Қазақстанның БРИКС елдерімен байланысы жаңа экономикалық мүмкіндіктерге жол ашады
БРИКС елдерімен ынтымақтастық Қазақстанның сыртқы экономикалық байланыстарын кеңейтіп, жаңа нарықтарға шығуға, инвестиция мен технология тартуға мүмкіндік беретін маңызды бағыттардың біріне айналып келеді. Қазақстан БРИКС аясында сауда-экономикалық байланыстарды дамыту, транзиттік әлеуетті арттыру және жасанды интеллект саласындағы әріптестікті күшейту мәселелеріне ерекше мән беріп отыр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев БРИКС плюс форматындағы пленарлық отырысында сенім, тұрақтылық және көпжақты ынтымақтастықтың маңызын атап өтіп, экономикалық байланыстарды әртараптандыруға бағытталған бірқатар бастама ұсынды. Оның ішінде өнеркәсіп, энергетика, аса маңызды минералдар, ауыл шаруашылығы, көлік-логистика және жасанды интеллект салаларындағы жұмыстарды кеңейту мәселелері бар.
Президенттің осы бастамалары Қазақстанның экспорттық әлеуетін арттыруға, өңделген өнім үлесін көбейтуге және жаңа технологиялық бағыттарды дамытуға жол ашады. БРИКС елдерімен экономикалық ынтымақтастықтың перспективалары мен Қазақстанның көпвекторлы саясатының мүмкіндіктері туралы экономист Бауыржан Ысқақ пікір білдірді.
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев “БРИКС плюс” форматындағы пленарлық отырысында сөйлеген сөзінде жаһандық тұрақтылық пен мемлекеттер арасындағы сенімді қалпына келтіру мәселесіне ерекше мән берді. Қазақстанның осы ұстанымы қазіргі күрделі геосаяси жағдайда еліміздің сыртқы саясаттағы рөлін қалай күшейтіп отыр?
– Қазақстанның қазіргі сыртқы саясаттағы басты бағыты – ашық болу. Олардың арасында тиімді диалог құра алатын мемлекет болу деп ойлаймын. Бүгінгі геосаяси текетірес күшейіп тұрған кезде Президенттің сенім, тұрақтылық және көпжақты ынтымақтастыққа негізделген ұстанымы Қазақстанның бейбіт әрі конструктивті ел ретіндегі имиджін одан әрі күшейтеді. Қазақстан бір жағынан Ресеймен, Қытаймен, Орталық Азия елдерімен тығыз байланысты болса, екінші жағынан Еуропа, Таяу Шығыс және басқа да экономикалық орталықтармен қарым-қатынасын дамытып келеді. Сондықтан біздің сыртқы саясаттағы басты капиталымыз – географиялық орналасуымыз ғана емес, мемлекеттермен диалог жүргізе алатын сенім капиталымызды дамытуға басымдық берілуі.
– Мемлекет басшысы БРИКС елдерімен сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды әртараптандыруға басымдық беріп, өнеркәсіп, энергетика, аса маңызды минералдар және ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу бағыттарын атады. Бұл тәсіл Қазақстан экономикасына қандай жаңа мүмкіндіктер ашуы мүмкін?
– Жалпы, БРИКС елдерімен экономикалық байланыстарды кеңейтуге мүмкіндік мол. Бұл ретте Қазақстан үшін ең маңыздысы – еліміздің бәсекелік артықшылықтары бар бағыттарды дамыту және дайын өнім шығаруға басымдық беру.
Мысалы, астықты тек шикізат ретінде экспорттамай, оны макарон және басқа да дайын тағам өнімдеріне дейін өңдеуге болады. Сол сияқты минералды шикізатты экспорттаумен шектелмей, одан жоғары технологиялық өнім өндіруге инвестиция тарту қажет. Яғни, БРИКС Қазақстан үшін жаңа нарықтарға шығумен қатар, технология мен капитал тартуға және өндірістік ынтымақтастықты дамытуға мүмкіндік беретін маңызды бағыт болуы мүмкін.
— Қазақстанның БРИКС елдерімен тауар айналымы былтыр 72 миллиард долларға жуықтаған. Осы көрсеткішті ескере отырып, Президенттің БРИКС-пен экономикалық ынтымақтастықты кеңейту жөніндегі ұстанымын Қазақстанның экспорттық әлеуетін арттыру тұрғысынан қалай бағалайсыз?
— Экспорт әлеуетінің артуы және Қазақстан мен БРИКС елдері арасындағы тауар айналымының 72 миллиард долларға жуықтауы экономикалық байланыстардың ауқымды екенін көрсетеді. Дегенмен бұл жерде тауар айналымының көлемімен қатар, оның сапасына да назар аудару маңызды. Егер экспорттың басым бөлігін шикізат құраса, негізгі міндет – экспорт құрылымын өзгертіп, өңделген және қосылған құны жоғары өнімдердің үлесін арттыру.
Бұл ретте ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу, мұнай-химия өндірісін дамыту, металды машина жасау саласында пайдалану, сондай-ақ цифрлық қызметтерді экспорттау сияқты бағыттарға басымдық берген жөн.
Сондықтан БРИКС елдерімен экономикалық байланыстар Қазақстан үшін экспорт көлемін ұлғайтуға ғана емес, экспорттың қосылған құнын арттыруға және оның құрылымын әртараптандыруға мүмкіндік беретін маңызды бағыт болып саналады.
– Президент Қазақстанның Еуразиядағы транзиттік әлеуетін БРИКС елдерімен ынтымақтастықтың маңызды бағыттарының бірі ретінде көрсетті. Транзит көлемін 100 миллион тоннаға дейін жеткізу мақсаты мен Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту Қазақстанның өңірлік логистикадағы позициясына қалай әсер етеді?
– Транскаспий бағыты бойынша тасымалданатын жүк көлемін арттыру – Қазақстанның көлік-логистикалық әлеуетін дамытудағы маңызды міндеттердің бірі. Қазақстанның басты экономикалық артықшылықтарының бірі – Еуропа мен Азияның арасындағы тиімді географиялық орналасуы. Егер транзит көлемін 100 миллион тоннаға жеткізу мақсаты жүзеге асса, Қазақстан Еуразиядағы ірі логистикалық хабтардың біріне айналу мүмкіндігіне ие болады.
Бұл ретте Транскаспий халықаралық көлік бағыты аталған стратегияның маңызды бөлігі саналады. Алайда көлік инфрақұрылымын дамыту теміржол мен порттардың өткізу қабілетін арттырумен шектелмейді. Шекарадан өту уақытын қысқарту, кеден рәсімдерін цифрландыру, тарифтерді үйлестіру және заманауи логистикалық орталықтар құру да маңызды.
Сонымен қатар көлік дәлізінің дамуы логистика, қойма, құрылыс, қаржы және сервистік қызметтер сияқты ілеспе салалардың өсуіне серпін береді. Осылайша, Транскаспий бағытын дамыту Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттырып, жаңа экономикалық мүмкіндіктер қалыптастырады.
– Қасым-Жомарт Тоқаев БРИКС плюс аясында жасанды интеллект саласындағы серіктестікті іске қосуды, ұлттық ЖИ орталықтарын, зертханалар мен ғылыми жобаларды біріктіруді ұсынды. Бұл бастама Қазақстанның технологиялық және цифрлық дамуындағы Президент белгілеген стратегиялық бағыттың тиімділігін қаншалықты арттыра алады?
— Бұл бастама Қазақстан үшін өте маңызды, себебі жасанды интеллект тек IT саласына қатысты бағыт емес. Ол экономиканың барлық секторына әсер етіп, біртіндеп жаңа өндірістік факторға айналып келеді.
Қазақстан үшін БРИКС елдерінің ғалымдарымен, ғылыми орталықтарымен, зертханаларымен және университеттерімен бірлескен жобаларды дамыту маңызды. Мұндай ынтымақтастық озық технологияларды меңгеруге, ғылыми әлеуетті арттыруға және жасанды интеллектіні Қазақстан экономикасының тиімді құралдарының біріне айналдыруға мүмкіндік береді.
Мысалы, жасанды интеллектіні ауыл шаруашылығында өнімділікті болжау, өнеркәсіпте өндірістік процестерді оңтайландыру, денсаулық сақтау саласында тәуекелдерді бағалау, мемлекеттік басқаруда қызмет көрсету сапасын арттыру үшін қолдануға болады. Сондықтан Қазақстан үшін басты міндет – жасанды интеллектіні енгізумен қатар, оны экономиканың орнықты дамуына және жаңа бизнес бағыттарын қалыптастыруға мүмкіндік беретін тиімді құралға айналдыру.
– Мемлекет басшысы Қазақстанның сыртқы саясатының негізгі ұстанымдарын егемендік, мүдделер теңгерімі және ортақ жауапкершілікке негізделген көпполярлық жүйемен байланыстырды. Осы ұстаным Қазақстанға бір мезетте ірі державалармен сындарлы диалог жүргізіп, экономикалық мүдделерін ілгерілетуге қандай мүмкіндік береді?
– Көпполярлы әлем жағдайындағы Қазақстанның ұстанымы – сыртқы экономикалық саясаттағы маңызды қағидалардың бірі. Қазақстан үшін бір ғана экономикалық немесе геосаяси бағытқа басымдық беруден гөрі, әртүрлі серіктестермен өзара тиімді байланыстарды дамытып, мүдделер теңгерімін сақтау маңызды.
Мысалы, бір елмен сауда-экономикалық байланыстарды дамытсақ, басқа мемлекеттен инвестиция, технология немесе транзиттік мүмкіндіктер тарта аламыз. Бұл көпвекторлы саясаттың экономикалық мәнін көрсетеді. Яғни Қазақстан үшін әр бағыттағы ынтымақтастық елдің ұлттық мүддесіне сәйкес келетін нақты нәтижелерге бағытталуы қажет.
Сондықтан Қазақстанның сыртқы саясатындағы негізгі бағдар – белгілі бір тарапты таңдауға емес, ұлттық мүддеге тиімді шешімдерді қалыптастыруға негізделеді. Қазіргі жағдайда еліміздің басты стратегиялық міндеттері – егемендікті нығайту, экономикалық тұрақтылықты арттыру және көпжақты дипломатияны одан әрі дамыту.