератордың қуаты және оның автоматты түрде қосылуы сияқты мәселелерді іс жүзінде тексеру қажет”, – деп қосты ол.

Маманның пікірінше, Алматыдағы жағдайдан кейін ірі қалалардың маңызды инфрақұрылымына нақты стресс-тест өткізу керек. Мысалы, электр энергиясы бір, үш немесе алты сағатқа өшкен жағдайда ауруханалар, су жүйелері, байланыс пен жол қозғалысын басқару қызметтері қалай жұмыс істейтінін алдын ала тексеру қажет.

“Өйткені энергетикалық қауіпсіздік тек қанша электр станциясы барымен өлшенбейді. Оның шынайы көрсеткіші – жарық өшкен кезде қаланың қалыпты өмірін қанша уақыт сақтап қала алатынында”, – деп қосты Хайрушев.

Орталық Азияда энергожүйе бойынша кім кімге тәуелді?

Жақып Хайрушев Орталық Азия елдерінің энергожүйелері тарихи тұрғыдан бір-бірімен тығыз байланысты екенін алға тартты.

“Қырғызстан мен Тәжікстанда гидроэнергетика маңызды рөл атқарады. Қазақстанда, әсіресе солтүстікте, жылу электр станциялары басым. Өзбекстанда газ және жылу генерациясы үлкен орын алады. Осы елдердің арасында электр энергиясының перетоктары жүреді. Мұндай байланыс бір елде электр тапшылығы пайда болған кезде оны көршілердің теңгеруіне мүмкіндік береді. Бірақ оның кері жағы да бар. Ірі апат бір елмен шектелмей, көрші энергожүйелерге де әсер етуі мүмкін. Мәселен 14 тамыздағы Алматыдағы жағдай осыған мысал. Бұл өзара тәуелділіктің қаншалықты маңызды екенін көрсетеді”, – деді маман.

Сарапшы осы тұста Орталық Азия елдері бір-біріне толық тәуелді болып қалмай, әрқайсысының өзіне жететін генерациясы мен резерві болуы керек екенін жеткізді. Айтуынша, қажет жағдайда көрші елдер бір-біріне көмектесе алатын жүйені сақтағандары дұрыс.

“Бұл Қазақстан үшін әсіресе маңызды. Елдің оңтүстігі Орталық Азияның энергожүйесімен, ал солтүстігі Ресейдің энергожүйесімен байланысты. Екі аймақтың арасында Қазақстанның Солтүстік – Шығыс – Оңтүстік транзиті тұр. Сондықтан Қазақстан үшін ең дұрыс жол – көршілерден оқшаулану емес, өз энергетикалық жүйемізді күшейту. Яғни электр тапшылығын жою, жеткілікті резерв қалыптастыру және өңірлік ынтымақтастықты сақтап қалу қажет. Бастысы – Қазақстан өз азаматтары мен экономикасын электрмен қамтамасыз ету үшін кез келген сәтте көрші елдердегі жағдайға тәуелді болмауы керек”, – деп қорытты ол.

Электр қуатының өшуі

Айта кетейік, бұған дейін 14 тамыз күні сағат 14:30 шамасында Алматының бірнеше ауданының тұрғындары электр қуатының берілуінде іркіліс болғанын хабарлады. Қалада Бостандық, Наурызбай, Әуезов және Алатау аудандарындағы тұтынушылардың электр қуатынан ажыратылғаны ресми түрде расталды.

Алдын ала мәлімет бойынша, Алматыдағы электр қуатының жаппай үзілуіне KEGOC АҚ-қа тиесілі 500 кВ магистральдық электр беру желілерінің апатты жағдайда ажыратылуы себеп болған.

Қалада байланыс жүйесінде іркілістер болып, жолдардағы қозғалыс қиындады, кейбір бағдаршамдар жұмыс істемей қалды. Алматы метросы да жұмысын тоқтатып, жолаушыларды эвакуациялау сәті түсірілген видео тарады.

Электр қуатының өшуіне байланысты қала тұрғындары қалалық инфрақұрылым жұмысының бұзылғанын, соның ішінде әуежай жұмысында да қиындықтар болғанын хабарлады.

Гүлсезім Мұхатай
Сәрсенбі, 19 Тамыз, 2026 10:46