Халық Кеңесінің төрағасы Ақмола облысында қоғам өкілдерімен мемлекет басшысы Жолдауының негізгі басымдықтарын талқылады
Қазақстан Халық Кеңесінің Төрағасы Ерлан Қошанов Ақмола облысына жұмыс сапары барысында қоғам өкілдерімен, еңбек ұжымдарымен, ғылыми-сарапшылық қауымдастықпен және этномәдени бірлестіктер өкілдерімен кездесті. Кездесулердің негізгі тақырыбы Мемлекет басшысының "Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері" атты Жолдауының негізгі бағыттарын түсіндіру және оларды өңірде іс жүзінде жүзеге асыру жолдарын талқылау болды.
Мемлекет басшысының Жолдауы – Қазақстанның жаңа тарихи кезеңдегі даму бағытын айқындайтын стратегиялық маңызы бар құжат. Онда елдің экономикалық әлеуетін нығайту, терең технологиялық жаңғыру және азаматтардың әл-ауқатын арттыру жөніндегі ауқымды міндеттер белгіленген. Оларды іске асыру Қазақстанның болашағы үшін айрықша маңызға ие және мемлекет пен қоғам күш-жігерінің бірігуін, сондай-ақ өңірлердің белсенді қатысуын талап етеді.
Кездесуге қатысушыларға арнаған сөзінде Ерлан Қошанов аталған міндеттерді жүзеге асыруға берік негіз соңғы жеті жылда жүргізілген ауқымды өзгерістердің нәтижесінде қалыптасқанын атап өтті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде саяси және экономикалық реформалар бірізді жүзеге асырылып, әлеуметтік инфрақұрылым жаңартылуда. Осы кезеңде мыңдаған мектеп, балабақша және медициналық мекеме салынды. Жалпы, әлеуметтік салаға 88 трлн теңге бағытталды. 3,6 млн жұмыс орны құрылып, шағын және орта бизнесте жұмыспен қамтылғандар саны 3,3 млн-нан 4,5 млн адамға дейін өсті.

Халық Кеңесінің Төрағасы реформалардың нәтижелері қатарында жеті жыл ішінде жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнімнің 9,8 мың доллардан 15 мың долларға дейін, яғни 50 пайыздан астам өскенін атап өтті. Бұл көрсеткіш бойынша Қазақстан Орталық Азияда жетекші орындарға ие. Оның бағалауынша, саяси және экономикалық жаңғыру елімізге қысқа мерзім ішінде елеулі нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік берді.
Сонымен қатар, бұл өзгерістер пандемия, әлемдік экономиканың тұрақсыздығы және геосаяси шиеленістің күшеюі сияқты күрделі сыртқы сын-қатерлер жағдайында жүзеге асырылды. Соған қарамастан, Қазақстан қоғамның қолдауына және халықаралық деңгейде мойындауға ие болған реформаларды жалғастырды. Атап айтқанда, әлемдегі ең ықпалды елдер рейтингінде Қазақстан 100 мемлекеттің ішінде 34-орынға ие болды.
Жалпыұлттық реформалардың нәтижелері Ақмола облысының дамуынан да көрініс табуда. Өңір еліміздің жетекші өнеркәсіп орталықтарының бірі ретіндегі позициясын нығайтып, "жасыл" энергетиканы дамытып, жеке инвестицияларды тартуда және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге елеулі үлес қосуда.
Оң өзгерістердің нақты мысалдарының бірі – енгізілуі қылмыс деңгейінің екі есеге жуық төмендеуіне ықпал еткен Digital Aqmola цифрлық қауіпсіздік жүйесі. Сондай-ақ Зеренді ауылындағы спорт мектебі мен Көкшетау қаласындағы "Kokshe Arena" кешені сияқты жаңа әлеуметтік нысандарға ерекше назар аударылды. Олар мемлекет қайтарған заңсыз шығарылған қаражат есебінен салынған. Бұл – Әділетті Қазақстан қағидаттарының нақты істер арқылы жүзеге асырылуының айқын көрінісі.
Ел дамуының алдағы басымдықтары туралы айта келе, Ерлан Қошанов тұрақты экономикалық өсім саяси жаңғырумен және қоғамдық қатынастарды жаңартумен тығыз байланысты екенін атап өтті. Бұл бағыттағы маңызды кезеңдердің бірі – Жаңа Конституцияның қабылдануы. Ол бірізді жүргізілген өзгерістердің заңды нәтижесі болды.

Оның айтуынша, озық елдердің тәжірибесі білім, еңбек, адалдық пен тәртіп тұрақты дамудың негізі екенін көрсетеді. Президент ілгерілетіп отырған Заң мен тәртіп, Адал азамат және Таза Қазақстан құндылықтары да осы бағдарлармен тығыз байланысты. Оларды қоғамдық сана мен күнделікті өмірге орнықтыру Қазақстанның әлемнің жетекші елдері қатарынан лайықты орын алуына мүмкіндік береді.
Кездесу барысында Мемлекет басшысының Жолдауында қойылған стратегиялық міндеттерге ерекше назар аударылды. Олар ел дамуының негізгі салаларын қамтиды және ұзақ мерзімді перспективаға бағытталған. Әңгіме Қазақстанның алдағы ондаған жылдардағы экономикалық және инфрақұрылымдық келбетін айқындайтын ірі ұлттық жобаларды іске асыру туралы болып отыр.
Олардың қатарында – "Халықтық құрылыс" жобасы, елдің көлік-логистикалық әлеуетін дамыту және мемлекеттің энергетикалық тәуелсіздігін нығайту бар. Бұл бастамаларды іске асыру экономикалық өсімнің қосымша көзіне айналып, айтарлықтай мультипликативтік әсер береді. Олар сабақтас салалардың дамуына серпін беріп, материалдарға, жабдықтарға, көлік және басқа да қызметтерге деген қосымша сұранысты қалыптастырады. Бұл бүкіл ел бойынша ірі компаниялар үшін ғана емес, мыңдаған шағын және орта кәсіпорындар үшін де жаңа мүмкіндіктер ашады.
Жолдауда айқындалған тағы бір стратегиялық бағыт – халықтық цифрлық экономиканы қалыптастыру. Халық Кеңесінің Төрағасы атап өткендей, басты міндет – жаңа технологияларды енгізумен ғана шектелмей, олардың әрбір азамат үшін қолжетімді болуын қамтамасыз ету. Цифрлық платформалар адамдардың экономикалық мүмкіндіктерін кеңейтетін құралға айналуы тиіс. Олар ауыл тұрғындарына жаңа нарықтар мен өзге қалалардағы клиенттерге қол жеткізуге, ал жастарға туған жерінен кетпей-ақ қашықтан білім алып, жұмыс істеп, табыс табуға мүмкіндік береді. Осылайша, цифрландыру азаматтардың тұрғылықты жеріне қарамастан, өзін-өзі жүзеге асыруы үшін тең мүмкіндіктер қалыптастыруға бағытталған.

Ерлан Қошанов Жолдаудың әлеуметтік басымдықтарына да жеке тоқталды. Ол барлық реформалардың басты назарында адам, оның әл-ауқаты мен өмір сүру сапасы тұрғанын атап өтті. Сондықтан ауқымды экономикалық және технологиялық міндеттерді шешу азаматтардың күнделікті өмірінде сезілетін нақты нәтижелерге бағытталуы тиіс.
Атап айтқанда, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету саласы мамандарының жалақысын 40 пайызға дейін арттыру көзделген. Ең төменгі жалақыны 85 мың теңгеден 110 мың теңгеге дейін көтеру жоспарланып отыр. Бұл 1,8 миллионға жуық азаматтың табысын арттыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ инклюзивті білім беруді дамытуға ерекше көңіл бөлінді. Өйткені бұл шешімдердің артында ерекше жағдайлар мен қолдауды қажет ететін мыңдаған бала мен отбасының мүддесі тұр.
Сонымен қатар, кездесулерде атап өтілгендей, президенттік бастамаларды табысты іске асыру халықпен тұрақты кері байланыссыз мүмкін емес. Сондықтан бар болғаны бір ай бұрын жұмысын бастаған Қазақстан Халық Кеңесі өз қызметін өңірлерде халықпен тікелей диалог орнатудан бастады. Мұндай кездесулер жүргізіліп жатқан реформаларды түсіндіруге ғана емес, азаматтардың нақты сұраныстарын тыңдауға, шешімдер қабылдау барысында қоғам өкілдерінің ұсыныстарын ескеруге де мүмкіндік береді.
Сапар аясында Ерлан Қошанов пен Халық Кеңесінің мүшелері, оның ішінде Вера Ким, Нұртөре Жүсіп және Алена Малькова-Солопова орман шаруашылығы қызметкерлерімен, Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің студенттерімен, профессор-оқытушылар құрамымен, сондай-ақ облыстың этномәдени бірлестіктерінің өкілдерімен кездесулер өткізді. Шараға қатысушылар Жолдауда белгіленген міндеттерге қатысты өз көзқарастарын білдіріп, өзекті мәселелерді көтерді және оларды іске асыру бойынша нақты ұсыныстарын ортаға салды.

Сондай-ақ Халық Кеңесінің мүшелері Digital Aqmola орталығының, "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы аясында ашылған № 20 мектеп-гимназияның және Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының жұмысымен танысты. Аталған нысандарға бару өңірде жүзеге асырылып жатқан бастамалардың нәтижелері мен тұрғындардың қажеттіліктерін сол жерде талқылауға мүмкіндік берді.
Сапарды қорытындылай келе, Ерлан Қошанов келіп түскен барлық ұсыныстар мен өтініштердің жүйеленіп, Ақмола облысының ерекшеліктері ескеріле отырып, жұмысқа қабылданатынын атап өтті. Өңірлермен тікелей өзара іс-қимыл Мемлекет басшысының бастамаларын іс жүзінде жүзеге асыруға жәрдемдесудегі Халық Кеңесі қызметінің негізгі тетіктерінің бірі болып қала береді.
Қазақстандық ер адам желідегі пікірі үшін қамауға алынды: Ол аккаунт жалған екенін айтып отыр