Елена Рыбакина WTA әлемдік рейтингінде ресми түрде көш бастады
Қазақстанның әйелдер арасындағы жекелей сындағы бірінші ракеткасы Елена Рыбакина Әйелдер теннис қауымдастығының (WTA) әлемдік рейтингінде ресми түрде көш бастады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қазақстан Теннис федерациясының мәліметінге, Рейтинг жаңартылғаннан кейін қазақстандық теннисшінің еншісінде 9901 ұпай бар.
Рыбакина рейтингте екінші орыннан бірінші орынға көтеріліп, 7875 ұпаймен екінші орында тұрған Арина Соболенконы басып озды. Теннисшілер арасындағы ұпай айырмашылығы – 2026 ұпай. Үздік үштікті 7265 ұпай жинаған америкалық Джессика Пегула түйіндеді.
“Нью-Йоркті күн өткен сайын бұрынғыдан да қатты жақсы көріп келемін. Маған қолдау көрсеткен баршаңызға рақмет! Бұл – мен ешқашан ұмытпайтын сәт”, – деп жазды Елена.
Айта кетейік, Қазақстанның әйелдер арасындағы жекелей сындағы бірінші ракеткасы Елена Рыбакина 2026 жылғы АҚШ ашық чемпионатының жеңімпазы атанды. US Open турнирінің финалдық кездесуінде қазақстандық теннисші Беларусь өкілі Арина Соболенкомен кездесті. Кездесу Рыбакинаның жеңісімен аяқталды — 6:4, 5:7, 6:2.
Теннисшілер кортта 2 сағат 23 минут өткізді. Осы уақыт ішінде Елена 12 эйс жасап, бес қос қателікке жол берді және 12 брейк-пойнттың үшеуін сәтті пайдаланды. Осылайша, Рыбакина мансабында алғаш рет US Open чемпионы атанды.
Нью-Йорктегі бұл титул Елена үшін жекелей сында "Үлкен дулыға" турнирлеріндегі үшінші чемпиондық атақ болды. Қазақстандық теннисші осы санаттағы алғашқы жүлдесін 2022 жылы Уимблдонда жеңіп алды. 2026 жылдың басында Рыбакина Australian Open чемпионы атанса, енді өз жүлделер топтамасын АҚШ ашық чемпионатының титулымен толықтырды.
Қазақстанға 12 жылдық мектеп керек пе: Назарбаев зияткерлік мектептеріндегі оқу мерзімі қысқарса, не өзгереді
